22 там, 2019 сағат 16:14

Қайнар Олжай. Қол мен қоғам

Қолдың тұрған орны адамның қоғамдағы орнынан хабардар етеді.

Большевиктер мен банкир

Бұл картина негізі Луврда тұруы тиіс еді. Бірақ, Франция астанасының айтулы музейінде жоқ, іздестірсек, мұхиттың арғы жағынан бір-ақ шығыпты. Вашингтон Ұлттық өнер галереясының меншікті мүлкі көрінеді. Тұпнұсқаны содан көре аласыз. Ал көшірмесін император Бірінші Наполеон Бонапарт немесе суретші Жак-Луи Давид туралы кітаптар мен сайттардан еш қиналмай табар едіңіз.

Осы картина мен өзіміз мектептегі оқулықтардан бастап көрген Абай Құнанбайұлының екі баласының ортасындағы фотосында керемет ұқсастық бар. Абайдың еуропалық ілім мен білімді еркін меңгергенінің белгісі ме, әлде Батыс эстетикасының түп атасын көшпелі халықтар қалыптастырғанының дәлелі ме, оны енді саралау қиын. Ал ұқсастық кәміл. Бірі қылқаламмен салынған, екіншісі жаңа шыққан фотография аппаратымен түсірілген екі суреттегі ишараның түбі ортақ.

Оны талқыламас бұрын өзіміз кезінде бір күн аралаған Вашингтон Ұлттық өнер галереясын сәл-пәл сипаттап кетелік. Музей атаулыға кіру ақылы біздің еліміз үшін тағылымды тұсы мол еді.

Бұл – тарихына әлі бір ғасыр толмаған өнер ордасы. Соған қарамастан сақтаған туындыларының молдығы жағынан Еуропадағы ежелгі музейлерді шаң қаптырып кетеді. Ал коллекция қалай жиналды дегенге келсек, оның өз қызығы бар.

Бастапқыда Ресей, кейін Кеңес Одағы аталатын алып елде Ақ патшаны тақтан құлатып, билікті қолға алған большевиктер он жылда қаржы тапшылығына ұшырады. 1929 жылы қызылдар үкіметі Эрмитаждағы құнды картиналарды валютаға сату жөнінде шешім қабылдайды. Сол тұста АҚШ-тың қаржы министрі, өзі миллиардер һәм банкир Эндрю Мэллон көбін сатып алған. Арасында Тициан мен Санти, Рембранд пен Давид қылқаламынан шыққандары жетерлік.

Вашингтон Ұлттық өнер галереясының ішкі көрінісі

Вашингтон Ұлттық өнер галереясының ішкі көрінісі / russiantouramerica.com сайтынан алынды

Өзі өмірден өтер тұста Мэллон жиған картиналарын "америка ұлтының ортақ меншігі болсын" деп аманаттайды. Әрі ол үшін музей салғызуға 10 милилон долларын жеке бөліпті. Міне, болашақта біздің елімізге керек бір тағылым осы тұста андағайлап тұр.

Бұл құрылыс 1941 жылы бітіп, Вашингтон Ұлттық өнер галереясы аталады. Ақ мәрмәрды қашап қаланған еңселі ғимараттың кірер есігіндегі биік баспалдақтар өнердің ұлылығы мен асқақтығын аңғартқандай. Кіру тегін. Галереяда Мэллон аманаттаған картиналар ғана тұрған жоқ. Беріде оған тағы көп тамаша туындылар қосылды.

Аукцион арқылы Қайта өрлеу дәуірінің алыптарының небір кереметтері алыныпты. Бұл тақырып бойынша ол Қайта өрлеу құбылысын тудырған Батыс Еуропаның кез-келген музейінен бай деп саналады. Одан берідегі Ван Гог, Пабло Пикассо қаламына шыққан картиналардың көпшілігі осында. Сурет өнеріндегі авангардшылар атанған Энди Уорхол мен Александр Колдер де бұл жердегі коллекция сапында тұр.

Бірінші ғимарат тарлық еткен соң шығыс жағынан екіншісін қосып салыпты. Келесі батыс шетінде үлкен хауіз атқылап тұр. Оның айналасы мүсінге толы.

Осы Вашингтон Ұлттық өнер галереясынан әлгі картинаны көріп едік. Бір тұсы Абай атамыздың фотосына қатты ұқсаған. Кейіпкердің тұрысы мен Абай атамыздың фотодағы отырысында қандай ұқсастық барын саралаудан бұрын бұл картина кімге арналды және кім салды, соған тоқталайық.

Император мен суретші

Француз тарихында айрықша ізі бар, тіпті орыс елін ойрандаған, ақырында айбынды әскері башқұрт-қазақ атты сарбаздарынан сойыл жеген Бірінші Наполеон Бонапарттың ең танымал, әсерлі портретін Жак-Луи Давид деген суретші салыпты. Вашингтон Ұлттық өнер галереясынан көргеніміз сол. Мұны да большевиктер Эрмитажда тұрған жерінен бір америка тракторының бағасына бере салды ма екен деп топшыладық.

Жак-Луи Давид – сөз жоқ, француз арасынан шыққан ең мықты суретшінің бірі. Өз елінде ХІХ ғасырда оған тең келер қылқалам шебері болмаған деседі. Классикалық үлгідегі портрет салудың тәжірибелі шебері атаныпты.

Тарихи зерттеу кітаптарына қарағанда император суретшінің алдында бұлай керіліп тұрмаған. Салынған уақыты да Наполеон Бонапарт үшін қолайсыз соққан 1812 жыл көрінеді. Суретші елдің билеушісін, тіпті Еуропаның бірқатар елдерінің билеушісі болмақ ниеттегіні өзінің есінде қалған детальдар бойынша салыпты. Оған дейін бірнеше рет жүздескен, кабинетін көрген, содан кейін Давид тәуекелге бел буып Наполеонның портретіне кіріседі. Сөйтіп қараған адамның бәрі француз императорының ең табиғи қалпын бейнеледі деп бағалайтындай келбетін кенепке түсірген.

Жак-Луи Давид салған француз императоры Бірінші Наполеон Бонапарт

Жак-Луи Давид салған француз императоры Бірінші Наполеон Бонапарт / thesun.co.uk сайтынан алынды

Суретке көз салсаңыз, билеуші өз кабинетінде бір қырынан мойнын аздап солға бұрып тұр. Айналасындағы жиһаз: алтынмен апталып, қызыл паршамен қапталған орынтақ пен қызыл мауыты жабылған үстел сол кездегі ең бай тұрмыстың белгілері саналған. Әлгі орынтақта белден ағытылған қынаптағы семсер жатыр. Осы тұсын тамашалағанда біздің Мәди Бапиұлының "Серінің сертке таққан семсеріндей" деген өлең жолы ойға оралды. Иә, француз императорының қолбасшылық қабілетін қайдам, ал теңдессіз сері болғаны тарихтан белгілі.

Билеушінің білімін білдіруге барынша тырысқан суретші Давид сиясауыт пен қаламды және данышпан Плутархтың кітабын ұмыт қалдырмайды. Шиыршықталған қағаздарда мемлекеттік маңызды құжаттар жазылған сияқты. Тоқтаусыз жанып түгесілуге жақындаған майшам мен қабырғадағы сағаттың тілі Наполеонның түнімен тынымсыз жұмыс істегенін аңғартады.

Киімі қандай десеңізші? Төменнен бастасақ туфлиі дүкеннен жаңа алғандай жарқырап тұр. Өзін алтынмен оқалап қойған. Сәнді аяқ киім жасауда француздардың әлемде алдына жан салмасына осы картина дәлел болғандай. Наполеонның бұтында кіршіксіз ақ шалбар. Үстінде алдыңғы жағы ақ, иығы мен жеңі қара жилет. Жеңнің ұшын қызыл матамен көмкеріп, алтын түймелер қадаған. Ондай алтын түймелер кеудешенің екі жиегіндегі ақ пен қара маталардың түйіскен тұсына да тағылыпты. Билеушінің жүрек тұсына алақандай әлдебір орден қадалған.

Қазақтар құданың алдына қоятын қос табақтай эполеттің сәндісін айтсаңызшы. Әскери киімнің бір бөлшегіне айналған, әрі әлемге тарап кеткен бұл заттың аты французша "иық" дегенді білдіреді. Көне анықтамаларға көз салсаңыз, эполет бастапқыда иықты қылыштан сақтап қалу үшін жасалып, кейін жоғары шенді қолбасшылардың айырым белгісіне айналған деседі.

Фотография жоқ заманда кабинет пен киімді соншалықты дәлдікпен бейнелеп шығу – Жак-Луи Давидтің асқан талантын білдіреді. Картинаны сый ретінде қабылдаған кезде император қатты толқып, суретшіге дән риза болыпты. "Қымбаттым Давид, сен мені түсіндің" депті. Неге?

Наполеон мен Абай

"Неге риза болды" деген сұрақтың жауабы мынадай. Бұл – әрі Наполеонның осы суреті мен біздің Абайдың екі ұлының ортасында отырып түскен фотосындағы ұқсастықтың неде екенінің жауабы. Билеуші де, ақын да оң қолдарын кеудеден төмен, кіндіктен сәл жоғары тұсқа қойыпты. Тек, императордың саусақтары кеудешенің ішіне сұғылса, ақынның алақаны шапанның сыртында тұр. Бірақ, екеуі де қолы бір тұсқа қойған.

Қазақ ақыны Абайдың екі ұлының ортасында отырып түскен фотосы

Қазақ ақыны Абайдың екі ұлының ортасында отырып түскен фотосы / abaialemi.kz сайтынан алынды

Адамның қолы ең қажетті дене мүшесінің бірі екені даусыз. Осы мақаланы компьютерде сартылдатып біз де қолымызбен басып отырмыз. Кейде қолмен белгі беру арқылы сөз айтпай ұқтыратын, түсіндіретін кездер болады. Қол бұлғау – қоштасқанның белгісі. Амандасқанда қол ұсынасыз. Мәртебелі мейманды қол қусырып қарсы алу – бүкіл әлемде бар әдет сияқты. Әлдебір қызғылықты іске кірісерде қолыңызды ысқылайсыз. Майданда жеңілгенін мойындаған қарсылас екі қолын көтереді. Осымен жете ме?

Ауылда өстік. Сонда ара-тұра әйелдердің ұрсысқанын көрдік. Олар ұрысты бастамас бұрын мықындарын таянып алатын. Атамыз қазақтың небір керемет сөздерінен мақұрым өскендер үшін түсіндіре кетейік, қолды бүйірге тіреп қоюды – "мықынды таяну" дейді. Мұндай күйде тұрғанымызды көрсе, әжеміз міндетті түрде ескерту айтатын.

Қолды бүйірге тіреп тұру – адамның басқыншылық жасау ниетін аңғартады. Ұрсысатын әйелдер өз сана-сезімдерінен тысқары жағдайда осылай мықынын таянады, сөйтіп бір-бірінің намысына сөзбен жасалатын басқыншылықты бастайды.

Жер бетіндегі жойқын жорықтарымен аты шыққан Ескендір Зұлқарнайынның, Шыңғыс ханның, Әмір Темірдің және бірталайының фотосы жоқ. Олар – фотография шыққанға дейінгі уақыттың тұлғалары. Тіпті, мына Наполеон фотография пайда болғанша өліп қалды. Ал кезекті басқыншы Гитлердің ең белгілі фотосында ол оң мықынын таянып тұрғаны мәлім. Ерікті ме, жоқ еріксіз түрде ме әйтеуір жер жүзіне өзінің агрессиялық ниетін осылай аңғартыпты.

Біз мақаламызды безендіретін, жазған сөзімізді айғақтайтын суреттер мен фотоларды іріктегенде фюрердің әлгі суретін көрсетуден саналы түрде бас тарттық. Бірнеше жыл бұрын Гитлер туралы арнаулы нөмір шығарған журнал қожасының басы дауға қалған. Қазақ "пәледен машайық қашыпты" демей ме?!

Қолды қалай ұстауда мән бары туралы тағы не бар дегенде және ауылымыз ойға оралады. Әлі таяқтың көмегіне жүгіне қоймаған қариялардың бәрі қолдарын артына қайырып ұстап жүретін. Беріде білсек, бұлай жүру арқылы адам өзіне деген сенімділік пен айналадан биік беделді аңғартатын көрінеді.

Ал Абай мен Наполеонның жүректен төмен, кіндіктен сәл жоғары қойаған оң қолы ненің белгісі? Бұл сұраққа сонау 1738 жылы жарық көрген "Үлгілі тәртіп кітабы" жауап береді. Оның авторы Нивелон "оң қолды кеудеден төмен киімнің ішіне сұғып немесе сыртына қойып тұру – қоғамдағы орны басқалардан жоғары әрі жаны ізгі адамның белгісі. Ондай адамның бойынан ерлік пен қарапайымдық қасиеттері қоса табылады" деп жазып кетіпті.

Наполеон өз отандасының "Үлгілі тәртіп кітабын" оқыған шығар.Соны білгендіктен қоғамдағы орны жоғары екенін бейнелеген суретшіге қатты риза болған. Жоғарыда жазғанымыздай, сүйсінгеннен "Қымбаттым Давид, сен мені түсіндің" деген ғой.

Біздің Абай атамыз ше? Ол орыс тілі арқылы еуропалық кітаптарды өте көп оқыған. Оны Семейдегі кітапханадан алып отырған. Ендеше қолына Нивелонның еңбегі түсуі ғажап емес. Немесе өзінің оқымысты достары мен таныстары Е. Михаэлис, Н. Коншин, А. Леонтьев, Н. Долгополов және басқалары арқылы бұл туралы естуі де бек мүмкін.

Леонтьевтің Абайдан сол кезде Батыс пен орыс дүниесіне кең тараған Джон Дрэпердің "Еуропаның ақылының даму тарихы" кітабы туралы екі сағат емтихан алып, білімін мойындауы тегін бе? Дрэперді талдап оқыған ақын Нивелонды да терең білген-ау! Содан барып фотоға түскенде оң қолын кеудеден төмен тұсқа қойып отырған.

Өлеңімен, қара сөзімен, дау мен съездердегі төрелігімен қоғамдағы орны биік екенін баршаға мойындатқан данышпанымыз мына отырысы арқылы да соны аңғартып кеткен деп білеміз!

 

*Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.


Қайнар Олжай, публицист

informburo.kz