02 қар, 2017 сағат 09:24

Қасымбек: Қазақстан ҚХР, РФ мен Еуропа нарығын байланыстырар негізгі транзиттік ел бола алады

Астанада өтіп жатқан Х «ТрансЕуразия-2017» көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференциясында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек елдің логистикалық әлеуеті туралы сөз қозғап, Қазақстанның алып нарықтарды байланыстыратын негізгі транзиттік ел бола алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Сарапшылардың пікірінше, әлемдік көлік нарығы дүниежүзілік экономикалық белсенділіктің шамамен 6% -ын құрайды. Ал бүкіл әлем бойынша көліктік кіріс мөлшері 4,5 триллион долларға жеткен. Сонымен қатар, Еуразия елдері әлемдегі халықтың шамамен 65%, энергия ресурстарының 75%, ЖІӨ-нің шамамен 40% қамтып отыр. Көліктің рөлін бағаламай қоюға болмайды. Көлік саласы ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты дамудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Сондықтан, Қазақстанда біз көліктік логистиканы дамытуға ерекше назар аударамыз», - дейді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, соңғы жылдары Қазақстанның ЖІӨ құрылымында көліктік қызметтердің тұрақты түрде өсіп келе жатқаны байқалған.  2017 жылдың жартыжылдығының қорытындысы бойынша көліктің ЖІӨ-дегі үлесі 8,3% құраған.

«Қазақстанда көліктік инфрақұрылымға, логистикаға инвестиция салуға басымдық беріледі. Соңғы 9 жылда Қазақстанда мемлекеттік инвестициялар, шетелдік және жекеменшік ұлттық инвестициялар көзінен көлік инфрақұрылымына 26 млрд АҚШ доллары салынды. Осы уақытқа дейін біз 1700 шақырым теміржол, 3 200 шақырым автокөлік жолын салдық. Каспий теңізіндегі порттардың қуатын ұлғайтып, Қазақстанда 15 әуежайды қайта жөндеуден өткіздік. Нәтижесінде барлық салалар тұрақты өсу динамикасын көрсетуде», - дейді ол.

Министр сонымен бірге, 2016 жылы Ресей мен Қытай арасындағы халықаралық сауда-саттық көлемі 69 миллиард долларға жеткенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, Қытай мен Еуропалық одақ арасындағы 550 миллиард доллардың, Ресей мен Орталық Азия арасында 18,5 миллиард доллардың саудасы жасалған.

«Бұл бізді де ойландыра түседі. Бұл нарықта Қазақстан негізгі транзиттік ел және Орталық Азиядағы негізгі логистикалық ойыншылардың бірі бола алады. 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік контейнерлік тасымал көлемін 2 млн контейнерге жеткізуді жоспарладық. Бұл біз үшін өте үлкен міндет. Біз 2020 жылға қарай транзиттен түсетін түсімді шамамен 5 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз», - дейді министр.

Айта кетсек, бүгін Астанада Х «ТрансЕуразия-2017» көлік-транзиттік әлеует жөніндегі халықаралық конференция басталды. Оған Латвия, Литва, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Беларусь елдерінен 300-ге жуық делегат қатысуда.