15 мау, 2018 сағат 13:53

Қатерлі дертке шалдыққан адам да ұзақ өмір сүре алады

Адам баласы кез келген сәтте ажалмен бетпе-бет келіп, о дүниеге аттанып кетуі мүмкін екенін біледі. Жығылып қалып, жер жастануың да, ұйықтап кетіп, қайта оянбауың да мүмкін. Біз ондай кездейсоқ өлімнен қорықпаймыз, ал дәрігер қатерлі ісікке шалдыққанымызды айтса – қарадай қорқамыз. Ажалдың құрығына ілінгенімізді түсініп, шарасыздықтан шарқ ұрамыз. Ал шын мәнінде бұл дерт соншалықты қауіпті ме? Қазақстанда жылына осы дертке қанша адам шалдығып, қанша адам көз жұмады? Оның алдын алу жолдары бар ма? Бұл дертті халық емімен емдеп, тіпті ойдың күші арқылы жеңуге бола ма? Baq.kz тілшісі осы және басқа да сұрақтар төңірегінде Астана қалалық «Онкология орталығының» бас дәрігері Төлеутаев Мұхтар Есенжанұлымен сұхбаттасты.

«Елімізде жылына 36 мың адамға қатерлі дерт диагнозы қойылады»

- Біз кез келген сәтте ажалмен бетпе-бет кездесуіміз мүмкін екенін білеміз және одан жасқанбаймыз. Ал қатерлі ісік дертіне шалдыққанымыз туралы естігенде не себепті соншалықты қорқамыз?

- Өйткені ажалдың дәл қай күні, қай сәтте келетінін білмейміз, сол себепті оның әлі келмейтініне үміттеніп жүре береміз. Оны Алланың ісі деп қабылдаймыз. Қатерлі ісік дерті де тағдырдың жазғаны. Осындай диагноз қойылған адамға дәрігерлер шамамен қанша өмірі қалғанын айтып жатады, сол себепті бойымызды қорқыныш билейді. Адам өз денсаулығына салғырт қарамау арқылы бұл дерттің алдын ала алады. Тым болмағанда диагнозды уақытында анықтау керек. Бұл дертке шалдыққан адамның ел қатарлы ұзақ жыл өмір сүру мүмкіндігі бар. Оны емдеу жолдары да, дәрі-дәрмектер де көп. Тіпті оны созылмалы аурулардың бір түрі деп қана қарауға болады. Қатерлі ісіктің көп кездесетін түрлеріне арналған арнайы скринингтен өту бағдарламасы бар. Егер одан уақытылы өтіп отырса, ол адамның бойындағы бұл диагнозды ертерек анықтауға көмектеседі, нәтижесінде жүз пайыз жазылып кету мүмкіндігіне ие болады.

- Қатерлі ісік деген қандай дерт және пайда болу себептері қандай?

- Қатерлі ісік – ағзадағы мутацияланған жасушалардан пайда болатын дерт. Ол салауатты өмір салтын ұстамаудан, шылым шеуден, дұрыс тамақтанбаудан, иммунитеттің төмендеуінен, созылмалы дерттің асқынуынан, радиациядан пайда болады деген болжамды себептер бар, ал нақты себебі әлі күнге дейін белгісіз. Мысалы, күн сәулесінің астында көп жүрген адам тері рагына шалдығуы мүмкін. Созылмалы гастрит пен асқазан жарасының пайда болуына себеп болатын хеликобактер пилори деп аталатын микроағза бар. Егер оны емдеп, ағзадан шығармаса, асқазанның қатерлі ісігіне алып келеді.

- Қазақстанда жылына қанша адам рак дертіне шалдығады?

- Жалпы Қазақстан бойынша 160 мыңнан астам адам қатерлі ісік диагнозы бойынша тіркеуде тұр. Жылына 35-36 мың адамға осы диагноз қойылады және осы дерттен жыл сайын 15-17 мың адам көз жұмады. Астана қаласы бойынша шамамен 9500 адам тіркеуде тұрса, оның 150-і – бала.

- Елімізде рактың қай түрі көп және қай аймақта жиі кездеседі?

- Дүние жүзінде де, Қазақстанда да әйелдердің сүт безі рагы көп кездеседі. Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар облыстары мен Көкшетау қаласының тұрғындары бұл дертке жиі шалдығады. Болжамды түрде айтқанда, өңірдің экологиялық ахуалына, климат әсеріне байланысты болуы мүмкін. Ол аймақтардың қысы тым суық, ал жазы тым ыстық болады. Оған да бейімделу керек, оның бәрі адам ағзасы үшін оңай емес.

«Қатерлі дертті емдеу үшін керосин ішетіндер бар»

- Кей адамдар қатерлі ісікті көз тию, тіл тиюмен байланыстырып жатады. Бұл қаншалықты дұрыс?

- Біріншіден, адам бұл дертке тіл-көз тигеннен шалдықпайды, оның болжамды себептерін жоғарыда айтып өттік. Екіншіден, халық емімен емделіп, жазылып кеткен адам көрген емеспін. Адам бұл дертке шалдыққанын мойындағысы келмей, тығырықтан шығатын басқа жол іздей бастайды. Тіпті емделу үшін керосин, жануардың майын ішіп, улы саңырауқұлақ жейтіндер бар. Олар ауруы әбден асқынған күйде, қаншама уақыт жоғалтып барып алдымызға келеді. Ондай кезде біз шарасыз болып қаламыз.

- Бұл дерт тұқым қуалайтын ауру түрлеріне жата ма?

- Рак дертінің бәрі тұқым қуаламайды. Тұқым қуалаумен байланысты екі түрі бар: сүт безі обыры мен тоқ ішектің қатерлі ісігі. Екінші жағдай біздің елде кездеспейді.

- Осындай жағдайға ұшыраған адамға жақындары қалай көмектесуі керек?

- Бұл – жұқпалы ауру емес, сондықтан қорқынышпен қараудың қажеті жоқ. Сырқаттанғанға дейін ол адаммен қандай қарым-қатынаста болдыңыз, сондай қарым-қанынаста болып жүре беріңіз. Оған таяу арада өліп қалатын адам ретінде қарау – мүлде дұрыс емес.

«Қазақстаннан басқа ешбір мемлекет бұл дертті тегін емдемейді»

- Қатерлі ісікті емдеу Қазақстаннан басқа қай мемлекеттерде тегін жүзеге асырылады?

- Қазақстанда бұл диагнозды анықтау үшін өтетін сараптамалар ақылы түрде болады, ал диагноз қойылғаннан кейін емделу – тегін. Шетелде бұл дертті тек ақылы түрде анықтап, ақылы түрде ғана емдейді. Бұл «Медициналық туризм» деп аталады. Оңтүстік Кореяда медициналық туризммен шұғылданбайтын бір емханасы жоқ, сондай-ақ Израиль, Германия елдерінде де медициналық туризм кеңінен тараған. Ал Қазақстанда дәл сол диагнозды ол жақтан он емес, жүздеген есе арзан бағада анықтап, тегін түрде емдейді. Осыдан 8-9 жыл бұрын елімізде қатерлі ісікті бірінші, екінші сатысында анықтау көрсеткіші 45-46 пайыз болса, қазір 60 пайыздан асты. Бұл қалалық емхана дәрігерлерінің бірігіп жасаған жұмысының нәтижесі. Ал шетелдерде бірінші, екінші сатысында диагноз қою көрсеткіші – 70 пайыз.

- Қатерлі ісік диагнозын бастапқы кезде анықтау бойынша шетелмен тереземіз теңесіп қалды деуге болады екен ғой?

- Әрине, солай деуге болады. Біздің орталықта 135 дәрігер жұмыс істейді. Жыл сайын оның жартысына жуығы алыс, жақын шетелдердің емханаларына барып, білімдерін жетілдіріп келеді. Шетелде қандай емдеу әдістері қолданады, бізде де сондай әдістер мен дәрі-дәрмектер қолданады.

«Жұрттың бәрі Луиза Хей емес»

- Америкалық жазушы, психолог Луиза Хейді өзінің жатырында пайда болған қатерлі ісікті ойдың күшімен емдеген алғашқы адам ретінде білеміз. Оған дәрігерлер дерті тым асқынып кеткенін, 2-3 айлық өмірі ғана қалғанын айтқан кезде ол салын суға жібермеген. Луиза Хейдің өзі бұл туралы «Қатерлі ісік – терең жан жарасынан, іште сақтап жүрген құпияны ешкіммен бөлісіп айта алмаудан, қайғы-қасіреттен пайда болатын дерт. Адам өзінің қателігін өзі кешіріп, өткен өміріне махаббатпен қарай білген жағдайда ғана бұл дерттен сауыға алады» деп жазады. Бұған қатысты ойыңыз қандай?

- Луиза Хейдің қатерлі дертті ойдың күшімен емдеп алғаны, оның психолог ретінде жазған еңбектері осы дертке шалдыққан көптеген адамға үміт сыйлады. Ол мойымайтын, жасымайтын, жүректі адам және ондай адамдар көп емес. Дегенмен, жазылмас деп санайтын дертті жеңе білген жандар біздің де тәжірибемізде бар. Адамның ағзасы, жаратылысы таңғажайыпқа толы. Тіпті, адам туберкулез дертін де дәрісіз емдей алу қасиетіне ие. Тәжірибемізде ондай да жағдайлар болды: адамның өкпесін арнайы құрылғымен тексерген кезде бұрын туберкулезге шалдыққананын білдіретін із көруге болады, ол ізді басқа дерттермен шатастырып алу мүмкін емес. Ең қызығы, ол адам қай уақытта туберкулез болып, қай уақытта жазылып кеткенін сезбей қалған. Сол сияқты қатерлі ісік дертіне шалдыққанын сезбей, дәрігердің көмегінсіз құлан-таза жазылып кеткендер бар.

- Медицина саласында жүргелі қанша адамға ота жасадыңыз?

- Осы салада жүргеніме 36 жыл болды. 1983 жылы Семей мемлекеттік медициналық институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмамдадым. Еңбек жолым Семей қалалық ауруханасында хирург болудан басталды. Бастапқыда кімге ота жасағанымды, қанша адамға жасағанымды санап жүретінмін, ал қазір мүлде санамаймын. Дәрігерлер күніне орташа есеппен 4-5 ота жасайды.

- Қызмет жолын хирург болудан бастап, кейін перзентханада жалғастырғаныңызды айттыңыз. Неге басқа емес, медицинаның дәл осы саласына ауыстыңыз?

- 49 жыл бұрын әкем осы сырқаттан қайтыс болды. Бұл – әлі де зерттей түсуді қажет ететін сала. Өзіме бұл дерттің алдын алу жолдарын зерттеп, науқастарға көмектесуге серт бергенмін. Қалай уақытылы диагноз қойып, емдеу жолдарын үйреніп, оны басқа да дәрігерлерге үйреткім келді. 1992 жылы Семей қалалық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары болған кезде қан рагына шалдыққан балаларға көмектесіп, ағылшын, неміс тілдерін меңгеріп, шетелдегі дәрігерлермен байланыста болдым. Сөйтіп, Германияда қолданатын ем түрін өңірде қолдана бастадық.

«Онкология саласын таңдаған маманның күйзеліске түсуге қақысы жоқ»

- Ота қайғылы жағдаймен аяқталған жағдайлар болды ма? Ондай кезде қандай сезімде боласыз?

- Менің тәжірибемде ота үстінде немесе ота аяқтала салысымен адамның өмірден озып кету жағдайы болып көрген жоқ. Ондай өкінішті жағдай болмас үшін науқасты алдын ала дайындап, медициналық тексерістен өткіземіз. Бірде қатерлі ісіктің үшінші және төртінші сатысының ортасындағы әйелге ота жасадым. Ол 65 жаста еді. Оның қант диабеті, созылмалы бронхит сияқты қосымша сырқаттары болды. Сондай-ақ, өтінде тас бар екен. Ол ота жасар кезде жатыр ісігімен бірге өтті де алып тастауымды сұрады. Сөйтіп бір емес, бірнеше ота жасауға тура келді. Отадан кейін науқас инсульт алып, үш күннен кейін жүректің инфарктісі болып қалды. Оны сол дерттен де аман-есен алып шықтық.

- Күн сайын алдыңызға қатерлі дертке шалдыққан қаншама адам келеді. Науқаспен қоса оның жақындарына да жағдайды түсіндіріп айтасыз. Өзіңіздің күйзеліске түсіп кететін сәттеріңіз болмай ма?

- Бұл мамандықты, оның ішінде онкология саласын таңдағаннан адам күйзеліске түсуге құқысы да, уақыты да болмайды. Алдымызға келген науқасты үлкен-кіші деп бөлмейміз. Еңбектеген баладан 90-дағы қарияларға да ота жасаймыз. Алдымызға келген науқасқа қалай көмектесуге болатынын, қалай дұрыс шешім қабылдау керек екенін ойлап тұрамыз. Ота жасаған кезде көп қан кетіп немесе ота жасайтын ағзаның қасындағы басқа да ағзалар зақымданған болуы мүмкін. Сондай кезде ота жасау барысында қосымша шешім қабылдауға тура келетін кездер болады. Мысалы, асқазан обыры болса, ол оның жанындағы ұйқы безі, бауыр, көкбауырға тарап кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда осы мүшелердің бәріне ота жасауға тура келеді. Ал науқаспен бірге күйзеліске ұшырап кетсек, оған кім көмектеседі?

- Өзіңізден сұхбат алуға келісу үшін 3-4 апта уақытымыз кетті. Жұмыс кестеңіз тығыз болғандықтан, бізге уақыт табу сіз үшін қиын болды. Жұмыстағы бір күніңіз қалай өтеді?

- Таңғы жетіден кете жұмысқа келіп, кешкі тоғызға қарай үйге қайтам. Осы аралықтағы уақыт науқастарды қабылдап, оларға жағдайдың қалай екенін түсіндіруге, дәрігерлермен кеңес өткізуге, ота жасауға қатысты шешім қабылдауға кетеді. Бұл жер дәрігерлердің екінші үйі болып кетті деуге болады.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!