05 жел, 2016 сағат 08:59

Қазақ қыздарының қытайға тұрмысқа шығуы неге жиiлеп кеттi?!

Осыдан бiраз уақыт бұрын, теледидардан қытай жiгiтiне тұрмысқа шыққан қазақ қызының тағдыры туралы хабар көрiп қалдым. Сол кезде намысқа булығып, iшiм удай ашып едi. Әлгi қаракөз қызымыздың жанары жасқа толып, мүсәпiр күйге түскенде көкiрегiм қарс айырыла жаздады. Қазақ қызы қытай азаматына тұрмысқа шыққаннан кейiн дәм-тұзы жараспай, төр­кiнiне оралған екен. Құшағындағы сәбиiне емiренiп қояды. Қайтсiн, қытайдан туған болса да өзiнiң перзентi ғой. Қыздың айтуы бойынша, күйеуiнен көрмеген қорлығы жоқ. Ақырында ебiн тауып, елге оралыпты. 

Мiне, содан берi шетел азаматтарына күйеуге шыққан қыздарымыздың тағдыры жайлы жиi ойланатын болдым. Өзгенi бiлмеймiн, жеке өз басым салт-дәстүрi, дiнi басқа елдiң азаматтарына тұрмысқа шыққан және шыққысы келетiн қыздарымыздың тiрлiгiн құптай алмаймын. Өйткенi мұның астарында өте күрделi мәселе жатыр. Және бұл жағдай бiздiң демографиямызға керi әсер етуде. Қазақтар кө­беюдiң орнына азайып жатыр. Елiмiзде дүниеге келген сәби – өзге ұлт азаматының қаны мен жанынан болса қалай күйiн­бейсiң?! Әсiресе, қазақ қыздары қытай азаматтарына шығып жатса... 

Қазiр қыздарымыздың қытайлықтарға тұрмысқа шығуы неге жиiлеп кеттi? Себебi, көшеге шығып, екi қадам жасасаң, алдыңнан қытай шығады. Алматы қаласының өзiнде ғана бүгiнгi таңда 100-ден аса қытай мейрамханалары, 300-ге жуық бiрлескен кәсiпорын, 48 жанармай бекетi, бiр мәдениет орталығы және адам санына жетiп болмайтын сауда орталықтары мен саудагерлерi бар. Және солардың барлығы – қалталы қытайлықтар. Өз елiнде әйел тапшы болғандықтан, олар өз сыңарларын сырттан iздеуге мәжбүр. Ал Қазақстан болса, оларды жан-жақтан кiргiзiп, таптырмас мүмкiндiк берiп қойды. Қыздарымыз да кет әрi емес, қытайдың қолынан ұстап кете беруде. Осы ретте қаракөз қыздарымыз отбасының өнегесi – Отан екенiн мықтап ұғынғаны абзал. Ұлтымыздың тағдырына барлығымыз жауаптымыз. Әсiресе, қыздарымыз үлкен жауап­кершiлiктi сезiнуi керек. Сонда ғана аждаһа елдiң аузына iлiгiп кету қаупiнен құтыла аламыз. 

Болат ШАЙМАНҰЛЫ, 
Алматы қаласы

"Жас Алаш" газеті