14 жел, 2018 сағат 10:24

Қайрат Нүкенов: "Түркістан - Алаш үшін қасиетті ұғым, алтын бесік"

Биыл 19 маусымда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарихи Жарлыққа қол қойды. Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Міне, содан бері 5 ай уақыт зуылдап өте шықты. Бүгінгі күні жаңа шаһардың даму тұжырымдамасы бекітіліп, ауқымды құрылыс жұмыстарына дайындық күшейіп жатыр. Басқармалар мен департаменттер Түркістанға түгел көшіп келді. Ал, аудандар мен облыс орталығы арасындағы байланыс қалай? Құжат айналымы, барыс-келіс ойдағыдай ма? Осы мәселелер төңірегінде Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нүкеновпен сұхбаттасқан едік.

- Қайрат Теміршотұлы, мемлекеттік мекемелердің көші-қон мәселесі реттелді ме? Басқармалар мен департаменттер талапқа сай жұмыс атқарып жатыр ма?

- Түркістанның облыс орталығына айналғанына бүкіл қазақ баласы қуанды десек қателеспейміз. Себебі, Түркістан - Алаш үшін қасиетті ұғым, алтын бесік. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлының тікелей басшылығымен басқармалар мен департаменттер осында көшіп келіп, еш қиындыққа қарамастан өз міндеттерін абыроймен атқаруда. Басқармаларға арнайы ғимараттар берілді. Маңызды жиындар мен мәжілістер толықтай осында өтіп жатыр.

- Шалғай аудандардың тұрғындары үшін облыс орталығына келу қиын болып жатқан жоқ па? «Түркістан алыста болғандықтан жиналыстарға бару қиындады» деген уәждерді де естіп қалып жүрміз...

- Облыс орталығы Шымкент болып тұрған кезде де шалғай аудандар бар еді. Бірақ, соған қарамастан жұмыс ойдағыдай атқарылды. Сондықтан, орталық Түркістанға ауысқалы бері жұмыс істеу қиындады деген уәж орынсыз деп есептеймін. Біріншіден, елді мекендер мен аудандардың арасы жақын. Мәселен, ең шалғайда деген Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының Түркістан қаласымен ара қашықтығы 270-420 шақырымды құрайды. Өзге өңірлердегі аумақтық-әкімшілік орталықтардың ара қашықтықтарын салыстырып қарасақ, Қызылорда мен Аралдың арасы 450 шақырымдай болса, Қарағанды мен Жезқазғанның арасы 530 шақырым екен. Қостанай, Шығыс Қазақстан облысы, Ақтөбе және басқа да облыстарда мұндай мысалдар жеткілікті. Екіншіден, Түркістан облысындағы 16 аудан, қала әкімдіктері мен 24 салалық басқармалардың жұмысын оңтайландыру мақсатында бейнебайланыс конференциясы арқылы айына 2 рет жиналыс өткізіледі. Қазір ақпараттық технология дамыған. Бұрынғыдай уақыт жоғалтып жиналысқа келмей-ақ, онлайн жиындармен жұмыс жүргіземіз.

- Елбасымыз «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мемлекеттік мекемелерде жиналыстарды азайту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Бұл бағытта қандай жұмыстар қолға алынды?

- Әрине, мемлекеттік қызметшілер алтын уақыттарын жиналысқа емес, елге қызмет етуге бағыттағандары жөн. Қазіргі таңда облыс әкімінің төрағалығымен өткізілетін жиындардың санын түбегейлі қысқарту, оларға жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының қатысуын барынша азайту тұрғысынан ревизия жүргізіліп жатыр. Ұқсас комиссия, кеңестердің отырыстарын бір күнде өткізу тәжірибесі кеңінен қолданылуда.

Барлық облыстық әкімдіктер мен басқармалардың қызметкерлері қосылған мемлекеттік органдардың интранет порталы (МОИП) ақпараттық жүйесі кеңінен қолданысқа енгізілген. Мемлекеттік органдар сол жүйе арқылы нормативтік-құқықтық актілерді келісуге жолдайды. Сонымен қатар, Президент әкімшілігінен, Премьер-Министр кеңсесінен және министрліктерден де тапсырмалар МОИП жүйесі арқылы түседі. Аудандармен де осы жүйе арқылы байланыс орнатылған.

- Жалпы, мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, тұрғындарды сабылтпаудың жолы - тұрғылықты елді мекенде немесе ауданда сапалы қызмет көрсету. Мемлекеттік қызмет түрлерін электронды түрде көрсету мәселесі қаншалықты шешілген?

- Өте орынды сұрақ. «Электронды үкімет» тұжырымдамасы арқылы тұрғындарға сапалы қызмет ұсыну - біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Түркістан облысында мемлекеттiк қызметтiң 192 түрi көрсетiледі. 2018 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы көрсетiлген мемлекеттiк қызметтердiң саны 9144238 болса, оның 7012496-сы немесе 77 пайызы электронды түрде ұсынылды. Бұл - жақсы көрсеткіш.

Шалғай елді мекендердегі тұрғындарға орталыққа келмей-ақ, мемлекеттік қызметтерді арнайы egov.kz порталы арқылы алу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатыр. Аудан, қалаларда халыққа қызмет көрсету орталықтары бар. Бұрында телефонсыз, интернетсіз де жұмыстар тиісті деңгейінде жүзеге асқан. Қазір ақпараттық цифрлық технологиялар дамыған заманда ара-қашықтық жұмыс барысына бөгет болмайды деген ойдамын.

Облыста баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыру да автоматтандырылған. Қолыңызда смартфоныңыз болса жеткілікті. Арнайы қосымша арқылы білім ұясын таңдай аласыз. Облыстағы 902 білім мекемесінде jumys.sitcen.kz жүйесі енгізілген. Аталған жүйеге 1472 педагог пен техникалық қызметкердің бос жұмыс орындары туралы хабарламалар ілінді. Бүгінде 614 адам осы жүйе арқылы жұмысқа орналасты. 62760 қолданушы тіркеліп, 4297 жұмысқа қабылдау туралы өтініш келіп түскен. Бұл да елді сенделтпеудің және сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталған бастама. Барша түркістандықтарды заманауи стандарттарға сай жүйелерге қосылуға шақырамын. Ақпараттық жүйелер сәт сайын даму үстінде, заман ағымынан қалыспау керекпіз. Ол болашақ ұрпақ үшін де маңызды.

- Түркістан облысы демографиялық көрсеткіші ең жоғары өңір екенін білеміз. Халық саны өсіп келеді. Осыған байланысты тағы бір облыс құру қажеттілігі бар деп ойлайсыз ба? Әсіресе, Өзбекстанмен шекаралас аудандар мен Түркістан қаласының арасындағы жол ұзақ дейтіндер бар. Аталған мәселеге көзқарасыңызды білдіре кетсеңіз...

- Қазіргі таңда біздің алдымызда Түркістан облысын гүлдендіру, оның орталығы Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі шаһарға айналдыру міндеті тұр. Бөркімізді аспанға атып қуанып жатқанда, бөлініске салудың қандай қажеттілігі бар? «Саусақ бірікпей - ине ілікпейді», сондықтан Елбасы берген тапсырманы орындап, ел үмітін ақтау үшін бізге бірлесе жұмыс атқарып, жұдырықтай жұмылу керек. Айта кетерлігі, Президент Жарлығымен Мақтаарал және Сарыағаш аудандары екіге бөлініп, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес және Жетісай аудандары құрылды. Яғни, мемлекет шалғай аудандарға да көңіл бөліп жатыр. Енді осы аудан орталықтарында елге қажетті әлеуметтік нысандар салынып, тұрмыс сапасы жоғарылайды. Жұмыс орындары ашылады. Жоспарлар өте көп. Алайда, жақсы нәтижеге «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарсақ» ғана жете алатынымызды естен шығармау керекпіз. Әркім өз жолымен еңбек етпей, бір арнаға тоғысу керекпіз. «Ұйымдасқан - ұтады» дейді қазақ халқы.

Жол ұзақтығына тағы да тоқтала кетсем, облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы автомобиль жолдары мәселесін үнемі назарда ұстап, нақты жұмыстарға бастамашы болып жүр. Себебі, өңірдің дамуы жолдың сапасымен де есептеледі. Бүгінде Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Сарыағаш және Келес аудандарының тұрғындары Түркістан қаласына 2 бағыттағы автомобиль жолдарымен қатынайды.

«Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің құрылысы аясында қозғалыс саны 4 жолаққа кеңейтіліп, қайта құрудан өткізілді. Бұл өз кезегінде қатынау уақытын 1,5 сағатқа қысқартты. Жаңа магистраль жол жүру тауқыметін жойды деуге болады.

2015-2016 жылдар аралығында Сарыағаш ауданы, Жаңатұрмыс елді мекенінен бастап, Келес ауданының Бесқұбыр ауылына дейін жол жамылғысына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жолдардың сапасы қанағаттанарлық жағдайда. Бүгінде Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі тарапынан жалпы ұзындығы 86 шақырымды құрайтын «Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы», «Бесқұбыр - Қызыләскер - Қонысбаев өткізу бекеті» бағытындағы қолданыстағы автомобиль жолын қайта құру жұмыстары қолға алынуда.

Мырзакент - Жетісай - Шардара - Шәуілдір - Түркістан бағыттарындағы автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

2014-2018 жылдар аралығында Түркістан - Шәуілдір - Байырқұм бағыттарындағы жолдар жөндеуден өткізілді. Шардара - Байырқұм аралығындағы жолдарды жөндеу 2019-2020 жылдарға жоспарланып отыр. Облысымыздағы қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 70,7 пайызды құрайды, 2020 жылы 77,6 пайызға жеткізу жоспарда бар.

- Түркістан қаласы мен аудан, қалаларды байланыстыратын көлік бағыттарын ашу бойынша қандай жұмыстар қолға алынады? Тұрғындар үшін жолаушылар тасымалы да маңызды мәселелердің бірі емес пе?

- Ол рас. Жолаушылар тасымалын ұйымдастыру - кезек күттірмес мәселелердің бірі. Түркістан қаласынан Кентау, Арыс, Шәуілдір, Шолаққорған және Мырзакент елді мекендеріне тұрақты бағыттар ашылған. Көліктер бекітілген уақытпен жүреді.

Қазіргі күні Түркістан қаласынан Шардара, Жетісай, Сарыағаш, Абай, Темірлан, Ақсу, Т.Рысқұлов және Шаян ауылдары мен қалаларына тұрақты жолаушылар тасымалын ұйымдастыру мақсатында конкурстық құжаттар әзірленді. Жуырда аталған бағыттарға қызмет көрсететін тасымалдаушылар анықталып, автобустар іске қосылады.

Тағы бір айта кетерлігі, кейбір бағыттар бойынша қоғамдық көліктер Шымкент қаласы арқылы емес, Арыс пен Шәуілдір арқылы жүретіндіктен жолға кететін уақыт біршама азаяды.

Одан бөлек, әлеуметтік маңызы бар «Түркістан - Сарыағаш» теміржол бағыты ұйымдастырылуда. Аталған бағытпен 2019 жылдың қаңтар айынан бастап пойыз жүреді деп күтілуде. Пойыздар аптасына 5 рет қатынайды. Жоспарға сәйкес жол жүру құны 740 теңге. Демек, Түркістан мен аудан, қалалар арасында жол мәселесі толық шешіледі. Сондықтан, қазір бар күшті облыс тұрғындарының әл-ауқатын көтеруге, әлеуметтік нысандармен қамтуға және Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени-рухани әрі туристік орталығына айналдыру бағытындағы жұмыстарға жұмылдырған жөн деп есептеймін.

- Ой бөліскеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қуаныш ТАСЫБАЕВ