21 қыр, 2018 сағат 09:43

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің жұмысын сынады

ҚР Парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жұмысын сынға алып, заң шығару процесіндегі кемшіліктерді атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Парламенттің өкілеттігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді. Осы жерде бірінші мәселе туындайды. Бұл - әлі күнге дейін өзгеріссіз қалып отырған заң жобалау жұмысын жоспарлау деңгейінің төмендігі, ол заң шығару жұмысындағы жүйесіздікке, «шашыраңқылыққа», әбден пісіп-жетілген түйткілдердің тым кеш шешілуіне және кодификацияланған актілердің ретсіз түзетілуіне әкеліп соғады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, заң жобаларының жылдың соңғы айларында немесе сессия аяқталатын кезде ұсынылуы да - заң шығару процесінің жеткілікті түрде ұйымдастырылмауы мен жоспарланбауының салдары. Парламент қабылдаған заңнамалық актілерге күшіне енген кезден бастап бір жыл ішінде басқа заңдар негізінде жүзге жуық өзгертулер енгізілетін жағдайлар да кездеседі.

«Көп жағдайларда біздің заңдарымыз экономика мен қоғам өміріндегі шұғыл проблемаларды шешуге бағытталады. Соның салдарынан бұл заңдардың мазмұнында ағымдағы жағдайға деген тұжырымдамалық көзқарас пен мемлекеттің дамуына оң ықпал ететін үрдістердің тапшы екені бірден байқалады. Бірқатар заңдардан ішкі қарама-қайшылықпен қатар теңгерімділіктің жоқтығын көруге болады. Заң бір ұғымның өзін алуан түрлі мағынада түсіндіруі мүмкін. Бұл жағдай қоғамның Парламент пен Үкіметтің қызметіне деген сыни көзқарасын туғызары анық», - деді ол.

Сенат спикері еліміздің заңнамалық жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына енгізуді құқықтық қамтамасыз ету екендігіне де назар аудартты.

«Осы орайда, Үкіметтің жоғары рейтингтік көрсеткіштерге сай болуға бағытталған терең ұмтылысын атап өту қажет. Әрбір мемлекеттік орган өз міндеттеріне ғана сәйкес келетін қағидаттар мен әдістер негізінде халықаралық рейтингтерге қол жеткізу міндетін қойды. Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің тобына кіру шаралары Үкіметтің барлық органдарының осы бағыттағы үйлесімді жұмысын қажет етеді. Халықаралық ұйымдармен іс-қимыл жасаудың маңызы зор екені күмәнсіз, бірақ олардың талаптары мен сұраныстары, ең алдымен, ұлттық мүдделерді қамтамасыз етуге және Қазақстан азаматтарының мұң-мұқтаждары мен қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған заң шығару жұмысына тосқауыл болмауы тиіс», - деді.   

Қ.Тоқаевтың пайымынша, аталған процесті анағұрлым кешенді, үйлесімді және оны халықаралық қоғамдастықпен қатар еліміздің азаматтарына ұғынықты ету үшін оның кезеңдері мен шарттарын құқықтық реттеу мәселесін қарауымыз қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев Заң шығару жүйесінің негізіне қатысты теңгерімді ұстанымның болмауы - ерекше талқылау мен қарастыруды қажет ететін бөлек тақырып екендігін де атап өтті.

«Мәселен, кейбір бағыттар бойынша біз қатаңдату ұстанымдарын басшылыққа алсақ, басқа салаларда босаңдық пен еркіндікке жол береміз. Осылайша, тұтастай Қазақстанның заңдары өзара ішкі қисыннан ажырап, сәйкесінше оның құқықтық бағдары заңға бағыну, заңды құрметтеу, құқық бұзушылықтарды азайту сияқты басты мүдделерден алшақтай түседі. Оның үстіне, жыныстық қол сұқпаушылыққа қарсы, есірткі құралдарының айналымы мен мал ұрлығы және адам өліміне әкеліп соғатын жол қозғалысы ережелерін сақтамау саласындағы құқық бұзушылықтардың көбеюі оларға салынатын жазаны қатаңдатуды талап етеді», - деді Сенат Төрағасы.

Оның айтуынша, осындай сипаттағы қылмыстар қоғам ішінде өткір пікірталастар тудыруда, сондықтан да жеңіл жаза қолдану немесе, тіптен, өзара келісім жолымен (медиация) қылмыстық жауапкершіліктен құтылу жағдайларына азаматтар тарапынан келіспеушілік білдіру - заңды құбылыс.

«Үкіметтің осы мәселеге айрықша мән беріп, баса назар аударуын сұраймыз»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.