12 ақп, 2020 сағат 13:18

Қазақ қызы Малавиде 2,5 жыл волонтер болған

Африка елдерінің бірінде халықаралық волонтер болып жүрген Айнұр Әбсеметова жұмысы жайында айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2,5 жыл бойы Малавиде тұрып, халықаралық волонтер ретінде жұмыс істедім. Малави - өмір сүру деңгейі төмен шағын ғана африкалық ел. Ол әлемнің ең кедей 10 мемлекетінің қатарына кіреді. Бұл елге Қазақстандағы БҰҰ-ның Даму бағдарламасы шақырған еді. Маған елде жүргізіліп жатқан гендерлік теңдікті дамыту жөніндегі бағдарламаны бағалау үшін техникалық-сараптамалық көмек көрсетуді өтінген болатын. Жалпы, Малавиде Гендерлікті теңдікті дамыту министрлігі жұмыс істейді», - деді ол.

Оның айтуынша, Малавиде гендерлік бағдарламасын жүзеге асыру үшін қаражат бөлініп, іс-қимыл жоспары белгіленген. Бұл ретте қазақстандық волонтер аталған бағдарламасының жүзеге асырылу тиімділігін бағалап, индикаторларын әзірлеумен айналысады.

«Малавиге анаммен және баламмен бардым. Шынын айтқанда алғашқы кезде қиындау тиді. Олардың ортаға бейімделуіне қамқорлық таныту, өздерін жайлы сезінулері үшін қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет болды. Қиындықтарға қарамастан бейімделіп кеттім. Барлығымен бірдей елдің бүкіл өңірін аралап, шалғайдағы ауылдарында болдым, бағалау жүргіздім. Бұған қоса анам мен ұлыма да көңіл аударуға тырыстым. Себебі ол кезде анам ағылшын тілін енді ғана үйреніп жүрген еді. Ең қызығы анам да сол жақта волонтер болып, жергілікті әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға тоқыма тоқуды үйретті», - деді ол.

Қазіргі уақытта «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымында жұмыс істейтін Айнұр Әбсеметова таяу күндері Мьянмаға аттанбақ.