#
#
Дүйсенбі 23/04/2018

Қайрат Жолдыбайұлы: Сәләфилерге заң тұрғысынан "карантин" қою керек...

  • 20.12.2017
  • 0
  • 2193

Қатардағы адам қалай радикалданады? Оларды көп жамағаттың арасынан сәләфтар қалай танып, қандай әдіспен оқшаулап алады? Қазақ жастарын сонау Сирияға дейін алып баратын қандай күш? Осы және басқа да мәселелер төңірегінде исламтанушы, ғалым Қайрат Жолдыбайұлымен сұхбаттастық. 

– Қайрат Жолдыбайұлы, біздің әңгімеміз бұрын айтылып жүрген бағытта өрбуі мүмкін, бірақ соларды жүйелеп тарқатып көрелікші. Қарапайым адам қалай радикалданады? Оларды көптеген жамағаттың арасынан сәләфтар қандай әдіспен оқшаулап, танып алады? 

– Сәләфизмнің негізі, оның идеологиясы буквализмге негізделген. Буквализм дегеніміз – аят-хадистердің мән-мазмұнын тереңінен үңіліп-түсінбей, үстінен желіп өтіп, құдайлық мақсатына, адамға пайдасына қарамай, қоғамда болып жатқан өзгерістер мен шарттарды ескермей, тура мағынасында ұғынуға талпыну. Олардың идеологиясы осы – буквализм. Бұл болған жерде ақыл-есті шектеу бар. Өйткені, сәләфтар дінді басқаша кең ойлауға мүмкіндік бермей, "Олай ойлануға болмайды, бұл – философия, дінді ақылмен түсінген дұрыс емес" деген секілді әр түрлі қағидаттарды ойлап тапқан. Сол арқылы адамды ойландырмай, догмалық жағдайға әкеліп тіреп тастайды. Осының салдарынан теріс ағымға ерген жастар ойланбайтын күйге түседі. 

Ал жаңадан дінге келген адам аяттың, хадистің астарына үңілуге дәрменсіз, ондай білімі де жоқ. Аят пен хадисті түйсінген болады, бірақ, қарсы шығуға үкімінен қорқады. Содан кейін ол аят пен хадисті сәләфтар сіңірген, ұғындырған қалыпта қабылдап алады да, басқаша ойлауды «тозақтық» деп сенеді. Осыдан соң, "сәләфтардың жолы дұрыс, айқын екен" деген пайымға барады. Қоғамда болып жатқан кейбір түсініктемесі бар мәселелерді олар түсініктемесі жоқ, қате құбылыс сияқты түсіндіреді де, өздерінікін дұрыс етіп аят-хадистермен шегелеп айтады. Аят-хадиспен "айқындалған" соң, көптеген жастарымыз сол ұққан пікірінен айнымай, сәләф болып кетіп жатыр. 

Ханафи мәзһабы болсын, басқа мәзһабтар болсын, дінге кең қарағандықтан, оның түсіндірмесін қандай да бір ережелерге байлап барып жеткізетіндіктен, күрделілеу көрінеді, аздап ойлануды талап етеді. Пайымдауды, тұжырымдауды қажет етеді. Міне, біз пайымдап, тұжырымдап, саралап түсіндіреміз деп жүргенде, олардікі төте жол болып шыға келеді. Осылай тікелей тартқандықтан, көптеген жастарымыз аят-хадистердің алдына көлденең тұра алмай, бастапқы пікірлерінен, ұстанымдарынан қорқып, айнымайды. 

"Сәләфилер кімді жағалайды?"

Сәләфиттердің ішінде әр түрлі ағымдар бар. Мәселен, қалыпты сәләфиттер – таухит пен бидғаттың ауқымын тереңге бойлатып, көптеген іс-әрекеттерді ширкке, күпірге балап, құрығына түскен жанның қандай адам екені маңызды емес, тек дінді білмесе болды. Ханафи мәзһабын түсінбесе, халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мән-мазмұнын ұқпаса болды, бірден ақыл-есін шектеуге күш салып, уағыздарын жүргізе бастайды. Оның әлеуметтік-тұрмыстық ахуалы, қызметі, лауазымы, мешітте жүр ме, басқа жақта жүр ме, маңызды емес. 

Екінші бір топ бар, олар әнші-ақындарды, бай-манаптарды, соңынан адам ілеседі-ау деген "жұлдыздарды" жағалайды. Оларға әр түрлі тәсілдермен идеологиясын сіңіреді: әлеуметтік жағдайларын шешіп береді, басқа жағынан көмектеседі, әйтеуір өздеріне байлауға тырысады. 

Ал жиһадқа шақыратын, Сирияға тартатын, қолына қару ұстататын тобы, әсіресе, өмірден түңілген немесе "тойған" адамдарды іздейді. Бұл қатарға қоғамдағы кейбір жағдайларды көтере алмайтын, ақшасы бар, бірақ өмірден жиреніп кеткен, мінезі "түсініксіз" кісілер де қосылып кетіп жатады. 

Депрессияға түскен жанды жиһадқа тарту оңай

– Қарапайым қазақ жастарын сонау Сирияға дейін алып баратын қандай күш?

– Бірінші топтағы сәләфилер ақыл-есі шектеліп қалғандықтан, белгілі бір уақыттардан кейін мынау қоғамнан түңіліп кетеді. Өйткені, "анау харам, мынау бидғат, анау ширк, мынаның бәрі адасқан" дейтін сәләфизмнің идеологиясының өзі соған апарады. Тағы бір уақыттардан кейін қоғаммен сыйыса алмайды, ең әуелі жора-жолдас, таныстарынан жиренеді. Іле-шала туған-туыстарын мансұқтайды. Осылайша, жеке қалып, оқшауланып, жырақтанады. Тағы бір белгілі уақытта жұмысынан шығады, әйелімен ажырасады, бала-шағасымен түсінісе алмайды. Содан кейін мынау өмір қара түнекке, кең дүние тар қапасқа айналып сала береді. Бұл қоғамнан құтылғысы келеді, айналасының бәрін күнәһар, бидғатшы, ширкші деп біледі. Осыдан барып "Бір жаққа кету керек" деп шешеді. "Қайда?" "Жұмаққа?" "Оның жолы қандай?" "Сирия!" Осындай депрессияға түскен адамға жиһадқа шақыратын бір ғана уағыз жетіп артылады. "Менің іздеп жүргенім осы ғой" дейді. Өйткені, оның көңіл-күйі, жағдайы соны талап етіп тұр. 

Ал кейбір адамдар сәләфизм жолында жүріп, өздерін өмір сүріп отырған қоғамнан оқшаулап алады. Мәселен, базардан бір нүкте ашып, шағын кәсіпкерлікпен айналысады. Бір-бірімен ғана араласады, құттықтайтын кезінде құттықтайды, тойлайтын кезде тойлайды. Қоғамның ішінен мұндай қоғам құрып алғандар тарыққаннан кетпеуі мүмкін жиһадқа, бірақ идеологиялық демеумен, саналарының улануымен кетеді. Өзге де себептері көп, әрине.

– Ал бұларға ең алғашқы діни білімді кімдер береді?

– Менің білуімше, оларға бұрын сәләфизм вирусын жұқтырған адамдар ғаламтордағы түрлі байланыс желілері арқылы, кітаптары арқылы, тіпті, бетпе-бет кездесіп, насихаттарын жүргізеді. Кейбіреулері ғаламторды "кезіп" жүріп ұрынып қалуы мүмкін. Кейбіреулер ұмра қажылығына барып, сол жерде көргендерін дұрыс деп санап, өз бетінше ізденіп, ақыр аяғы сәләфизмге ұшырайды. 

"Райынан қайтатындар саусақпен санарлық"

–  Мамандар "пәлен қандасымыз жат ағымның жетегінен қайтты, дәстүрлі исламға оралды" деген пікір білдіріп жатады. Жалпы сәләфизм шырмауындағыларды райынан қайтару мүмкін бе? 

– Ғидаят, тура жол – Алланың қолында. Қайтса, қайтуы мүмкін кейбір адамдар. Бірақ олар көп емес, саусақпен санарлық қана. Ойлау қабілеті дамыған, фундаменталды, қалыптасқан, өзіндік пікірі бар, ақ пен қараны ажырата алатындай көзқарасы бар жандар ғана қайта алады. Сол ағымға қатты сіңіп кетсе де, "Мен қайда бара жатырмын, қоғамнан неге бөлшектеніп кеттім" деп өзіне анализ жасай алатын, өзге де кітаптарды ақтарып, саралап, ойларын басқара алатын адамдар ұстанымдарын өзгертуі мүмкін. Шындығында, біздің қоғамда ондай адамдар аз.

Ал жаңағы мамандар, кейбір сәләфтар қолдарына қару алуға бекініп, ол райларынан қайтып жатады, міне соларды айтуы ғажап емес. Дұрысында, олар сәләф ағымынан шығып кетпейді, ал әлгі статистика "төл дінімізге оралды" деп қате ақпарат беріп жүр. Қолына қару алатын топтың, қолына қару алмайтын топқа өтуі немесе өткен сияқты көрінуі Ханафи мәзһабына қайтты деген сөз емес. Мысалы, кейбір абақтыда отырған кісілер, "райымыздан қайттық" деуі мүмкін. Әрине, қайтады, төрт қабырғаның ішінде отыр, ойлануға мүмкіндігі бар. "Ханафи мәзһабына қайттым" десе, жазасы жеңілдер. Жақсы көрінуі үшін солай айтуға мәжбүр болған, бәлкім. Өйткені, соңғы оқиғалардан көрдік, сотты болғандар қайтадан теріс әрекеттерін қайталауға бейім. 

"Сәләфилерді карантинге қою керек…"

– Ал біздің қоғамда радикалдануды тежеу, сәләфизмге тоқтау салу үшін қандай амалдар ұсынар едіңіз? 

– Мен мұны көп жерде айтып жүрмін, бірінші, дерті "асқынып" кеткен сәләфилерге вирусын басқаларға жұқтырмау үшін заң тұрғысынан "карантин" қою керек. Кез келген ауруды емдеудің алдында қоғамға таралып кетпес үшін карантин жасайды ғой, сол сияқты карантин керек. Бұл – шарт. Десе де, 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргін сияқты абақтыға қамап, тұқымдарын тұздай құрту емес, бірінші кезекте уағыздарына, әдебиеттеріне тосқауыл қою қажет. Заңмен осылай тыйым жасалса, кәсіпкерлер де емін-еркін қолдау көрсете алмайды. 

Екіншіден, ағартушылық жол. Яғни, мамандарды жақсылап даярлап, олардың әрбір дәйектеріне, дәлелдеріне уәжді түрде терең мән-мағынамен жауап қатсақ. "Нұр-мүбәрак" университетінің жанынан ашылып жатқан имамдарды экстремизм мен терроризмге қарсы дайындайтын білімді тереңдету орталығын, меніңше, дер кезінде қолға алуда. Осыны ары қарай дамытып, мұнымен шектелмей, діни медреселер мен мектептердегі мамандарды да төрт жыл бойы дайындағанымыз жөн.  

Содан кейін "Нұр-мүбәрак" университетінің ішіндегі Әбу Ханифа орталығын жандандыра түскен абзал. Сол орталықта өзіміздің Әбу Ханифа мен Матуруди мұраларын зерттеп, зерделеп, жарыққа шығару – кезек күттірмес мәселе. Осы орталық арқылы жат ағымдардың әрбір сөзіне дәйекті жауап беріп, ол бәріне пәтуа іспетті болғаны жөн. Орталық айтты ма, соған тоқтау керек.

Тағы да айтарым, бір діни интернет-портал қажет. Онда ғаламтор көзінде сәләфит-уахабиттердің түрлі қисық сұрақтары мен пікірлеріне айқын жауаптар тұруы тиіс. Күмәнді дүние болса, сол порталға жүгінетіндей жағдайға жету керек. Әлгі орталықта көрермен талабына сай қысқа метражды фильмдерді, роликтерді сапалы түсіретін студия құрылғаны дұрыс. Оған кәсіби дін мамандары, сарапшылар, операторлар жиналса. Мемлекет тарапынан да радикалдану мен жат ағымдардың алдын алу мақсатында деректі, көркем фильмдер түсіріліп жатса, құба-құп. Оны халық жаппай қызыға тамашалау үшін шым-шытырық сынды оқиғаларға негіздесе, тіпті, керемет болары сөзсіз. 

Балабақшадан, мектептерден бастап салт-дәстүрімізді оқытсақ, жат ағымдардың белгілерін үйретсек, үлкен жетістік болар еді. Міне, осылай істегенде ғана сәләфизмнен де, өзге де жат ұйымдардан да ірге ұзатамыз. 

– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен Данагүл Әлқожа

sputniknews.kz

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР