19 мау, 2019 сағат 09:47

Қайрат Нұртас "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атанды

Танымал қазақстандық әнші Қайрат Нұртас "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атанды.

Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс 50-сессиясында шаһардың бірнеше тұрғынына мәртебелі атақ беру туралы шешімді депутаттар бірауыздан қабылдады. "Құрметті азамат" атанғандардың арасында Рәшкүл Оспанәлиева, Қайрат Молдасейітов, Еркін Сатқанбаев, Наталья Романова, Қайрат Нұртас бар, деп хабарлады otyrar.kz порталы.

"Мұндай статусқа ие болғандар әзірге тек қоғамдық көліктерде тегін қатынайды және арнайы аллеяда есімдері жазылған тақтайша ілінеді", - деп жазды портал.

Айта кетейік, "Шымкент қаласының құрметті азаматы" атағы жылына бір рет салтанатты түрде 10 адамға тапсырылады. Мұндай атақ шаһарды дамытуға айрықша еңбегі сіңген, мемлекеттік және қоғамдық қызметте жетістігі бар, шығармашылықта, бизнесте, спортта, қайырымдылық шараларында белсенділік танытып жүрген азаматтарға беріледі.

Сондай-ақ, Шымкент қаласы еліміздегі республикалық мәртебеге ие болғалы депутаттар атаққа ие болатындардың санын аздап көбейтуді жоспарлып отыр.

Ғани Ташқараев, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Тұрақты комиссияның отырысында депутатардан ұсыныс түсті. Біз де Алматы мен Астана қалалары секілді 20 адамға жеткізсек деген».

Түркістан облысында жыл сайын өңірдің «Құрметті азаматы» атағына 15 азамат ие болады екен.