19 қар, 2016 сағат 15:50

Қазақ балуанының батыл жауабы: "Күресіп алмаған күмістің қажеті жоқ"

Допинг дауы спортшылар мен жанкүйерлер қауымының тынышын кетірді. Әлемдегі небір спорт саңлақтары жеңген жүлдесін кері қайтарып, өкініштен өзегі өртеніп жатыр. Қазақ спортшылары да допинг дүрбелеңінен айналып өте алмады.

Кеше ғана бес бірдей спортшымыз Халықаралық Олимпиада комитеті жариялаған "қара тізімге" ілікті. Яғни, оларға 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарында допинг қолданды деген айып тағылып отыр. Атап айтсақ, тізімде бірнеше күн бұрын белгілі болған қазақстандық ауыр атлет Ирина Некрасова (күміс), Мария Грабовецкая (қола), еркін күрестен Әсет Мәмбетов (қола) пен бірге ауыр атлет Владимир Седов та (төртінші орын) бар екен. Сондай-ақ зілтемірші Майя Манезаның да допинг қолданғаны ресми түрде расталды.

Тағы бір өкініштісі, бұған дейін Светлана Подобедова, Зүлфия Чиншанло және Майя Манеза да 2012 жылғы Олимпиада медальдарынан айырылған еді. Тіпті Бейжіңде күміс алған Теймураз Тигиев те жүлдесін кері қайтаратын болған-ды.

Тағы бір маңызды мәселе,  қазақстандық ауыр атлеттер Илья Ильин мен Алмас Өтешовке қатысты шешім әлі шыққан жоқ. ХОК оғландарымызды алдағы уақытта қалай жазалайтыны әзірге беймәлім.

Біреудің тұтылғаны екінші біреудің қуанышына бастайды. Допинг қолданды делінген жеңімпаз жүлдесінен айрылса, оның соңындағы спортшы аяқ асты жаңа атаққа ие болады. Кешелі бері қазақ балуаны Нұрбақыт Теңізбаевтың Бейжің Олимпиадасының күміс медалін алуы мүмкін екені жиі жазыла бастады. Жерлесімізді жартылай финалда жеңген әзірбайжандық Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны жайлы деректер пайда болды. Алайда қазақ балуаны бұл "жаңалықты" салқынқандылықпен қабылдаған секілді. Біздің батыр өзінің қола жүлдесінің қаншалықты ыстық екенін айтып, күмістің әзірбайжан балуанына тиесілі екенін жазады. 

"Пекин Олимпиадасы мен үшін спорттық карьерамның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні, мені Әзірбайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын, Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалым аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын", - дейді ол өз жазбасында.

Қалай болғанда да, бұл тақырыпқа қатысты нақты шешім алдағы уақыттың еншісіндегі дүние. Әліптің артын бағайық.

Ұлт порталы