12 қаз, 2018 сағат 09:32

Қазақ-қырғыз зиялылары форумында Шыңғыс Айтматов туралы кітап таныстырылды

Қырғызстанның Ош қаласында өтіп жатқан ІІ қазақ-қырғыз зиялылары форумында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO) қолдауымен жарық көрген «Айтматов. Империяның соңғы жазушысы» атты кітап таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" академияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына орай әзірленген кітаптың авторы -  Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, әдебиет  сыншысы Османкун Ибраимов. Кітап Шыңғыс Төреқұлұлының өмірі мен шығармашылығына арналған. Автор Шыңғыс Айтматов  тұлғасын, жеке тағдыры мен әдеби шығармашылығын, саяси көзқарастары мен әлеуметтік пайымдарын ХХ ғасырмен тығыз байланыстыра суреттеген. Әдетте мұндай  тұлғаларды «дәуір-адам» деп те бағалап жатады. Сондықтан, кітап авторы Айтматов шығармашылығын сипаттай келе жазушының Кеңес Одағы кезіндегі қоғамды, оның құндылықтары мен бірқатар ерекшеліктерін, сол дәуірдегі адам тағдырын суреттеген шеберлігіне назар аударған.

TWESCO-ның қолдауымен жарық көрген кітаптың тұсаукесері биыл көктемде Астана қаласында өткен «Айтматов тағылымы» атты бірінші қазақ-қырғыз зиялылары форумында ұйымдастырылған болатын. Кейін Бішкек қаласында аталған кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылған еді. Ал, қазақ-қырғыз зиялылары ІІ форумында кітапты Ош университетінде таныстырумен қатар, оны аталған оқу орнының кітапханасына табыс ету рәсімі де өтті.