10 қаң, 2018 сағат 14:28

Қайнар Олжай. "Баян сұлудың" басты сабақтары

Осы сериал қалай көрсетіле бастады, солай лап ете қалған дауға қатысушы да, арашашы да емес едік. Түрлі себептерге орай. Бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Өмір Шыныбекұлы өз постының астына «бұл жәйтке Бейсен Құранбек пен Қайнар Олжай сынды мамандар не дер екен» деп сауал тастағанда пікір білдіруден бой тарттық. 

Енді осы талқылауды бастаушылардың бірі, қаламгер қарындасымыз Анар Төлеуханқызы Төлеухан өз парақшасында «Қайнар Олжайға хат» жариялапты.

«...Заманалар көшінен көнермей, қайта жауһардай жарқырап, ұлттық мақтанышқа айналып "Қозы Көрпеш-Баяндай бір молада өлсек-ай" дейтін махабаттың символына, сұлулықтың символына кір жағылды. Көңілдердің төрінен орын беріліп қастерленген бейнеге Ұлттық арнаның тапсырысы бойынша пародия түсірілгеніне жан ауырды. Кейбіреу үшін қоғамда бұдан да өзге проблемалар жетіп артылып жатқанда бір шыққан хикаяттың соңынан қалмағандай көрінсек те, қазіргідей қазақы қалып, қазақ тілі, қазақ рухани əлемі өлара кезеңде, сын сағатта тұрғандай уақытта ұлттық қазынаны қолжаулыққа айналдыру түбі неге апарып соқтырады деген қауіпке толы ой маза бермейді. 

Қадірлі Қайнеке! Сіз осы əлеуметтік желінің белсенді қолданушысы, əрі ана тілдің жанашыры, əрі өзіңіздің біліміңіз бен білігіңізді, мол тəжірибеңізді, қаламыңыздың қайратын кейінгі буынға жомарттықпен жұмсап, осы желіде дəріс те беріп жүрген жансыз. Артынан ерген ізбасарға ізашар көрсетер сара жолды қасқайып салып келесіз. Сонда деймін-ау, Қайнар аға-ау, өзіңіз еңбек ететін арнадан осындай жосықсыз жолдың жасалуы қалай? Көркемдік кеңес деген жоқ па? Бар болса мұны қалай жіберді? Ал жоқ еді десеңіз оның мəнісі қалай, сонда эфирден өтер дүниелерді ешкім тексермей ме? Не айтасыз бұған?»

Енді шегінер жер қалмаған. Бұл сериалды істе татығысыз еткен Қазбек Исаның, Өмірзақ Ақжігіттің, Айгүл Болатханқызының, Бақыт Жаншаеваның және басқалардың пікіріне қанықпыз. Қорғап шырылдаған жақтан да ондаған постарды оқыдық. Өз ойымыз өзімізде ғана еді. Қажеті болса кейін, жылдар өткен соң телевизияға қатысты әлдебір ақыл-кеңес, пайымдау кітабымыздың бір тұсында мысал ретінде еске түсірерміз деп жүргенбіз. Жоқ, майдан шебі тура іргемізге тірелген көрінеді. Айтайық.

1. Баянға байланысты

Баянды ежелгі Есентаева, бірер маусымдық Мақсатқызы, берідегі Алагөзова кезінде бір көрмеген екенбіз. Тіпті телефон, тым құрмаса гаджет арқылы тілдеспегенбіз. Ой-арман, мақсат-мүдде, көзқарас пен қызығушылық, тіл мен діл және басқасының ешбірі ортақ болмағаннан шығар. Фейсбук, инстаграмдағы жазылушысы емеспіз, кітабын қолға ұстамадық. Ол ойнаған, әлде түсірген фильмдердің ешбірін көрмедік. Шығарған эстардалық па, басқа ма топтарының бірде-бір концертін тамашалаған жоқпыз. Оның қыздары (үйіндегі емес, құрған топтарындағы) айтқан әндерінің тыңдаушысы емеспіз. Бір елде, тіпті бір қалада шығар, өмір сүрсек те, бір сала – телевизияда жүрсек те жүздеспеппіз. Екеуміздің әлеміміз екі басқа екені хақ. Сондықтан Баян қандай продюсер, қаншалықты маман деген сұраққа еш жауабымыз жоқ. «Қолы көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған» деген мақалды Баян мен ол түсірген «Баян Сұлу» сериалына қатысты қолдануға бола ма, болмас па, ол жағын білмедік. Сонымен нүкте!

Келесі сөзіміз Ерлан Қаринға қатысты.

2. Қаринға қатысты

Иә, бұл күндері (2017 жылғы желтоқсанның соңынан 2018 жылғы қаңтардың басында) Баян Алагөзовамен қатар Ерлан Қаринның бақшасы түтіндеп жатыр. Әлеуметтік желіде тағы да екі жақ бір-біріне жеңістік берер емес. Біз не дейміз? 

Объективті себеппен ештеңе дей алмаймыз. Себебі, қазір Қарин басқарма төрағасы болып отырған корпорацияның қызметкеріміз. Оның көзқарасын ресми түрде қолдауды да, даттауды да өз моралімізге жат деп санаймыз. Күндердің күнінде Ерлан Тынымбайұлы бұдан да жоғары басқа мансапқа жетіп (лайым солай болсын, қабілет-қарымы жеткілікті жігіт) жатса, яғни қол астында істемейтін болсақ, қызметін, тұлғасын бағалар едік. 

«Қол астында» дегеннен шығады, Ерлан Қарин ертеректегі сұхбаттарының бірінде өзін телевизияға тартқан біз екенімізді ауызға алған. Рахмет! Бірақ, онда штаттағы қызмет емес, бар болғаны «Хабар-2» арнасындағы шетел шолуына арналған бағдарламаның жүргізушілігі еді. Соның өзін ұмытпаған! 

Субъективті себепке келсек, біздің бағалауымыздың бұл азаматқа қажеті шамалы. Өзін танытты. Президент Әкімшілігі, «Нұр Отан» партиясы орталық кеңесі сынды салмақты да салиқалы мекемелерде жауапты қызметте жүрді. Қазақ стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. Демек, қатардағы журналист Қайнар Олжай қалай бағаласа да, одан Ерлан Тынымбайұлының жүгі де ауып қалмайды, тасы да өрге домаламайды.

Кісілік «лайк» санаумен өлшене бастаған мына заманда жағымпазданудың жөнін таппадық. Бір ұжымда қызмет істеп отырып бет жыртысуға ар-ұят деген қазақы қасиеттерден аттап өте алмасымыз және анық. Сонымен нүкте!

3. Басқаларды бақылағанда

Жоғарыда қаншама постар мен комментарилерді көзіміз шалған дедік. Арасында жөндісі бар, жөнсізі бар. Қисындысы бар, қисынсызы бар. Бір ғана нәрсені аңғардық: ежелгі дастан «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» бүкіл қазақ білетін болып шықты. Тіпті орыс тілдісі де. Серік Абас шах досымыз ара-тұра «ғажап» деп комментарий қалдыратын. Мынау – нағыз «ғажап».
Мектепке бармай тұрып үйдегі жалпақ, қоңыр мұқабалы кітаптан ежіктеп оқығанбыз. Бастауыш кластардан кейін судыратып оқыдық. Жазғы каникулда Боғас деген өзеннің бойында ауылдың сиырын кезекпен бағатынбыз. Сонда талдың көлеңкесінде, судың жағасында маса мен сонаға таланып жатып та оқығанымыз есімізде. Мектепте Зүбайла мұғалім «осы дастаннан әр оқушы кемі он шумақ жаттап келсін» деп үйге тапсырма беретін, ал класта тақта алдына шығарып «Қозы мен Қодарды салыстырып сипаттандар» деп тағы талап ететін. 

Ақыр аяғында университетте «Қазақ ауыз әдебиеті» пәні бойынша алдыдан шықты. Бұл жолы ең елеулі, толық дастан деп ғылыми түрде танылған Жанақ ақын қалдырған нұсқаны басқалардікімен жарыстыра талдаған – профессор Сұлтанғали Садырбаев. Жарықтық қызық кісі еді. Жырды түсіндіріп тұрып «Қодар өзі қазған қырық құлаш құдықтан шығар деп Баянға жалынады,- дейтін. -Баян бұрымын төмен тастап Қодар содан ұстап тырмасып шығып келе жатады. Тура жер беті, жарық дүниеге жақындағанда Баян мұны шығарсам ба, шығармасам ба деп ойланады. Сосын қайшыны алып өз бұрымын өзі кесіп жібереді. Қодар қырық құлаш терең құдыққа қайта құлайды». Осылай деп Сұлтекең өзінің алдындағы үстелге үңілетін келіп. Тура қырық құлаш құдықтың түбіне қарағандай. 

Байқасақ, тура осылай бес рет оқып, жырды жатқа айтпаса да толық білетіндердің салиқалы сөзі бар да, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» деп жазып жатқандар бар. Соңғысы көптеу сияқты. Бәрібір жүздеген посты біз емес, уақыттың өзі-ақ жарыстырады. Құнды, салмақтысы жарқырап сақталады, жаңқа, қоқымы ағыспен бірге жоқ болады. Жыр ғана емес, корпорация өміріне қатысты да нақ көрсеткен мен долбарлап нұсқаған пікірлер жыртылып айрылады. 

Кейбір қисынсыздарына назар аудартайық. Біреу мақтағанның жөні осы екен деп «Ерлан Қарин 25 жыл бойы ауыспаған логотипті өзгертті» деп соғып жіберіпті. Бұл енді – мүлде жойдасыз пайым. 

Біз корпорацияға Есетжан Қосубаев басқарған кезде келдік. Ол тұста екі әлде үш ақ жолақпен отау үйдің сұлбасын танытатын логотип болды. Қосубаевтан, оның алдындағы Сатыбалдиев, Көпішевтерден бұрын Ләйла Бекетова жасатса керек. Бастапқыда ішінде «1» деген цифр тұрған. Ежелгі көрермендердің «Қазақстан Бір» деп қалатыны содан. Біз осында Жаңалықтар қызметін басқарған Қосубаевтың тұсында ортасындағы цифры алынған отау тәріздес логотип тұрды. 

Басшылыққа Ғалым Доскен келген соң бұл таңба ту ұстаған салт атты бейнесіне өзгертілді. Тұтастай ребрендинг сәтті еді. Бағдарлама соңындағы титрлар, эфирге шыққанның кім екенін аңғартатын субтитрлар, аңдатпалар бір жүйеге түсті. Тек, бұл байрақ ұстаған салт атты таңбасы қазақтан әріде тасқа қашалғаны талассыз. Тұтас түркі халықтарының ортақ телевизиясы ашылатын болса, тура осы логотипті қайта тірілтуге болар еді деп ойлаймыз. 

Нұртілеу Иманғалиұлы басқарған кезде логотип ұлттық қошқар мүйіз түріне ауысты. Жанай Омаров төраға болғанда енді ашылған «Балапан» арнасының логотипін жасатты да, «Қазақстанның» таңбасына қолын тигізбеді. 

Нұржан Мұхамеджанованың басшылығының бірінші бөлігінде қошқар мүйіздің бояуы бұрынғыдан қанық бола түссе, екінші бөлігінде «Қазақстан» жазуы жіңішке жолақ түріндегі көк пен сары түс аясына орналастырылды. Бергі Қарин жасатқан логотип көп назарында. 

Біздің айтпағымыз: мақтау да, даттау да жөнімен болғаны ләзім еді. Бірақ, мына ала топанда телевизия тарихынан, оның ішек қырындысынан хабары барлардан гөрі ішкі есеппен айғайлап қалушылар басым сияқты.

Мақтау мен даттау демекші, Қадыр марқұмда ұмытпасақ, «Бата» аталатын өлең болушы еді.

Балам, озық өрен бол,
Қыз көзіндей терең бол.
Даттады ма құлақ сал,
Мақтады ма керең бол! 

Есте ұстар нәрсе – бұл. Сол «Батаның» арғы жағы: 

Күтіп тұрса тыста қол,
Басқаруға ұста бол.
Кенен ойға ұзын бол,
Қызыл тілге қысқа бол!- деп жалғасатын. 

Дәл қазіргі дауда ең қажетті тілек еді. Бірақ, бергі Қадыр не, арғы Абай, одан арғы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» көтеріп ұстайтын байрақ емес, қол сүртетін шүперекке айнала бастаған дәуірде «кенен ойға ұзын, қызыл тілге қысқа болу» – ең қиыны екен. Жалғыз риза болған комментариіміз – Жұлдыз Әбділданың «мен үнсіз қалғанды жөн көрдім» дегені.

4. Жүйенің құрбаны мен көненің киесі хақында

Бұл сериалдың шыға сала жұртшылықтың жаппай сын тезіне түсуі неден? Баянның түсіруінен бе? Қарин басқарған корпорацияның тапсырыс беруінен бе? Жоқ. 
Заңнан. Қазіргі тәртіптен. 

Бірде-бір сыншы да, қорғаушы да әзірге бұған көңіл бөле қоймады. Өткенде белгілі микробиолог ғалым, Астанадағы Назарбаев университетінің іргетасын қалаушылардың бірі Кеннет Алибектің (Қанат Әлібеков) егжей-тегжейлі сұхбатын оқыдық. Талай жәйтке қанықтық. «Мәңгі өлместің суын іздеу» туралы қаңқуға нүкте қойыпты. Қайтара кетем дегенде Мемлекет басшысының алдынан өтіпті. Өзінің АҚШ-қа оралу сырын түсіндіріпті. Осында Кеннет Алибек Қазақстандағы ғылым мемлекеттен тапсырыс алған күні мойнына өзін буындырған арқан ілетінін тап басып айтқан. Оның айтуынша, Қазақстанда қаржы ғылыми зерттеу орнына тек наурыз айында түседі. Демек жылдың үш айы босқа өтті деген сөз. Ал жылды қорытындылайтын есеп желтоқсан айында берілуі керек. Тіпті желтоқсанның ең басында жылдық есеп жиналатындықтан, кейбіреулер әлі атқарылмаған зерттеуді атқарылды деп жазуға мәжбүр болмақ Бұл Кеннеттің сұхбатынан біздің ойымызда қалғаны. Міне, отандық ғылымда ғана емес, телевизия саласына осы көрініс тән. 

Наурыз айында шарт жасасып, желтоқсан айында алты сериалы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлуды» өткізіп беру – осы жүйенің құрбаны болу. Иә, корпорация басшылығына келген Ерлан Қарин бұрын стратегиялық зерттеу саласының маманы ретінде тоғыз айда алты сериалы тарихи драма түсірудің мүмкін болмасын анықтап, алдымен жүйені өзгертуге ұмтылғанда қазіргі жағдайға тап болмас еді. Телевизия саласының маманы Баян Мақсатқызы (біздің шамалауымызша, бұл оның Мақсатқызы болып жүрген кезі) көп сериалы тарихи драма түсіріп, монтаждап, өткізуге тоғыз айдың аздық етерін түсіндіруі, киноға кіріспес бұрын бұған дейінгі тәртіпті өзгерту керектігін талап етуі керек еді. Жоқ, өкінішке орай олай болмады. «Баян Сұлудың» бірінші ащы сабағы осында жатыр. 

Сериал түсіру жұмысының дайындықсыз, немесе азғана дайындықпен ғана басталғаны даусыз. Сіз басқа түгіл, қой сойғанның өзіне (біз қой сойғанның мысалына киноның өзін талдағанда ораламыз әлі) дайындаласыз. Аяғын буатын жіп керек. Бауыздап, сойғанға өткір бәкі керек. Бәкіге қайрақ қажет. Бауыздау қанын шашыратпау үшін не шұқыр қазасыз, не ыдыс табасыз. Ішек-қарнын ақтару мен тазалауға да көлемді ыдыс әкелесіз. Оны тазалау үшін су жылытасыз. Тұз дайындап аласыз. Бас-сирақты үйтетін ошақты, қазіргі ықшам газ баллонын басындағы қондырғысымен әзірлейсіз. Мүшелеп, тұздалған етті кешкілік шыбын басылған соң іліп, сорғытып, кептіріп алатын керме ағаш та дайын болуы керек. Көрдіңіз бе, бір жұмыс – қой сою үшін қаншама қосалқы іс атқарылады. Ал, тарихи драманы тоғыз айда іске кірісу құжатынан істі атқару құжатына дейін орындап шығу – өте тәжірибелі, жыл сайын осындай іспен айналысқан, базасы мықты, мамандары шетінен «сен тұр, мен атайын» дейтін үлкен компанияның тірлігі еді. Баянның командасының оған лайық болмағанын бүгін бәрі айтып жатыр. Басты, бірінші қателік – асығыстықта. Екі жақ та «мемлекеттік тапсырыс» атты қалыптасқан жүйенің құрбаны болып кетті. 

Екінші өкініш тура осы тарихи дастанның таңдалуында. Қаринды түсінеміз. Жаңадан келді, жарқ етіп көрінбек болды. Баянды түсінеміз. Баяғы «Қыз Жібектің» даңқын қайталамақ керек. Бірақ, аяғы қоғамдағы үлкен дауға ұрындырды. Неге? Мәселе – киеде!

Иә, бұл әрбір қазақ үшін киелі дүние болатын. Жырдың өзі киеден басталатын еді. Қарабайдың өтініші бойынша буаз маралды атқан Сарыбай мерт болады. Маралдың киесі ұрады. Тура осындай жағдай жақында орын алды десек, сенер ме едіңіз. Алатаудан марал атқан аңшы жігіт сол тау басында аяқ астынан қан қысымы тасып қайтыс болды. Қасындағы жолдастары оның денесін биіктен өз күштерімен түсіре алмай, біреуі денені итқұстан қоруға қасында қалып, қалғаны етектегі елден көмек әкелуге кетіпті. Анау жолдасы мәйіттің басында бір тәулік тау үстінде қонған. Марқұмның 2018 жылы 6 қаңтарда қырқы берілді. Иманы саламат болсын! Бүгінгі оқиға мен жыр алғаш пайда болды дейтін уақыттың арасында аттай сегіз ғасыр жатыр. Ал буаз маралдың киесі бұрынғыдай. 

Осы ұзақ уақытта «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанының өзі киеге айналды. Басты себептері – махаббатты жырлағаны мен қазақ елі мен жерін қамтуы. Балталы мен Бағаналы ел (рулар) бар ма? Бар. Бақалы мен балдырғанды көл бар ма? Бар. 

Сексенінші жылдардың ортасында жастарға арналған «Лениншіл жас» газетінің Қарағанды, Жезқазған және Целиноград облыстарындағы өз тілшісі болып қызмет істедік. Қарағандыда тұрдық. Онда қазақтың білімдар, ізгі, зиялы қариясы Жайық Бектұров тірі еді. Репрессияда Бекмаханов, Мұхамедханов, Қаратаев, Ысқақов және басқалармен қатар Сібірге айдалған. Сталин өлген соң ақталып, Қарағандыда тұрды. Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін басқарды. Алдында Жәнібек деген ұлы Алматыдағы университетте бізге сабақ берген, ерте қайтыс болып кетті. Біз ақсақалдың көңілін аулап, әрі әңгімесін тыңдауға Бейбітшілік бульварындағы пәтеріне келіп тұратынбыз. Бір жолы сөз осы «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастаны туралы бола қалды. Ақсақал Қазақстанның картасын алдына жайды да, Айбас батырдың сәлем ретінде алған заттарды түсіріп алатын жерлерін түгендеп берді. «Міне – Шідерті, шідер жоғалатын жер. Мынау Моншақты тауында Баянның берген моншағы қалады. Міне – Мейізек тауы мында. Аңғал Айбас сәлемдемеге берген мейізді осында түсіріп алған. Қарқарасы қалған Қарқаралы тауы картада онсыз да бадырайып тұр. Шұбарайғыр тауы мынау. Жорға тауы мұнда. Абыра қалған Абыралы мына аймақта тұтас аудан болған. Жалау қалған Жалаулы және бар». Қарттың ол кезде еті қаша қоймаған доғал саусағы картадан Арқа төсін армансыз түрткілеген.

Бұл – бір Айбастың екі араны қайта жалғастырған жолындағы атаулар. Одан басқа Қарабайдың малы жайлайтын Түйемойнақ, Маңырақ, Жылытау, Сауыр мен Сайқан да сол қалпы сақтаулы. Алматыдан Аягөзге қарай пойызбен шықсаң Таңсық стансасынан, ал автокөлікпен шықсаң Ай ауылынан өтесің. Киелі емей немене! 

Мұның алдында киносы сәтті болып әлемді шарлаған, ұлттық рухани сандықтағы алтын қазынаға айналған, қазір «Баян Сұлуды» түсіргендердің сорына бәрі содан салыстыру іздеген Қыз Жібектің оқиғасы да біздің жерімізде өткен. «Фархад пен Шырын», «Ләйлі-Мәжнүннен» гөрі жанға жақындығы содан. Қобыланды шауып өтетін Қараспан тауы да қазақ үшін киелі. Ал Алпамыс қазақ пен өзбекке ортақ.

Тарайды арғы атамыз алты арыстан,
Бірінен біреуіне салты ауысқан.
Қазақ боп, өзбек болып бөлінгенмен,
Біз барып қосыламыз Алпамыстан,- деп жыр жазған Қадыр Мырза Әли.

Қорқыт тіпті, түрік, түркімен, әзірбайжанға ортақ оғыз заманынан қалған мұра. Ал, «Қыз Жібек» пен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» – тек қазақтың өзінікі. Киелі емей, немене! 

Бірақ, сол Қыз Жібектің моласы жоқ. Жарайды, Жайыққа суға кетті делік. Төлегеннің моласы мында дегенді естімедік. Ал, Аягөз өңірінде Қозы мен Баянның ортақ зираты әлі тұр. 

Жол түсіп ұрпақ, Таңсыққа барсаң тегінде,
Бір соқпай кетпе күмбезге сонау көрінген.
Қазақтың осынау қасқайып тұрған төрінде,
Бабаларыңның махаббаты көмілген...-, деп жазып кеткен Мұқағали. Киелі емей немене!

Ауылдағы қоңыр кеште жарықтық Ханымия әжеміз аңыз айтатын. Сол жырдың сарынымен. Бір-біріне талпынған екі гүл, ортасында өскен қараған туралы айтатын. Екі гүл – Қозы мен Баян, қараған – Қодар. Сұмдық әсерленетінбіз. Сол әсермен өстік. Сол әсерді арзан, рухани құндылығын айтып отырмыз, сериалға айырбастамас едік. Біз үшін бала кезде естіп, кинодағыдай көз алдымызда тұратын, өздері жылда көктейтін екі гүл мен оларды бір-біріне жақындатпайтын қараған туралы көрініс қымбат. Киелі! 

Демек, түсіру тобы, түсіру тобы ғана емес, идеядан монтажға дейінгі аралықтағы команда тәуекелге бармай тұрып, мықтап ойлануы керек еді. Киемен ойнауға болмайтынын. Кие ұрып жығатынын. Жырда ғана емес, бүгінгі өмірде де.

5. Сөз сабақтау 

Алты серия өте шықты. Артында жарты айлық шу қалды. Екі жақ таласқа түскен дау қалды. Ал, басқа не қалсын?

Жұрттың бәрі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудан» баяғы «Қыз Жібек» фильмінің әсерін күтті. Іздеді. Оны әлеуметтік желіде Назгүл Қожабек қарындасымыз жақсы атап өтті. «Ғабит Мүсірепов жоқ жерде енді қандай «Қыз Жібек» болсын». 

Иә, «Қыз Жібек» фильмінде кейін тұрақты тіркеске айналған сөздер көп еді. Әңгімеге біреу ортасынан килігіп кетсе «Бекежан мырза, сөзді бөле бердіңіз ғой» дер едік. Осы 2018 жылы 8 қаңтарда 60 жасқа толған Әндіржан атты курстасымыз жатақханада қыздардың бөлмесіне кіріп: «Жібекжан, қымызды қонақтар ішсін, бізге шай да жетеді» деп күлдіретін. «Біреудің басына қызыққан өз басын да ойлай жүргені жөн болар» дер едік кей жағдайда. «Қалауыңыз қасқалдақтың қаны, не адамның жаны емес шығар» дер еді аудиторияда қалжыңдаған қыздар. Бір кинодан осыншама теңеу, тұрақты тіркес ұлттық тіл байлығына қосылып еді. 

Ал, Баянның «Баянын» баяндасақ: «Бағымызға қарай алатын бай табылды». Қарабайдың қызы туралы айтқаны. «Күйеуді тапқан өзің. Қызды да өзің тап.» Бәйбішесінің Қарабайға айтқан сөзі. «Үйіне шымылдық құрғызып қойдық. Әкел де өзің отырғызып қой». Бұл да Қарагөз бәйбішенің аузынан шығады. Не тәлім, не тәрбие бар? Бұлар – өткенде алғашқы серияда жұртты шошытқан Баянның ата-анасына «Қодар ұнаса өздерің тиіп алыңдарыңнан» дегенінен басқа мысалдар. аны. Қодар Баянның құрбысы Талшынға бірнеше рет «Найсап» дейді. Қанша Қодар болса да қызға ондай сөз айтпаса керек. Басқа теңеулер баршылық қой. Иә. Талшын байғұстың естімегені жоқ. Қозы да Қодардан қалыспай оған «антұрған Талшын» дейді. Бірі жағымды, бірі жағымсыз екі кейіпкердің қызға қарата айтылған сөздерінің сыйқы осындай. 

Баянға шешесі әкесін жамандағанда «Қарақшылармен әбден әуейі болып алды» дейді. Ал керек болса! Қарабай мен Қодар және оның қасындағылар әуейі болса қандай көрініс шығарын көзге елестете беріңіз. Сериалдағы әр фильмнің басында «12 жастан асқан балалар көруіне болады» деп жазылған. Оған «тек естулеріне болмайды» деп қосқан ләзім. Өйткені, ананың аузынан қызына қарата «еркек пен еркек әуейі» дегенді жас балалар естімесін. 

Сөйлем құрауларында бықынаған қате жүр. Бұл сериал тіл заңынан жұрдай. «Бір өзің аттану керек». Баянның айтқаны. Дұрысы «аттануың» шығар. «Ондай орай өтіп кетті» дейді Қозы. «Орай» ешқашан өтпейді. «Орай», анығында «орайы» келеді. Қарабай «Қодар, қызымның еркін бер» дейді. Шамасы, «еркіне жібер» демек болған. Қодар «Ал Қозыны біреудің қалыңдығын алып қашқаны үшін жазасын тартатын болады» дейді. Не «Қозы», не «жазаға тартылатын» болып түзелуі керек еді. «Егер оған бірдеңе болса, менің тірі болғанымнан керегі жоқ» дейді Баян. Дұрысы «болғанымның» шығар. Қодар Баянға «Бір махаббаттың отын жаққанмен, бірін өлтіремін деп ойламайсың ба?» дейді. От өлмейді, өшеді. Оның үстіне құрмалас сөйлемнің бірінші бөлігінде «жаққан» деген соң, екінші бөлігінде «өшіріп» деуге міндетті.

Қозының әкесінің ағасы Әжібай би сый-сияпатты көрсетіп «мына сауғаны бәйбіше, өзіңізге арнайы әкелдік» дейді. «Сауғаны» жауды шапқан батыр беріп кететін. Кейде жомарттанған тонаушы тастайтын. Ал құдалыққа келген әрі елге сыйлы бидің «сауға» әкелгені – өз қадірін өзі кетіргені ме? Одан әрі маңғаз Әжібай би «Шүршіт сәнқойлары қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» дейді. Айтайын дегені «Шүршіт сәңқойларының қолына түсе бермейтін бұйым, бәйбіше», не «Шүршітте сәңқойлар үшін жасалған, қолға түсе бермейтін бұйым, бәйбіше» шығар.

Ары қарай тізе беруге алтын уақыттарыңызды алмайық. 

Қазақша сөздер тұрмақ орысша аударылған субтитрде өрескел қате тұр. Қозының Баянға айтқан «тұп-тұнық жанары, аққу мойны, шиедей ерні» дегені «чистыми глазами, шубами как вишня, с лебединой шеей» жазылған. Нанбасаңыздар, қарап көріңіздер, ақырғы серияның ең соңы осындай өрескел қатемен біткен. Шие түстес ішікті Баянның үстінен көре алмадық. Көбіне құлын жарғақпен жүрген еді. «Губа» мен «шуба» сөздерін шатастырғанда бізде қате бықып жүретінін орыс тілділер де сезсін дегендері шығар. 

Орысша субтитр демекші, оның пайдасы да тиетін тұсы бар. «Таңқы, таңдау сенікі» дейді Қодар қарақшыларының біріне. Анау қайдағы таңқы, мұрны аузына түскен біреу. Әйтеуір орысшасында оны «куроносный» деп беріпті. Шамасы қазақша сөзден емес, фильмдегі көріністен жөндесе керек.

Баян қашып кеткен соң Қарабай «Естідіңдер ме маған бөзек етіп тұр» дейді. «Бөзек» - жергілікті диалект сөз. Жалпы ұлтқа арналған фильмде ондай азғана аймақ түсінетін диалект болмағаны абзал. 

Қозы мен Баян бірі жирен қасқамен, бірі ақбозбен қашып келе жатқанда Қозының аты жығылады. Қозы «күрең атым-ай, мұның не?» деп күйінеді. Күрең мен жиренді ажырата алмаған аңғал бала ма сонша? Сол атына қарап «Егер көкте арғымақтарға орын болса, сонда кездесерімізге сенемін» деп толғанады. Мынау Баянға да арнамаған сөзі ғой. Сосын Баянға қарап «жілігі үзіліп кетіпті» дейді. Жілік үзілмейді, сынады. Өйткені, ол бір сүйек, бірнеше сүйек жалғасқан омыртқа немесе мойын үзіледі. 

«Саған тіккен шаңырақты» дейді Қарабай Қодарға. Шаңырақты көтереді. Отауды тігеді. Құрсыншы. Енді қазақ тілінде мүлде жоқ «жаңалықтарға» келейік. 

«Осындай адамсыздық болар ма екен» деп Қодарға зекіреді Қарабай. Қалың көрерменнің де күйініп отырғаны сол «адамсыздық» қой. Қарабайға қарата бәйбіше «бұл сенің абыройыңа жат» дейді. Енді фильмді түсіргендерге тура осылай айтылса, қалай болар еді?

Бәрі құлаққа түрпідей тиген сөздердің арасында бір дұрысы бар екен. Таптық. Тек естір кісі болса. Қодар Қарабайға қарата: «Сенің қызыңның күйеуі бар. Ол екі рет байға тимейді» дейді. Бәрекелді Қодар!

(Жалғасы бар).

Қайнар Олжай