28 шіл, 2017 сағат 13:28

Қазақ тілі – мәңгілік елдің жасампазы

Халық тәуелсіздігінің ең басты белгісі – оның ана тілі, ұлттық мәдениеті. Өзінің ана тілі, ұлттық мәдениеті жоқ ел өз алдына мемлекет болып өмір сүре алмайды. Дүниедегі барлық халық тәуелсіздікке ұлттық қадір-қасиетін, мәдениетін, ана тілін сақтап қалу үшін ұмтылады. Сондықтан, қазақ тілінің тарихы әртүрлі кезеңдерді бас­тан кешкен қазақ халқының тарихымен тығыз байланысты. Оның қалыптасуға бет алуы ХІ-ХІІ ғасырлардағы Түрік қағанатының пайда болу кезеңінен басталып, ХV ғасырдағы қазақ хандығы тұсында әбден қалыптасып болған еді. Қазақ тілі тарихы – түркітанудағы күрделі мәселелердің бірі. Әдетте, тіл тарихы ұлт тарихымен сабақтас өріледі.

 Қазақ жұртының Еуразия кеңістігіндегі көне халықтардың бірі екені анық. «Қазақ» аталатын бір тұтас халық ХV-ХVІ ғасырларда қалыптасса да «қазақ» этнонимі ерте замандардан мәлім болған. ХІ ғасырда өмір сүрген ұлы шайыр Фирдоуси шығармаларында «қазақ» сөзі этнос мағынасында қолданылған. Тарихы осылай тереңге тартқан қазақ жұртының тілінің тарихы да қатпарлы дүние. Қазақ тіл білімінің тарихы шартты түрде: а) ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең; ә) ұлттық тіл білімі қалыптасқан кезең болып екіге бөлінеді. Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезең ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ тілінің лексикографиялық жұмыстары қауырт қолға алынып‚ дами бастады. Сондай-ақ, сол кезеңде 40-қа жуық сөздік жарық көрді. Ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кезеңнің өзі: а) қуғын-сүргінге дейінгі кезең (1912-29); ә) қуғын-сүргіннен кейінгі кезең (1930-88) болып екіге бөлінеді. Қазақ тіл білімінің ғылым ретінде қалыптасып, дамуы А.Байтұрсыновтың есі­мімен тығыз байланысты. Оның қазақ тілі оқулығы ретінде жазған «Тіл-құрал» атты еңбегінде, мақалалары мен баяндамаларында тіл білімінің өзекті мәселелері сөз болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ы.Алтынсарин қазақ жазуын орыс графикасына негіздеуге талпыныс жасаса, ХХ ғасырдың басында А.Байтұрсынов қолданылып келген араб графикасын жетілдіре отырып, қазақ жазуына икемдеді. 

Тіл тарихы және диалектология жеке ғылым ретінде қалыптаса қоймаса да, жекелеген мақалаларда тіл тарихы, диалектология мәселелері сөз болады. Мыс., Аймауытовтың «Тіл туралы» («Еңбекші қазақ», 1926, 9 наурыз), «Әдебиет тілі мен емле» («Еңбекші қазақ», 1929, 12 мамыр), Кемеңгеровтің «Қазақша-орысша тілмаш туралы түсінік» («Еңбекші қазақ», 1926, 24 қараша), «Дұрыс па? Бұрыс па?» («Еңбекші қазақ» 1926‚ 10 қараша), т.б. мақалаларында жергілікті тіл ерекшеліктері, кейбір сөздердің этимологиясы сөз болады. ХХ ғ. басында орта мектеп пен педагогикалық училищелерге арналған грамматикалық ғылыми еңбектер, сөздіктер басылып шықты. 1946 жылы Қазақстан ғылым академиясының құрылуы, оның құрамында Тіл және әдебиет институтының ұйымдастырылуы, 1961 жылдан Тіл білімі институтының бөлініп шығуы – қазақ тіл білімінің көптеген мәселелерін шешуге, ғылыми зерттеу жұмыстарының жан-жақты жүргізілуіне, мамандардың көп­теп даярлануына жағдай туғызды. 1920-30 жылдардағы әдеби тілдің жай-күйі, өзіндік ерекшеліктері, жартастағы жазулар, эпиграфиялық ескерткіштер қарастырылды. Осының негізінде «Қазақ тілі тарихы мен диалектологиясы» атты 7 жинақ шықты. Диа­лектологиялық атластар жасалды. Тіл мәдениеті және стилистика саласындағы ір­гелі зерттеулер 1960 жылдан басталады. 1969 жылы Тіл білімі институтының жанынан Тіл мәдениеті бөлімі құрылғаннан кейін зерттеулер жүйелене түсті. Фольклор тілі, көркем әдебиет тілі 1970 жылдан бастап зерттелді.  1991 жылдан кейінгі қазақ тіл білімінің негізгі бағыттары: жалпыхалықтық тілдің, оның ішінде, әдеби тілдің тарихын жасау, Қазақстан аумағындағы түрлі ұлт тілдерінің өзара әсерін, қостілділік, көптілділік барысын зерттеу, жеке жазушылардың сөздігін жасау, қазақ тілінің тарихи грамматикасын жазу, диалектологиялық атлас жасау, тілдің дыбыстық жүйесін тәжірибелік тұрғыда зерттеу, шет ел сөздерінің сөздігін жасау, әртүрлі ғылым салаларына байланысты толық атаулық сөздіктер шығару, лексикография теориясындағы мәселелерді шешу, көркем әдебиет, фольклор тілін, тіл мәдениеті мен стилистика мәселелерін дамыту, қазақ тілінің дыбыс жүйесін синхрония және диахрония тұрғысынан құрылымдық, математика, линг­вистиканы әдістер арқылы жан-жақты зерттеу болса, бүгінгі таңда іске асып жатыр.

Басқа түркі тілдерімен салыстырғанда, сөздік қоры жөнінен қазақ тілі – ежелгі таза қалпын сақтап келе жатқан тілдердің бірі. Қалыптасудың барлық сатыларын бастан кешірген ана тіліміз – мейлінше жетілген ұлттық тіл. Ежелгі бабаларымыздың тарихы, ше­жіресі және түрлі әдеби мұралары бүгінгі ұрпаққа өзіміздің осы ана тіліміз арқылы жетіп отыр. Өткен ғасырда қазақтың бас бостандығы үшін күресіп, құрбандығы болған қайраткеріміз Жүсіпбек Аймауытов: «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына» – деген екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген тұжырымдаманы үнемі айтып келеді. Қазақ тілі мәселесі мемлекеттік деңгейге көтерілген кейінгі жылдары бұқара жұртшылық та ана тілі үшін белсенділік танытуда. Бүгінде елімізде ұлтты ұйыстыру мен халықты біріктірудің бас­ты факторына айналып отырған – мемлекеттік тіл екендігі баршамызға белгілі. Ең бастысы, бүгінгі жаңа қоғам, жаңа дәуірде қазақ тілінің қажеттілігі орныға бастады. Мемлекеттік тілді білу, оны меңгеру уақыт талабына айналды.

Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданып, оны іске асыруда облыстық, аудандық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламада мемлекеттік қызметте, қоғамдық-саяси және әлеуметтік-кәсіпкерлік саласының барлық бағыттарында мемлекеттік тілді батыл қолданысқа енгізу көзделген. Елбасымыз өзінің «Қазақстан-2050 стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауында тіл жөнінде: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөнінде кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деген болатын. Бүгінгі жаһандану заманда идея құнды, бірақ оны жүзеге асыру әрбір қазақ халқының мәңгілік міндеті екені айқын. Бұл бүгінгі аға буын мен келер буынға жүктелген жүк. Балаларымызға, немерелерімізге ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, еліміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін қалдыру тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының берік  қалануының белгісі болмақ. 

Ұрпақ тәрбиесінің маңызына қазақ  зер  салып, оған ерекше мән берген. Елбасымыз әр жылғы Жолдауларында ұдайы тілге тиек етіп келеді. «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын да Н.Ә.Назарбаев қазақ тілі туралы өзінің өте кең көлемдегі ойын жеткізіп айтты. Ал, ел мен тіл – егіз ұғым. Мәңгілік сөзі бабалардан мирас болып келе жатқан мәңгі өлмейтін қазынамыздың бірі – ана тілімен де тығыз байланысты. Олай болса, мәңгілік елдің онымен қатар жасап, бірге дамитын мәңгілік тілі болуы да шарт. Біздің мәңгілік, мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қол­да­натын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемле­кеттік тілде болуы тиіс. Өйткені, өрке­ниетті құлаш ұратын елдің өрісі қашанда білікті де, саналы ұрпақпен кеңеймек. Әлемдегі мүйізі қарағайдай елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты да сауатты ұрпақ тәрбиелеу. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу дегеніміз – өз ана тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген ұрпақ. Ал ана тілін жақсы білмейінше сауатты сөйлеп, сауатты жазып, тіл байлығын мол қолданбайынша шын мәніндегі мәдениетті адам бола алмайтыны рас. Қазіргі таңда мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда, тіл жаппай қолданыс тіліне айналар күн де алыс емес. Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы барша жастарымызды бір мақсатқа, ортақ мүддеге жұмылдыратын ұранға айналуы тиіс. Олай болса, Елбасы салған сара жолдан таймайық, елдігімізбен туған тіліміз мәңгілік жасай берсін, көк туымыз желбіреп, айбынымыз асқақтай берсін!

Жұпаркүл Халмырзаева