11 мам, 2018 сағат 14:40

"Қазақ халқына алғыс айту" ескерткішін орнату ұсынылды

Тоталитарлық режим өз уақытында қазақ даласына бірқатар этнос өкілдерін күшпен көшіргенін, алайда жергілікті халық – қазақтың терең құрметі мен ақ-адал пейілінің арқасында олардың аман қалғандығын тарихтың ескі беттерінен жақсы білеміз. Бүтін ұлттың осындай ұлы құрметі мен шексіз пейілінің белгісі болған кезең ешқашан ұмытылмақ емес. Осы орайда Ақмола облысындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері өңір басшысы М.К. Мырзалинмен болған кездесуде "Қазақ халқына алғыс айту" ескерткішін орнату мәселесін көтерді.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының этностары және басқа да құрылымдарымен кездесу еркін «сұрақ-жауап» форматында өтті. Екі сағаттан астам уақытқа жалғасқан кездесуде облыс әкімі жиынға қатысушылардың Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының хатшылығы және «Қоғамдық келісім» КММ-сі мекемелерінің жұмысын жақсарту, дамыту жөніндегі қойған маңызды сұрақтарына жауап берді.

Қатысушылар аталмыш диалог алаңының мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өзара қарым-қатынасын жетілдірудегі маңызы жоғары екендігін айтты. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының алдында өңірдегі бірлік пен келісімді жетілдіру бағытындағы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру бойынша үлкен жұмыстар күтіп тұр. Бірлескен еңбектің арқасында барлық көзделген бастамалардың орындалатына сенім де жоқ емес.

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин кездесуді аша отырып, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жариялаған Бес әлеуметтік бастамасының облыс көлемінде орындалу барысына кеңінен тоқталды. Сөзсіз, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі әлеуметтік жауапты мемлекет құру бағытының сабақтастығын дәлелдеді.

Кездесу барысында сөз сөйлеген Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов, ҚХАА-ның 2018 жылғы жұмысы туралы, медиация институтын дамыту, қайрымдылықты үйлестіру, Қоғамдық келісім кеңесінің жұмысы, ҚХАА жанындағы Аналар кеңесі және ғылыми-сараптамалық топтың қызметтері жөнінде толық мәлімет берді.

«Әзірбайжандар қауымдастығы» РҚБ Ақмола облыстық филиалының жастар қанатының көшбасшысы Ислам Байрамов болса, осы жылдың наурыз айында Астана қаласында бастама алған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының облыстық штабының таныстырылымын жасады. Қозғалыстың миссиясы - дініне, тіліне, ұлтына, түр-түсіне қарамастан, Қазақстанның жастар қауымын еліміздің кешенді жаңғыруына атсалыстыру, үлестерін тигізу екені анық.

Әңгіме барысында Ақмола облысы поляктар бірлестігінің координаторы Суховецкая Людмила қиын-қыстау заманда депортацияға ұшырап, қазақ жеріне келген халықтарды өз бауырына басқан Ұлы халықтың кеңпейілділігінің нышаны ретінде Достық үйінің маңында «Қазақ халқына алғыс айту» ескерткішін орнату туралы ұсынысын жеткізді.

Л. Суховецкая: «Этномәдени бірлестіктердің төрағалары, менің әріптестерім «Қазақ халқына алғыс айту» ескерткішінің жобасын жасауда маған өкілеттік берген болатын. Біздің ойымызша, аталмыш ескерткіш қаланың сәнін кіргізіп қана қоймай, көптеген ұрпақтар үшін достық пен бейбітшіліктің символына айналуы тиіс», - деген ойын айтты.

Облыс басшысы да бұл ұсынысқа қолдау білдіріп, жақын арада аталмыш архитектуралық туындыны орнату мүмкіндігін қарастыруға уәдесін берді.