#
#
Сейсенбі 24/10/2017

Қайрат Келімбетов: БЖЗҚ қаржысы артығымен қайтарылады

  • 19.06.2017
  • 0
  • 498

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Әзербайжанның халықаралық банкінен қазақстандықтардың зейнетақылық қаржысын артығымен қайтарып алуға уәде берді. 

Бұл жайында ол саясаттанушы Досым Сәтпаев пен «Қаржылық еркіндік» қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің басшысы Бота Жұмановаға берген сұхбатында мәлім етті, хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаржының барлығы толық көлемде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) арнайы нұсқамен қайтарылады. Енді негізгі борышкер ретінде Әзербайжан үкіметі қарастырылады. Бұл өз кезегінде 2014 жылдың қазанында еурооблигацияларды 18 жылға 4 пайыз мөлшерлемемен сатып алғанмен бірдей», - деді Келімбетов.

«2014 жылдың қазанындағы 40 млрд теңгеге тоқталсақ, 2015-2016 жылдардағы құнсызданғаннан кейін онымен не болды? Теңгемен дәл сол сома қалды. Ал доллар мәнінде оның құны мүлдем басқаша болып қалыптасты. Долларлар толық көлемде пайызбен қайтарылады. Ештеңе болмағандай 250 млн доллар сомасындағы барлық қаржы пайызымен қайтарылады. Егер де теңгемен 15 жылға есептесек, ол қаржы айтарлықтай артық көлемде келеді», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, 2014 жылдың қазанында Әзербайжанның халықаралық банкіне 79 млрд теңге емес, 45 млрд теңгеден астам (долларына 180 теңге бағамымен) қаржы инвестицияланды.

«Сондықтан 250 млн доллар сатып алынды. Бұл ақша 2014 жылдың қазанында жүргізілген теңге бағамын түзету шараларынан қорғалды. Сонымен қатар бұл қаржы қайтарыла бастады. Бүгінде 50 млн доллар төлемдермен қайтарылды. Қазіргі бағаммен 17 млрд теңгені құрап отыр. Яғни 45 млрд салдық, 17 млрд теңгесі төленді. Енді қалғанын әзербайжандық үкімет тиісті жолмен қайтаратындығын айтты», - деді Қайрат Келімбетов.

Сонымен қатар ол өзінің БЖЗҚ директорлар кеңесінің құрамына енуінің басты себебі әзербайжандық банктің облигацияларына салынған қаржыны толық көлемде қайтаруға қатысты екенін атап өтті.

«Бұл қаржы қайтарылады», - деп қадап айтты Келімбетов.

0 пікір

Пікір қалдыру

БАННЕР