11 қаз, 2019 сағат 14:56

Қазақ балуаны Қытай чемпионатында бас жүлдені жеңіп алды

Ланжоу қаласында өткен 2019 жылғы еркін күрес түрінен Қытай чемпионатында қазақ балуаны Ерланбек Кәтейұлы тағы да алтын медальға ие болды. Бұл туралы Қытайдың CNR ақпараттық порталы хабарлады.

Қытайдағы балуандардың кіл мықтысын анықтайтын бұл жолғы республикалық байрақты бәсекеге 137 командадан 1120 спортшы қатысқан. 9 күн бойы 10 түрлі салмақ бойынша бақ сынаған чемпионатта қандасымыз, Гансу өлкесінің балуаны Ерланбек Кәтейұлы 65 келі салмағында бас жүлдені еншілеген.

Ерланбек Кәтейұлы 2009 жылдан бері Қытай чемпионаттарында жеңіс тұғырынан түспей келе жатқан балуан. Ол Қытайдың Алтай аймағына қарасты Қызылтас қалашығында дүниеге келген. Ол 2010 жылы Қытай біріншілігінде 65 келі салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанған. 2014 жылы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында қола медаль иеленген.

Айта кетсек, Ерланбек Қытайдағы қазақтар арасынан Олимпиадаға жолдама алған үшінші қандасымыз. Оған дейін грек-рим күресінен Әлнұр Төргеұлы, бокстан Қанат Ислам Олимпиадада Қытай атынан өнер көрсеткен болатын.