17 шіл, 2017 сағат 06:00

Қазақша сөйлеу қашан сәнге айналады?

Бүкіл әлемде мынандай құбылыс бар: өзге тілде сөйлей білу – бұл мода!.. Әсіресе, ағылшын тілінде сөйлеу! Ағылшын тілінің әлем халқы арасында мода-тілге айналғаны қашан. Тіпті Жапонияның өзінде кірме сөздер мен жапон тілінің араласқан түрі гайриго тілінде жастардың сөйлеуі басым үрдіс алып келеді. Мұндай үрдістер, оқиғалар тарихта жетіп-артылады. Француз тілі әлемде үш ғасыр бойы билік еткен тұста орыс қауымы, орыс ақсүйектері үшін француз тілінде сөйлеу бұл нағыз «мода, сәнді», тілдік тренд еді. Кеңес кезінде қазақ жастарының орыс тілінде сөйлеуі де «мода» болатын. Демек, мода жетілгендік, өркениетке жақын, заманауи болу.

Қазақстанда дәл осы қазақ тілі мода-тілге (тілге мода жасау) айналмай отыр, әсіресе, жастар арасында қазақ тілі «сәнді» тілге айналса, керемет болатын еді. Қоғамда бұл тақырып көп айтылады, кезіндегі Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед те айтқан еді: "Қазақ тілі – болашағы зор тілге, мода тілге айналуы керек, әсіресе, жастар арасында. Бірақ қоғамда қазақ тілін мұндай дәрежеге көтеруге арналған бастамалар, қозғаушы күштер бар, қалыптасып келеді. Тілдің модаға айналуының екі жағы бар: бірі – тілді модаға айналдыру, екіншісі – тілдің сәнді түрін қалыптастыру. Біздің қоғам сол екінші жақты жандандыру мақсатында жұмыс жасап жатқан тәрізді. Біз радикалды, қоғамға еш қажеті жоқ деп бағалайтын андграунд ағымдардың бірі – хип-хоп – рэп жанрының да қазақы өкілдері – қазақ рэперлері қазақ тілін дамыту үшін осынау рэпті бастадық және бұл қазақ рэпін қалаймыз да" дейді.

Қазақ тілінің дамуына тікелей қатысы бар бір сала – шоу-бизнес. Қазір спорт, түрлі телеқойылымдар, концерттік бағдарламалар халықты баурап аларлық қасиеті бар шоу-бизнеске айналды. Қазақтың үлкен-кішісі күйбең тіршіліктен қолдары қалт еткенде түрлі шоуларды тамашалайды. Осы бағдарламаларды көру арқылы көрермен мен тыңдарманның тілдік бағыты қалыптасады» (Жомарт Жеңіс шығыстанушы). Шоу-бизнес нағыз мода-тілді қалыптастырып бере алады. Қазір шоу-бизнес біртекті қазақ тіліне көше бастаған тәрізді. Қазақстандағы шоу-бизнес қазақстандық шоу-бизнес және қазақ шоу-бизнесі болып бөлініп кеткен. Мұндай үрдіс Ресейде де бар, алайда Қазақстандағы сияқты емес, мұнда тілдік барьер факторы себебінен бөлінген емес.

Сонымен қазақстандық шоу-бизнес қазақ тіліне көше бастады дедік, ал қазақ шоу-бизнесі онсыз да қазақ тілінің қатарында. Мәселен, Қазақстан шоу-бизнесінде алғашында орыс тілінде ән шырқауды бастаған топтар біртіндеп қазақ тілінде де ән айта бастады, ал көптеген топтар екі тілде де ән айтады. Cебебі аудиторияны, интернет контентті, тыңдарман континуумды жаулаудың амалы. Орыс тілінде ғана айтатын топтар жоғалып кетіп отырды не екі тілде өнер көрсететін болды. Мұның барлығы қазақ тілінің мода-тілге, сәнді тілге айналуына үлкен әсер етеді. Тіпті, италиялық Сон Паскальдың қазақ тілінде ән айтуы, «Көзімнің қарасын», «Қазақ болсам» әндерін айтуы қоғамды біраз шулатып тастаған еді: бірі бұған оң баға берсе, бірі кезекті пиарға балап жатты. Антон Самойлов та «Сүйем сені ғана» әнін орындау арқылы танылған еді.

Одан кейін жастар тыңдайтын көптеген музыка жанрларында эксперименттер болып жатыр. 2000 жылдардың басында бүкіл әлемде ешқандай аналогы жоқ музыкалық жаңалық әкелген Қ.Болманов та қазақ фольклоры негізінде шоу этнороктың синтезін жасаған еді. Құрманғазының қасиетті күйі бүкіл әлемді бір ырғаққа түсіріп, бір демге иітті. Фольк-рокты, жалпы, Қазақстанға алғашқылардың бірі болып әлемдік суб-өнер жанрларына тәжірибе жасаған таланттылардың бірі «Үркер» тобы болды. Сол «Үркер» тобы жастардың да, ересек адамдардың да арасында тыңдармандар жинай алды. Ал «Үркер» тобының әншілері – Айдос Сағат, Нұрлан Албан – топтың құрылуын қазақ тілін мода-тілге айналдыруды мақсат етуімен түсіндірді. «Әлемде музыка жанрларының өте көп түрі бар, тіпті, қанша адам болса, сонша музыка жанры бар десе де болады. Ал музыканың фольклорлық жанр бағыттары әлемде қызығушылық сипатқа ие болды, сондықтан да біз де осы бағытты таңдадық. Қалалық жастардың тұтынатындай дүниесі болуы керек еді, біз соны жасадық, демек, қазақ тілін модаға айналдыруға кірістік», – дегенді айтады. Мәселен, атақты «Битлз» бүкіл әлемге танылғанда әр әлем жастары «Битлзға» еліктеп, ағылшын тіліне қатты қызыға, үйрене бастаған, осылайша ағылшын тілі осы топтың арқасында тараған көрінеді.

Сол тәрізді біздің қазақы өнерде көптеген тәжірибелер болып жатыр. Академиялық өнерге заманауи жанрларды лайықтау, синтездеу де қатар жүріп жатқан құбылыс. Мәселен, этно-рок, фольк-рок (фольклор-рок), этно-рэп, этно рэп R’n’B тәрізді этникалық өнерді қолдаған жанрлық бағыттар мен ағымдар бар. Бұл бағыттардың барлығы бізде бар: электронды домбыраны жалғыз ғана қолданып жүрген «Алдаспан» тобы – этно-рок бағытында, «Ұлытау» – этно-рок әрі фольк-рок бағытында, ал R’n’B қолданушы Ерболат Құдайбергенов – этно рэп R’n’B бағытын жасап жүр. Сол сияқты бізде этно-рэпті де қалыптастырушы топ бар, ол – «Жамағат про» продюсерлік орталығы, онда Жақау есімді тамаша рэпер этно-рэп жасауда. Біздіңше, мұның барлығы қазақ тілінің сәнді тілге айналуына көмектеседі. Бұл жанрлар жастар арасында кең сұранысқа ие. Тіпті кей рэперлердің айтуынша, діни сектанттардың өздері рэперлерге мәндеріне өздеріне қатысты мәліметтерді қосуын сұрайды екен. Түсінікті жайт: діни секталар да бұл жанрлардың жастар арасында кең екендігін түсініп, жастарды, ал түбінде халықты рухани жаулап алу үшін өздерінің танымын тықпалайды. Демек, бұл жанрлар жастар арасында қолданысқа ие екен, бұл құрал арқылы қазақ тілінің өрісін арттыруға, оның мода-тілге айналуына себепкер қылуда толықтай қолдануға болады ғой. Қазақ рэперлері дәл осы жолда жұмыс жасауда.

Белоруссияда белорусь тілінің қолданысын арттыру үшін журналисттер көптеген ток-шоулар дайындау арқылы іске кірісіп жатыр. Олар толықтай мұны түсінді, халықты тілге үйретудің тиімді жолдарының бірі – шоу-бизнес.

Одан кейін жастар тіліне әсер ететін бұл геймер бағыты. Жақында Қазақстанда ұлттық нақыштағы ойын өнімі «Nomads» браузерлік ойыны шықты. Ойын қазақ және орыс тілдерінде берілген. Ойынды www.Nomads.kz сайтында тіркеліп ойнауға болады. Біздіңше, бұл да жастар тілін қалыптастыруға үлкен әсер етеді, өз кезегінде қазақ тілін мода-тілге айналдыруға да.

Қазақ тілін модаға айналдырар тағы бір жол – кинофильм. Қазақ тілінің жастар арасында стиль-тілге айналуын барынша жүргізген дұрыс. Байқасақ, қазақ кинофильмдерінде орын алатын қостілділік тек қана орыс тілінің ғана пайдасына шешіліп отырған жоқ, сонымен қатар қазақ тілінің де пайдасына үлес қосып отыр. Заманауи фильмдерді қазақ тілінде де жасауға болатынын осынау фильмдердегі қазақ тілінің қолдануынан-ақ аңғаруға болады. Сонымен қатар, голливудтық фильмдердің қазақ тіліне аударылуы да қуанышты жағдай. 2011 жылдан бері «Walt Disney/Pixar» және «Columbia Pictures» голливуд киностудияларымен бірге жұмыс жасаудың арқасында бүгінде голливудтық 11 фильм аударылған: «Көліктер-2/Тачки-2», «Қара киімділер 3/Люди в чёрном 3», «Жаңа Өрмекші адам/Новый человек-паук», «Батыл жүрек/Храбрая сердцем», «Жалғыз рейнджер/Одинокий рейнджер», «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат», «Стражи Галактики/ Галактика сақшылары», «Малефисента/Малефисента», «Золушка/Күлбике», «Мстители: Эра Альтрона/ Кек алушылар: Альтрон дәуірі». Кинотеатрларда дәл осы фильмдерге деген сұраныс бар. Қарапайым ғана мысал, «Жаужүрек мың бала» фильмінің қазақша нұсқасын көрермендер қатты сұрағаннан кейін кинотеатрлар барлық көрсетілімдерді тек қазақша жүргізді. Мәселен, өткен ғасырдың ортасында Үндістанда да ұлттық тілдің дәрежесін көтеру міндеті қойылған болатын. Сол уақытта Үндістан үкіметі үнді кинематографиясын қолға алып Голливудтың үнді тілінде сөйлеуін жүзеге асырды, нәтижесінде ел ішінде хинди тілін үйренуге деген талпыныс пен үрдіс пайда болды. Міне, біз білмей жүрген кинематографияның құдіреті қандай!..

Әлемдік классика үлгілерінің қазақ тіліне аударылған нұсқасы да қазақ тілінің мода тіл болуына әсер етеді деп ойлаймыз. Бұл кітаптар тізімінде атақты “Властелин колец” (Джон Рональд Руэл Толкиен), “Над пропастью во ржи” (Джером Дэвид Сэлинджер), “Зеленая миля” (Стивен Кинг) тәрізді заманауи ондаған кітаптар бар. Сол тәрізді “Гарри Потер” (Джоан Роулинг), “Шерлок Холмс” (Артур Конан Дойл), “Сумерки” (Стефани Майер) "Приключения Тома Сойера" (Марк Твен), Харуки Мураками, Пауло Коэльоның шығармалары бар. Кезінде қазақстандық ғалымдар Гарри Потерді мектеп бағдарламасына қосуды ұсынған екен. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында барлық әлем классиктерінің шығармалары қазақ тіліне тәржімаланғанын көруге болады.

Мәселен, әлемдік тұлғалардың қазақ тілінде сөйлеуі де қазақ тіліне пиар ғана жасап қоймайды, сонымен қатар қоғамда мода алуына үлес қосады. Д.Медведевтің қазақ тілінде сөйлеуі де біраз қуантып қалған еді. АҚШ елшісі Джордж Кролдың да қазақ тілінде тіл қатуы қоғамды біраз қуантып тастады. Мәселен, өткен ғасырдың 80-жылдарында КСРО бірінші хатшысы М.Горбачев алаңда автокөліктен түсе қалып халықпен көшеде сұхбаттасқан екен. Кеңес басшыларының бірде-бірі бұлай жасамаған көрінеді. Алайда М.Горбачев шешен сөйлейтін адам емес еді, оның үстіне сөздерге дұрыс акцент қоя алмайтын болған. Бірақ осы әрекеті үшін кеңес жұрты Горбачевті қатты жақсы көрген екен. Неміс голкипері Оливер Канның қазақ тілінде тіл қатуы да қуантқан еді. Лидерлердің қазақ тілінде сөйлеуі қазақ тіліне үлкен пиар жасап бере алатын еді, өз кезегінде қазақ тілінің мода-тілге айналуына да әсер етеді. Иван Ургант Абай өлеңін оқыды, себебі Абайдың өлеңі Мәскеу жастары үшін күрес құралына айналған еді, бұл Путинге қарсы толқыныс танытуда қазақтың ұлы ақыны Абайдың өлеңдері орыстардың қазіргі жағдайымен үндейлес екен. Абайды түсінбесе де, олар үшін Абай кезіндегі тілін түсінбеген Байронның өлеңдері тәрізді модаға айналып кете барды.

Қымбат Исламбек