26 там, 2019 сағат 13:30

«Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» оқырманға жол тартты

Бүгін елордада «Азия жазушыларының І форумы» қарсаңында жарық көрген «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясының тұсаукесері болды. Шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және мәдениет қайраткерлері, журналистер қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Антология Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен жарыққа шығып отыр.

«Мемлекет басшысы көркем әдебиетіміздің дамуына әрдайым қолдау көрсетіп, барлық мүмкіндікті жасап отырғанын білесіздер. Осы 13 томдықтың әрбірінің кіріспесінде жеке-жеке тоқталып, өзінің алғысөзін қалдырып отыр. Жүректе буырқанған ұлттық рухты, тың серпін беретін ақындарымыздың жалынды жырларының топтамасы құтты болсын дейміз. Оқырман қауымның көкейінде «бұл бастама жалғасын таба ма?» деген сауал туындағанын білеміз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы алғы сөздерінің бірінде «алдағы уақытта осы топтама жалғасын тауып, көрнекті ақындарымыздың шығармаларын жарыққа шығара береміз деген сенімдемін» деп атап өткен. Жоғарыдағы сұрақтың жауабы осы деп ойлаймын», - деді Ұлттық кітапханада өткен тұсаукесерде модератор болған Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Аталған топтамаға 13 ақынның туындысы енгізілген. Нақтырақ айтқанда, «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» антологиясынан Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов, Жұбан Молдағалиев, Жұмекен Нәжімеденов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановтың өлеңдерін оқи аласыздар.

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мәдениетімізге, әдебиетімізге қатысты игі істердің атқарылып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Сол бағдарламаның аясында біз биыл Азия жазушыларының бірінші форумын өткізейік деп отырмыз. Оның күндері жақындап келе жатыр. Бұл кітаптар соның қарсаңында жарыққа шықты. Форумға қатысатын қаламгерлерге осы кітаптар тарту етіледі. Мемлекет басшысының және одан бергі министрліктер, мемлекеттік хатшы – барлықтарының әдебиетке деген оң көзқарасы қалыптаса бастағанын, соның бір көрінісі екенін ерекше атап өткім келіп отыр. Жазушылар одағына көптен бері жасалмаған жөндеу жасалғалы отыр. Қомақты қаражат жұмсалмақ. Ұсынған жобаларымыз мақұлдануда. Осының бәрі - әдебиетке бөлініп жатқан көңілдің айқын белгісіндей», - деді тұсаукесер барысында Қазақстан Жазушылары одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

Өз кезегінде, өлеңдері аталмыш топтамаға енгізілген Мұхтар Шаханов сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан жаңа идеялар жүзеге асып жатқанын айтып өтті.

«Елдік, шындық биігінде бас қоса берейік», - деді ақын.