08 нау, 2017 сағат 12:05

Қазақ әйеліне мадақ

Қазақ әйелi дегенiмiз кiм? Бiр сөзбен айтар болсақ – қайраткер. Қайраткерлiгi қайдан бiлiнедi? Қиын-қыстау кезеңде жарының жанына жалау бола алғандығынан бiлiнедi.

Ал, қазақ әйелi өзi өз болғалы ондай кезеңдерде әрқашан алдыңғы шептен табылып отырған. Небiр қанды-қасап шайқастарда Қабанбай батырмен тiзе қосып қылыш сiлтеген жары Гауһардың, Кенесарының қасынан табылып отырған қарындасы Бопайдың бүгiнгi сiңлiлерi бұдан ширек ғасыр бұрын кiрген бейтаныс заманның, қиын заманның ауыр жүгiн жұбайларымен бiрге көтерiстi. Әдiлiне келсек, ауыртпашылықтарға арқасын алдымен өзi тосты. Қашанда өмiрдiң бiр парадоксы бар – қан майданға қарағанда күнделiктi бейбiт өмiрде ерлiк жасау әлдеқайда қиын. Түсi суық нарық келiп, елге әлек салғанда, айналдырған төрт-бес жылдың iшiнде барлық зауыт-фабрика атаулы тоқтап, он мыңдаған адам «жұмыссыз» атанып, есесiне баға бiткен аспандап шыға келдi. 1949 жылы Қытайдағы коммунистер «Шығыс Түркiстан» мемлекетiн құлатқаннан кейiн «дiнсiздерден» қашып, Гималай тауын асып, 7-8 жылда Түркияға жетiп тоқтаған елдiң күнкөрiстi жаңа жерде қалай бастағанын суреттеген марқұм Хасан Оралтай ағамыз «Елiм-айлап» өткен өмiр» атты кiтабында «Менiң туған елде зәңгi (әкiм деген мағынада – Ө.А.) болған әкем терi тонды сатуға бiрiншi рет базарға алып шықты. Бiр уақытта көзiм түсiп кетiп едi, көзiнен аққан жасы сақалына құйылып тұр екен» деп жазады. Қатыгез, жат нарық келгенде елiмiздегi қазақ жiгiттер де осы күйдi бастан кешiрумен күнi өтiп жатты. Мiне, сол кезде қазақты қиындықтан құтқарып қалған қазақ әйелi болды. Ол белiн буынып, бiлегiн сыбанып саудаға шықты. Бұл iстiң ебiн өзi де бiлмейтiн, жүре үйрендi. Бiрте-бiрте бұрынғы бiлдей бастық, ғалым, инженер, прораб жолдасын да үйреттi. Бұл белсендiлiк, алғырлық, намысқойлық қасиет оның бойына сол кезде ғана пайда болып па едi? Жоқ, қазақ әйелi бұрын да сондай болатын. Тек ол асыл қасиеттiң барлығы бейбiт, тыныштық, мамырақан замандарда алапат бұла күш түрiнде оның бойында бұғып жататын, ер басына, ел басына күн туған кезеңдерде ғана жанартау секiлдi атқылап шығатын. Күнi кеше отыз жылдығын бәрiмiз атап өткен, күллi әлемдi таң қалдырған, «мәңгi жасайды» деп жүрген Кеңес Одағын iргетасын шайқап, қабырғасын қақыратпаса да жарықшақ салған «Желтоқсандағы» қазақ жастарының алдында да ұран сап қаракөз қыздарымыз жүрдi. Сапер күрегi мен резеңке сойылдың астында қалған саптағы жiгiттерге «Шегiнбеңдер!» деп рух берiп жүрдi. Олардың апалары Мәншүк пен Әлия «халық жауы» болып ұсталған әкелерiнiң кiнәсiздiгiн ерлiгiммен дәлелдеймiн деп жүрiп қаза тапты. Үшiншi батыр қыз, ұшқыш Хиуаз Доспанова ауыр жарақаттан кейiн де майданнан кетпей қойды. «Менi ұшақтың кабинасына көтерiп мiнгiзiп, көтерiп түсiрiп алатын» деушi едi апай... (Қасындағы бiрге соғысқан құрбысының бәрi алған «Алтын Жұлдыз» ұшақ командирi болған сол батыр қызға бұйырмады. Тек тәуелсiз Қазақстанның «Халық Қаһарманы» атанды).

Олардың алдындағы апалары, Сәкен Сейфуллиннiң, Бейiмбет Майлиннiң, тағы басқа да толып жатқан қазақ арыстарының әйелдерi сталиндiк лагерь азабын күйеулерiмен бiрге көрдi. Ал, ашаршылық зұлматында отбасын аман алып қаламын деп жанталасқан қазақ әйелiнiң өлмес бейнесiн Бейiмбет Майлин «Күлпаш» деген әңгiмесiнде сомдап кеттi (Сол сұмдық күндерде осы Шымкенттiң көшелерiндегi аштықтан өлiп қалғандардың денелерiн таңертең арба-арба етiп жинайды екен. Сонда солардың бiр де бiреуi «ақыры өлiп барамын ғой, тойып өлейiн» деп дүкен тонап көрмептi... Мiне, тектiлiк!).

...Аштық кезiнде кiшкентай қызын, ұлын ертiп келе жатқан жалғыз әйелдi алда көрiнген ауылға жеткiзбей қасқырлар қоршады. Қызын тастап, ұлын алып қашты ана... Мекемтас Мырзахметов ағамыз арамызда жүр. «Ұл – ұрпақ, қыз – өрiс» деген даналықпен сусындаған қазақ әйелi жолдасының ұрпағы өшпегенiн ойлады...

Жоңғармен екi арадағы екi жүз жылға созылған соғыста халқының үштен екiсiнен айрылса да, жиырмасыншы ғасырдың басына қарай санын 5 миллионға жеткiзiп, тұтас алыптар шоғырын сыйлаған, патша мен Кеңес өкiметiне қарсы 300-ден астам көтерiлiске шыққан, 1916 жылмен 1933 жыл арасында өлiдей-тiрiлей тағы жартысынан астамын жоғалтқан ұлттың Ұлы Отан соғысында жаужүректiктiң үлгiсiн көрсеткен жiгiттерiн өмiрге әкелген, 1945-1991 жылдар арасында Қазақ Республикасын гүлдендiрген, дамытқан, «қазақ әдебиетiнiң алтын ғасырын» жасаған талантты ұл-қыздарын жарық дүниеге шығарған қазақ әйелiнiң кереметтiгiнiң сыры неде?

Оның сыры – жетi атаға жетпей қосылмаған қазақ әйелiнiң құрсағының асылдығы, тазалығы мен өзiнiң туабiттi жаратылыс-болмысына деген адалдығында. Алла тағала Адам атаның қабырғасынан Хауа ананы жаратқан соң, «мiне, сенiң өмiрлiк серiгiң» деп таныстырғанда оның басына ақ жаулық салып көрсеткен екен. Хауа ана Адам атаға иiлiп сәлем берiптi. Әйел сәлемiнiң сыртқы мағынасы iзет, құрмет болса, iшкi мағынасы алған жарының аман болғанын Алла тағаладан тiлеу екен. Оның дәлелi, қазақ әйелi күйеуi өлген күннен бастап сәлем салуын тоқтатады. Тоқтатуы мiндеттi емес, бiрақ тiлегi орындалмаған соң салмауына да болады. Әйтсе де, көп жерде қазақ жесiрi iзетiнен жаңылмайды, есесiне алғыс алады. Сонымен қатар, ақ жаулығына да адал. Ал, батырлық та, даналық та адалдықтан бастау алады...

Қазақ әйелi бұрын босанарда жанашыр абысын-ажындары жиналып ұзақ өлең айтатын болған. «Кел, кел, сәби, кел, сәби! Қолдасын сенi көп нәби! Аллам өзi оңғарса, аман келер бұл сәби! Аллам, сенен тiлейiн, бергенiңдi бiлейiн, аман берсең баламды, садағаң боп кетейiн! Ұлық етiп ұлды бер! Қылықты етiп қызды бер! Қалай берсең олай бер, аман етiп, тiрi бер!». Қазақтың баласы шыр етiп жерге түскенде алғаш еститiнi ақ тiлек өлең болған. Абай атамыздың «туғанда дүние есiгiн ашады өлең» деуiнiң себебi де осында.

«Сүтпен енген мiнез сүйекпен кетедi» дейтiн қазақ әйелi сәбиiн емiзiп отырып та бесiк жырын айтудан жаңылған жоқ. Баланың ағзасы адал сүтпен қоректенсе, жан дүниесi «халқын жаудан қорғаған, батыр болар ма екенсiң, елдiң қамын ойлаған, ақын болар ма екенсiң» деген жырмен сусындайтын. Ол барып адам санасын басқаратын түпсанаға құйылатын.

Адал болмысынан таймаған қазақ әйелi «күйеу – әйелiнiң пiрi», «ата – баланың пiрi» деген ұстанымынан да айныған емес. Бала-шағасына әрқашан әкесiн үлгi етiп келдi. Отағасы дастарқанға отырмай, ешкiм тамаққа қол созбайтын етiп тәрбиеледi. «Бiр қолымен бесiктi, бiр қолымен әлемдi тербеген» ол бабаларымыздың «әке – ұлды, ана – ұлтты тәрбиелейдi» деген даналығын әрқашан есте ұстады. Ұлын ес бiлгеннен «ердiң екi сөйлегенi – өлгенi», «қоянды – қамыс, ердi – намыс өлтiредi», «малым – жанымның, жаным – арымның садағасы», «мал сақтама, ар сақта», «ел намысы – ер намысы», «жiгiттiң құны – жүз жылқы, ары – мың жылқы», «ер жiгiтке өлiмнен ұят күштi», «ер мойнында қыл арқан шiрiмес», «жарлы болсаң да, арлы бол», «жiгiтке жар қымбат, намыс пен ар қымбат», «бар барын жейдi, ұятсыз арын жейдi», «қолыңмен iстегенiңдi мойныңмен көтер», «өлiмге берер жаным бар, пендеге берер арым жоқ», «адам санасын ар түзейдi», «рух пен намыс – егiз», «ар сатып ырыс жинама», «арға тартпай арман тұл, намыс қумай мақсат тұл», «жүйрiк – алысқа, жiгiт намысқа шабады», «намысы бар жiгiттiң нар күшi бар, намысы жоқ жiгiттiң қай күшi бар?» деп, қызын «әрлi болғанша арлы бол», «қызға қырық үйден тыйым», «арудың әмiршiсi – ары», «ар қиналмай, жан қиналмайды», «жолдас күту – жарға сын, жалған сөздiк – арға сын», «арға – мiнәжат» деп үйреттi. Ендi осындай теңдессiз тәрбие көрген ұлттың ұлы мен қызы арлы, намысты, батыр болмағанда қандай болуы тиiс? Ендеше, киелi Домалақ ананың, тұтас рудың атын иеленген Қаракемпiр мен Қызайдың, есiмi қалың елдiң ұраны болған Қарқабаттың өмiрге келуi заңдылық емес пе?

Рас, бүгiнгi күн өзiнiң заманауи аздаған өзгерiсiн енгiздi. Қаншама ғалым, кәсiпкер, ұстаз, дәрiгер қазақ әйелi өзiнiң ғана емес, елiнiң де атын шығарып жүр. Сөйте тұра, олар өзiнiң басты мiндетiн де ұмытпай, саналы, арлы-намысты, табанды, бiлiмдi, жiгерлi ұрпақ тәрбиелеп отыр. Себебi, ұлтты ұлт етiп сақтайтын салт-дәстүрлiк ұстаным-қағидалар ешуақытта өзгермек емес. Соның бәрiн үлкеннiң алдын кесiп өтпейтiн ибалы қазақ әйелi болашаққа да көзiнiң қарашығындай сақтап жеткiзерi даусыз.

Жаса, қазақ әйелi! Бiз сенiң алдыңда шексiз қарыздармыз...    

Өмірзақ Ақжігіт,

Ұлт порталы