12 қаз, 2016 сағат 08:44

Қазақ жастарын қуғындағандарды мемлекеттік органдар медаль беріп, мақтау қағазымен марапаттаған (Видео)

Қазақ жастарын желтоқсан көтерілісінде қатыгездікпен қуғындаған адамдарға сол кездегі мемлекеттік органдар медаль беріп, мақтау қағазымен марапаттаған. Қыз-жігіттерді сойылмен ұрып, күрекпен  соғып, қан қақсатқан әскерилерді жоғары деңгейлі сый-құрметке бөлеу қаншалықты дұрыс? Қазір қоғамда сексен алтыда берген марпаттарды  қайтару туралы қозғалыс басталды.

Ызғарлы желтоқсанда қарулы жасақтың қыспағына түскен есіл тағдырлар. Қаракөз қарындастың балғын денесіне түскен армарутаның ізі. Қандықол сақшылар шеруге топталып шыққан жігіттерді көк ала қойдай қылып сабап, қыздарды шашынан сүйреп, тегіс жаншып тастады. Намысты қазақ жастары алаңда ғана азап шеккен жоқ, айлап, жылдап қуғын көрді. Ал өндірдей жастардың ойран-топырын шығарған 4000-нан астам адамға ерлігі үшін деп мемлекет тарапынан ресми марапат табысталды. Бұл ненің құрметіне берілген сый?..

22 марапат түрі бойынша жиыны 4169 адам сый-құрметке бөленді. Көрімдіктей үлестірілген кілең Ішкі істер министрлігі мен Жоғарғы кеңестің Құрмет грамоталары, орден-медальдары. Оның әділетсіздік үшін берілгенін уақыттың өзі дәлелдеп берді. "Бұйрық жоғарыдан түсті" деп ақталу арсыздық. Саясаткер Дос Көшім олар бұғып жатып алмай, марапатты қайта тапсырғаны жөн деген үндеу тастап отыр.

 

ДОС КӨШІМ, Саясаткер:

- Бұл басқаларға үлгі болар еді, жастарға. Жаңағы адам құқына қарсы бұйрықтардың бәріне бастық айтты деп, бас изеп орындай бермеңдер. Себебі, ертең алдарыңда зауал болады. Ертең адамдар сұрайды сендер не істеп едіңдер деп.

Айта кетерлігі, 4 мыңның ішінен 37 адам өткен іске өкініп, марапатын қайтарып беріпті. Ал ең бірінші болып Алматыда әскери қызметте болған қырғыз азаматы Талайбек Молдабекұлы Жоғарғы Кеңес грамотасын Мұхтар Шаханов құрған комиссияға жолдапты.

ТАЛАЙБЕК МОЛДАБЕКҰЛЫ, Бұрынғы әскери қызметкер:

- Жазықсыз жандардың қаны жағылған бұл лас затты мен кері қайтарамын. Бұл зат менде сақталуға лайық емес. Мен фашист емеспін, оның үстіне - мәңгүрт емеспін.

МАНАС ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, Тілші:

- Көліктері әрлі-берлі ағылып жатқан бұл алаңның осыдан 30 жыл бұрын ақ қары қанға боялып, Алаштың азаттық жолындағы тағы бір арманы оянған еді. Қазақ жастарын қатыгездікпен ұрып-соғып, жаппай қуғындауға үлес қосып, мемлекеттен мадақ естіп, медаль алғандар марапаттарын ұрпақ алдында ақталып, қайтарып берсе, қоғамдағы әлеуметтік-саяси тұрақтылықтың орнығуына әсер етер еді дейді үндеуді қолдаушылар.

Манас Қайыртайұлы, Думан Сүлейменов

31-арна