#
#
Жұма 25/05/2018

Қайғының емі: естірту немесе «алтын кімдікі болады?»

  • 23.04.2018
  • 0
  • 981

Ауыздығымен алысқан асау да арынды арғымақ – өмір кімдерді арқасынан аударып тастамай жатыр. Алды арманға, жан-жағы үмітке толы тынымы жоқ шылбыр қашаған тірліктің тәтті елесінің соңынан зымырап келе жатқан қанша ғұмыр өзі де, өзге де ойламаған тұстан оқиятта омақаса мерт болды. Ол – біреудің арқа сүйер әкесі, ол – біреудің мейірімді анасы, ол – біреудің бауыр еті баласы, ол – біреудің жүрегінің жартысы еді ғой...

«Ол енді жоқ!». Қасқа маңдайын қақ жарып миына кірген дәл осы сөзден талай пенде есеңгіреп жығылған, тұрған жерінде талып құлаған. Жанындай жақын аяулысынан айырылу қашанда, қандай мықтыға да оңай соқпаған. Айтпағымыз – қазаның жайы. Анығы – арғы әлемге аттанып кеткен жанның артында аңырап қалған жақындарының жаны жайлы. Естірту, көңіл айту, көңілқос, көңілшәй және тағы да басқа «рецебі» ғасырлар бойы қалыптасқан халық ішіндегі қайғының емі жайлы мақаламыздың алғашқы бөлімінде естірту төңірегінде сөз қозғалды. 

Ғылымның анық­­та­масын алға тартсақ, жа­қы­нының қазасын есті­ген сәт­те адам бойында ке­нет кө­терілген өзгеше құбы­лыс­тан белгілі ауру тудыратын бак­териялар пайда болу қаупі аса жоғары екен. Ол біртіндеп ұлғайып, күндердің бір күні өзін де құлатып тынбасына кім кепіл? Кенет естіген қаралы хабарды көтере алмай жүрегі қысылып, қайтыс болып кеткен адамдар туралы да деректер аз емес. Ал біз сол қазаны естіртуде қа­зақтың ғасырлар бойы қалыптастырған дәстүрінен мүлде алыс кетіп, ол қандай жақыны, жанында адам бар ма, жоқ па, ештеңемен есептеспей атанның белін үзердей ауыр қазаны солқ еткізіп айта салатын болғанбыз. Өкінішті. Өзекті өртеп кетердей өкінішті! Бұған мысал да өте көп. Үйде жалғыз отырған әйелге «мәйітханадан хабарласып тұрмыз, күйеуіңіз қайтыс болды» деп хабарлаған жағдайдың куәсі де болған едік, жұмыста қаперсіз отыр­ған әйеліне телефон шалып «ағаң қайтыс болып кетіпті» деген шалақазақ жас жігітті де көрдік...

Тегінде, қазаны көп болып келіп естірту және дәл сол сәттегі жұбату айтудың қа­ралы жанға тигізер көмек, пайдасының аса зор екенін бірлі-екілі сөзбен жеткізе қою тіпті мүмкін емес. Медицина, психология ғылымдары тү­гел, еш даусыз мойындаған бұл ақиқатқа тағы да сол бабала­рымыз басынан өткерген шынайы жағдайларды алға тарта отырып баяндасақ кө­зі­міз анық жете түсер еді. Қай­ғы түгіл қуаныштың өзін жалғыз қарсы алу пенде шір­­кінге оңай соқпайтынын «қуа­нышым қойныма сыймай...» деп, оны бір жақынымен бөліскенде ғана барып байыз табатындығынан біле беріңіз. Енді тұздан ащы, жерден ауыр қасіретті жалғыз өзі қал­тасына салып қоймайтыны тіпті де түсінікті.

Аталарымыздан естіген әң­гіме. Баяғыда жасы жетпісті желкелеп қалған ақсақалдың аң аулауға кеткен жалғыз ұлы далада қайтыс болыпты. Ас­­тындағы аты тастан құлап мерт болған жігіттің мәйітін көрші ауылдың жігіттері кө­ріп, ауылдағы ақсақалдарға жет­кізіпті. Үлкендер жылдам ақыл­дасып жігіттің қазасын естіртуге осы ауылға жолау­шылап келіп жатқан ақ­са­қалдың қасына бір жігіт қо­сып екі кісіні аттандырады. Екеуі түс ауа ақсақалдың үйі­не келіп түседі. Бейтаныс жо­лаушылардың сәлемін алып, төрге оздырған ақсақал «ал, қай­дан жүрсіздер?» дегендей бұ­рылып қарағанда естіртуге кел­ген кісі: «Біз бір алыс жақ­тан келе жатқан жолаушы едік, жолда әңгімелесіп ке­ле жатып бір сұраққа жауап таппай, жолдағы ауыл­ға түстік. Ол ауылдың ақса­қалдарынан сұрап едік, алға жү­ре берсеңіздер, таудың етегінде жалғыз үй отыр, сол үйдегі ақсақалдан сұра­ңыз­­дар деп бізді осылай жі­берді», дейді. «Ол қандай сұ­рақ екен?» дейді ақсақал әлденеден сезіктеніп. – Сіз бір күні керуен жолында келе жатып ат басындай алтын тауып алдыңыз дейік, қуана қойныңызға салдыңыз, үйге алып келіп үй ішіңізді қуанттыңыз, айнала туыс мәз болысты, ептеп шетінен жұмсадыңыз. Алайда бір күні сол алтынды жоғалтқан керуен иесі келіп, алтынын таныса, сол алтын иесінікі бола ма, кімдікі болады?», деген екен.

Сонда бұл сөзді тегін айтып отырмағанын анық білген ақсақал, ауыр күрсініп, кемпірін қасына шақырып: «Әй кемпір, кел жақында, қолымыздан жасап алғанымыз рас, баламызды иесі алған екен, алтын иесінікі болады, иесінікі болады ғой», деп кемсеңдеп жылап жіберген екен.

Естіртіп отырған ақсақал ары қарай тоқтау айтып, са­бырға шақырғанша іргені дү­бірлетіп көрші ауылдың қадірлі ақсақалдары ат­тан түсіп, сау етіп кіріп ке­леді. Бет көрісіп, көңіл айтады...

Ақсақалдың  баласын берген Алланың оны өзі алуға да хақысы бар екенін дәл осы сәтте (басқа уақытта әри­не мойындайды) қабыл алуы қазаның қасіретін ішке жі­бермей, тосқауыл болып қал­ған жоқ па? Одан кейінгі қаптап келген қалың ел жерден ауыр қайғысын бөлісіп жеңілдетпеді ме?!.

Өмірдің өзіндей өлімнің сал­мағы да әртүрлі екені заң­дылық. Шындығында Шың­ғыс ханның Жошының өлімін сезе отырып, ол қазаны бас­қаша жолмен естігісі келуінде де адам жанының ауыр қазада сүйеніш іздер сырлы құпиясы жатса керек... Үмбетейдің Абылай ханға Бөгенбайдың қазасын естіртуінде «қазаны естудің алдында мынаны тыңдап ал» дегендей: «Ей, Абылай, Абылай, Абылай ханым, бұл қалай? Бұл қалайдан сескеніп, Сөзімді қойма тындамай» деп бас­тап батырлармен болған небір қанды жорықтарды есіне салып, дүниеден кім өткенін өзіне болжата жырлай, батырдың қадірін, ордадай орнын жетесіне жеткізе айтып келіп: «... Сексеннен аса бергенде, Қай­ырылмас қаза келгенде, Батырың өлді – Бөгенбай!» деп сөз тізгінін сәл іркіп, ары қарай: «Жыламай тыңда, Абылай! Жараға жақсы қас­қарар, Ойбайлап жаман бас салар. Көріспей айтты де­меңіз, Осы еді біздің келген жай», деп жұбату айтады. 

Бұл – ханға естірту. Сірә, жер шарындағы өзге де би­леушілер өмірінде небір естіртулер болғаны анық, алай­да дәл осындай өлім ісін өнер дәрежесінде өмірмен өре оты­рып шыңына шығарып ес­т­ірту, қадіріне жете жеткізу сирек екені тағы рас... 

Біз жоғарыдағы айтқан «жоғалған алтын» оқиғасы Шоқанның қазасын Шыңғыс төреге естірткен Келдібектің аузынан: «... Құдай бізге бір гауһар тас беріп еді, оны өзі алды»,  деп те келеді. Бұл айтулы тұлғаларға байланысты болған соң да ел құлағында қалған деректер. 

Бір жылдың алдында әкем дүниеден өткенде әлде қай­дан сумаңдап жеткен суық ха­бар естіртуге келе жатқан адам­дардың алдына түсіп құ­ла­ғымызға жеткенде құлап қала жаздағанымыз есімізден әлі кетер емес. Ел жиналып бол­ғанша сүйенерге таяқ таппай есеңгіреп кеткенбіз. Ауа жетпей алқынған аласапыран күйде тұрып «естіртетін елі қайда құрып кеткен?» деп қалшылдап қалған жағ­дай осылайша өзіміздің де бастан өтіп еді. Естіртудің қан­­шалықты маңызды дүние еке­нін тұла бойымызбен се­зінген едік сонда... Бұл күн­де қаралы хабарды алыс­та жүрген жақындарына жеткізуде әлеуметтік желінің жылдамдығы алға түсіп кететін жағдайлар орын алып жататыны да рас. Дегенмен, ең алдымен «қазаны топ адам барып естірту керек» деген ұғым жалпы жұртта болатын болса, оған да тосқауыл болуға болады. (Топ адамның ішінде сөз ұстаған, тоқтау айтар адамның болғаны ғанибет, әрине). Қазаны барлық жа­қындары естіп болды-ау де­генде барып үй иесінің рұқ­сатымен әлеуметке жариялау керек шығар.

Енді бір гәп дәрігерлерде. Шіркін, біз ұлттық ментали­тет салтанат құрған мемлекет болсақ, медициналық оқу орындарында осының бә­рі сабақ ретінде оқытылып, қыз­меттік этика ретінде талап қойылып, бағалануы ке­рек еді. Оның бүкіл тетік­тері қарастырылып, қалай естірту керектігі нақты жол­ға қойылар еді. Өкінішке қа­рай, емханада «операция қа­лай болар екен, шіркін-ай, жаны қалса екен» деп үміт пен күдіктің ортасында сең соққандай сенделіп естанды халде тұрған адамға «ол өлді» деген сөзді өтіп бара жатқан дәрігер жол-жөнекей айта салардай сазарған күй­ге түскенбіз. Өлген адам құ­ны­ның, тірі адам көңілінің осын­ша арзандағаны ма, бұл сірә қандай суықтық?!. Дәл уа­қытында (мүмкіндігі бола тұра) қасыңнан табылмаған соң жақының не, жатың не, бәрібір емес пе енді? Ауыр қайғыға ішің өртеніп аңырап қоя бергеніңде жамырап келіп көңіліңді аулар «естірту» деген ата дәстүрің аман тұрса, сұрқай өмірдің емханадағы сү­реңсіз суреті болар ма еді, бол­мас па еді? Дәстүрден айы­рылудың қасіреті осылай болады, шыдағаннан басқа амал не, тіпті кейде ауыл бо­лып арқалар ауыртпалықты жал­ғыз өзің қарсы алуға тура келеді, шыдайсың. Шы­дағанның зардабы да шығар жерін өзі табады, амал кем...

Иә, кейде тіпті ең жақыны елді жұбататын кезде де болған. Астанада тұратын Мұ­сылманбек дейтін бір аға­мызбен осы тақырып кө­лемінде сөйлесіп отырып мы­надай бір әңгіме естідім. «Бұдан он шақты жыл­ бұрын қырыққа келген қайынбикем жол апаты­нан қайтыс болды. Өзі еті тірі іскер, мінезі, ақыл-пара­сатымен айналасына өте қа­дірлі кісі еді. Туыс-туған бә­рі жақсы көретін. Қызмет, кә­­сіп, абырой дейсіз бе, жан-жа­ғынан жарқырап көрініп келе жатқан шағында үзіліп кетті ғой. Қаралы хабарды ести сала жан-жақтан ағылдық. Келсек, тосыннан келген ажал жақындарына, әрине қат­ты тиген, кейбірі қатты дауыс салып, кейбірі тіпті талып қа­лып жатыр.

Бір кезде енеміз келді. Текті, затты кісі еді. Тар құр­са­ғын кеңіткен, тас емшегін иіткен баласының қазасы үшін ана жүрегі қандай болушы еді, қарс айырылмай ма?..

Келді. Көліктен түсе алдынан шығып дауыс салып­ көңіл айтқан адамдарға ізет­ қы­ла, қолдарынан бір-бір­ ұстап алға қараған бе­ті жү­ріп келеді. Көзінен жас­ тө­гі­ліп келеді. Үйге кір­ді. Ке­лін-кепшік, қыз-қыр­қын­да ес жоқ, қатты жылап,­ ай­­қай­­лап та жатыр ен­ді. Мына кі­сіні көргенде онан сайын­ бақырды. Тіпті тоқ­тау берер емес. Сол кезде­ ене­міз саңқ етіп дауыс шығарды: «Әй, басылыңдар түге! Қызым­ның қазасы осы отырған бар­лығыңа ма­ған тигендей ауыр соқпас. Тілдерің тиіп кетпесін, Құ­дайдан қорқып жылаңдар. Сабыр қылыңдар!», деді. Және оны айтқан кездегі кес­кін-келбетін көрсеңіз, тіл жет­кісіз шынайылық пен парасат, салмақты сезер едіңіз.

Басқа сынақ түскенде ең ал­дымен керегі – ес жию ғой. Сол бір ауыз сөз шынымен бә­рімізге ес болды. Ондай сәт­­те әулетке ес боларлық, саналы түрде сабырға ша­қырар адамның дөп айтқан бір сөзінің өзі баға жетпес бай­лық екен...» дейді ағамыз. Со­лай, солай болатын, әлі де солай. Әттең...


Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар