18 сәу, 2017 сағат 10:27

Қасымов: Ақмола мен Қарағанды облыстарында су тасқыны қаупі сақталады

Еліміздің тасқын су басқан өңірлерінен 6 мың адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл жайында бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Еліміз бойынша су басқан аймақтардан 6 мың адам, 87 мың бастан астам мал қауіпсіз жерге шығарылды.  Қазіргі уақытта су тасқыны салдарын жою үшін қауіпті учаскелерге 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Олар: құтқарушылар, полиция қызметкерлері, Ұлттық гвардияның әскери қызметшілері және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері. 722 техника тартылды», -  деп атап өтті министр.

Оның дерегінше, шұғыл және инженерлік қорғаныс жұмыстары жүргізіліп, 24 мың метрден астам  уақытша бөгеттер тұрғызылған. Алматы, Жамбыл облыстарының және Астана қаласының құқық қорғау органдарының қызметкерлері су тасқыны орын алған аймаққа халықтың дүни-мүлкінің тоналуына жол бермеу, халыққа көмек көрсету үшін  жіберілген.

«Су басқан аймақтағы жағдайды бағалау үшін кеше және бүгін тікұшақпен шолып шығу шарасы жүргізілуде. Таяу апта ішінде Нұра, Есіл, Жабай  және Колутон өзендеріндегі су деңгейінің артуы болжануына байланысты Қарағанды мен Ақмола облыстарындағы ахуал күрделене түседі деп күтудеміз», - деді Қасымов.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай еліміздегі 7 өңірдің 52 елді мекенін су басты.