29 мау, 2019 сағат 13:31

Қаза болған жүздеген Арыс тұрғыны туралы жалған айтқан азамат ұсталды

Арыстағы жарылыс кезінде әлеуметтік желілерге жалған ақпарат таратқан азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Арыстағы жойқын жарылыс кезінде әлеуметтік желі арқылы түрлі ақпараттар, соның ішінде елді дүрліктірген хабарламалар WhatsApp пен мессенджерлер арқылы кеңінен таралып, халық арасында біраз шу тудырды. Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаментінің полицейлері жедел әрекет етіп, жалған ақпарат тартушыларды іздестіру жұмыстарын күшейтті. Нәтижесінде, жалған ақпарат тарату арқылы заңға қайшы іс-әрекет жасаған күдікті азамат ұсталды. Ол өзінің ойланбастан жасаған іс-әрекетіне өкініп, барша халықтан кешірім сұрады. Аталмыш күдіктіге байланысты Арыс АПБ қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабымен («Көрінеу жалған ақпарат тарату») сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде», - делінген хабарламада. 

Айта кетейік, Арыс қаласының тұрғыны Алмасхан Шерипов әлеуметтік желілерге тараған видеода жарылыстан бірнеше жүздеген адамның көз жұмғаны туралы айтқан болатын.

Ал Түркістан облыстық Полиция департаменті таратқан видеода ол жалған сөйлегені үшін өкінетінін жеткізді.  

«2019 жылдың 26 маусымында Арыс қаласындағы жарылыстан 150-200 әскери, 100 қарапайым халық мерт болды деп жалған ақпарат таратқаным үшін Қазақстан алдында, бүкіл халық алдында, Арыс қаласының халқы алдында кешірім сұраймын. Қазақстан халқын, елімізді себептен-себепсіз дүрліктіргенім үшін іс-әрекетіме кешірім сұраймын», - дейді видеода Алмасхан Шерипов.