#
#
Жексенбі 17/12/2017

Қазақ даласында орыс тіліндегі топонимдер XVIII ғ. I жартысынан пайда бола бастаған

  • 16.11.2017
  • 5
  • 1446

Бүгінгі таңда өзекті болып отырған мәселелердің бірі – ұмытыла бастаған географиялық тарихи көне атаулар. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған болатын. Бағдарлама аясында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру көзделген. Олай болса, ұлтымыздың өткенінен сыр шертетін жер-су атаулары да тарихи ескерткіш ретінде ғасырлық мұра екенін ескеруіміз керек.

Географиялық атаулар та­рихи ескерткіш болып табылатындықтан, топо­ним­дерді зерттеу этни­калық, саяси, патриот­тық сипаттағы мәселелерді шешуде, халықтың ұлттық сана-сезімін нығайтуда маңызды рөл атқармақ. Осы орайда жер-су атауларының табиғатын қазақтың тарихымен, ұлттық санасымен, дүниетанымымен, өмір сүрген табиғи ортасымен, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылығымен байланыстыра қарастыруға үлкен мүмкіндік туып отыр. Қазақ жерінің әрбір тау-тасы мен өзен-көлі халқымыздың көші-қонынан, салт-дәстүрі мен тілі-дінінен хабар беріп қана қоймай, оларда әртүрлі дәуірдің тарихи оқиғалары, көрнекті тұлғалардың, батырлардың есімдері, ха­лық­тың мәдени және рухани құндылықтары бейнеленген. Қазақ топонимиясы ға­сырлар бойы басынан түр­лі тарих талқысын өт­кер­ді. Қазіргі таңда елді мекендерімізде кездесетін славян текті атаулар патшалы Ресей мен кеңестік дәуірдің тарихымызға салған таңбасы іспетті.

Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов Ресей патшалығы отарлау саясатының қа­зақ топонимдеріндегі кө­рінісін үш топқа бөледі.

Біріншісі – 1731-1822 жылдар аралығында патша өкіметі қазақ хандықтарын сырттан билеп, протекторат есебінде ұстанған кезінде жер атауларын өзгертуді өте сақтықпен, қазақ даласының қас-қабағына қарай жүргізді.

Екіншісі – 1822-1867 жылдар аралығында хандық билік жойылып, аға сұлтандық ел билеу жүйесі енген соң, қазақ жерін «бөлшекте де, билей бер» дейтін отаршылдық принцип негізінде көптеген әкімшілік территорияларға жіктеді. Бұл тұста да рубасыларын бір-біріне қарсы қойып, отаршылдық саясатын оңай жолмен жүзеге асыру кезеңінде жер атауларын өзгерту әрекеті жиілей түсті.

Үшіншісі – 1868 жылғы «Жаңа низам» ережесі мен 1917 жыл аралығында отар­ланған қазақ жері мемлекет меншігі ретінде ресми түрде жарияланған соң, отар­шылдық мазмұндағы географиялық жер атаулары мүлде көбейе түсті. Қазақтардың ұлан-ғайыр өлкесіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи атауларын отаршыл өкімет саналы түрде өзгертуді шындап қолға алды.

Ғалымның бұл пікірінен еліміздегі орыстанған гео­гра­фиялық атаулардың қалып­тасу кезеңдері мен себептерін айқын аңғаруға болады. Қазақ жерінде орыс тіліндегі топонимдердің пайда бола бас­тауы XVIII ғ. I жартысынан басталып, XIX ғ. аяғына дейін орыс шаруаларының қазақ жеріне қоныс аударуымен тікелей байланысты болды.

Э.М.Мурзаев славян (орыс және украин) географиялық атау­ларының Орта Азия және Қазақстан топонимиясының құ­рамына ену жолдарын былайша көрсетеді:

1) отар­шылдық саясаттың ықпа­лымен әкімшілік түрде қойыл­ған атаулар, ондай атаулар теміржол стансаларына, қа­лаларға берілген;

2) Ресей және Украина жерлерінен шаруалардың көшіп келуіне байланысты қойылған атау­лар;

3) табиғат пен гео­гра­фиялық объектілерді зерттеу кезінде қойылған атаулар. Қазақ жеріне орыс келім­сектерінің ағыла келуі салдарынан жүздеген, мыңдаған тарихи ұлттық атаулар жо­йылып, олардың орындарын орысша атаулар басып алды. Әрісі патшалық Ресей тарапынан, берісі кеңестік дәуірде кеңінен етек алған бұл үрдіс 1954 жылғы тың және тыңайған жерлерді игеру саясатына ұласты. Бұл кезеңдерде Ресей жерінен көшіп келген миллиондаған өзге ұлт өкілдері өздері қоныс­танып, мекендеген жерлерге жаңадан ат беріп, оларды өздері көшіп келген елді мекендер мен қалалардың аттарымен немесе осы өңірге алғаш қоныстанушылар есім­дерімен, фамилиясымен атай бастады.

Алысқа бармай-ақ Ақмола облысының картасына қарайтын болсақ, Донецкое, Астраханка, Самарка немесе Павловка, Волгодоновка, Алексеевка, Николаевка аталатын елді мекендердің кездесуі – осының айғағы. Сондай-ақ, бұрын өздері көшіп кеткен қоныс атауы алдына «ново» сөзін қосу арқылы Новокиевка, Новодонецк, Новочеркасское аталса, жер бедеріне қарай Приречное, Приозерное, Степное деп аталды. Келесі бір топтағы атаулар селениелер орналасқан өңірдің белгілі бір ерекшелігін бейнелейтін Камышенка, Сосновка, Журавлевка, Щучье сияқты атау­лар тобын құрайды.

Отарлау сая­сатына сәйкес кейбір жер-су атауларының калькалау тәсілі арқылы қойыла бастауы да осы кезеңнен байқалады: Шөптікөл – Сенакосное, Ақжар – Белый яр, Қызылжар – Красный яр, т.б. Славян текті атаулар келіп қана қоймай, тарихи атауларымызды ығыстырып, ресми түрде атала бастады. Ал өзінің ресми мәртебесінен айырылған топонимдеріміз, негізінен, халықтың аузында ғана сақталды. Ол туралы білетін бірен-саран көнекөз қариялар күн санап арамыздан азаюда. Атауларды жинау ісі арнайы қолға алынып, кешенді түрде жүргізілмесе, жоғалтатынымыз мұнан да көбейе түсері анық.

Сон­дықтан кеше мен бүгініміздің арасын жалғастырып тұрған ұлттық құндылықтарымызды ұрпағымызға үлгі етеміз десек, еліміздегі өзгертілген немесе отаршылық-тота­литарлық сипаттағы жер-су аттарын байырғы тарихи атауларымен алмас­тыру, транскрип­циясы бұр­маланған немесе қате жа­зылған географиялық атауларды қайта қалпына келтіру жұмыстарын қазірден қолға алуымыз керек.

Ирина БЕКЗАТҚЫЗЫ,

ҚР Ұлттық музейі «Халық қазынасы» ғылыми-зерт­теу институ­тының қызметкері

5 пікір

  • марияБейсенбі, 16.11.2017

    Топонимика жердің атауы. Кейбір түсінбеген адамдарға галочка

  • костаБейсенбі, 16.11.2017

    әңгімені көпке созбай латынды қабылдаймыз

  • ВинаБейсенбі, 16.11.2017

    елді мекендердің атауын ауыстыру керек латынға

  • семкиБейсенбі, 16.11.2017

    латын деген зың,зыңғой

  • алпамыс Жұма, 17.11.2017

    Ирина деген өз атыңы қайда қоясың? бірінші бұл мәселені өзіңнен бастауың керек. егер намысың болса әрине.

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар