03 мау, 2020 сағат 08:19

Қасым-Жомарт Тоқаев: Ресей — Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі

Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ресей – Қазақстанның негізгі сауда-экономикалық серіктесі. Ресейден Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 15,7 миллиард долларды құрады. 2019 жылы екіжақты тауар айналымы 2018 жылмен салыстырғанда 6,2% артып, 20 миллиард долларға жуықтады. Қазақстанда 7 мыңнан астам ресейлік компания мен екі елдің 3,5 мыңға жуық бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатыр. Экономиканың басым салаларында бірлескен жобалар белсенді іске асырылуда. Мәселен, 2018 жылы Ресейдің ірі «Полиметалл» компаниясы инвестиция көлемі 418 миллион доллар болатын «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорнын іске қосты. Жалпы құны 6,6 миллиард долларды құрайтын 53 инвестициялық жобаны бірлесіп жүзеге асыру жоспарланып отыр», - деді Қазақстан Президенті.

Қ. Тоқаев 2019 жылдың сәуірінде өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданғанын еске салды. Сол жылы қазан айында бағдарламаның алғашқы жобасы – Қостанайда «Кировец» тракторларын шығару басталды. Оның қуаттылығы жылына 500 тракторға дейін жетеді.

«Біз Ресеймен мұнай-газ, мұнай-химия және басқа да қайта өңдеу үлесі жоғары өнім шығаратын салаларда ынтымақтастықты дамытуға ниеттіміз. Каспий қайраңында теңіздегі мұнай-газ жобалары бойынша ынтымақтастығымыз нығайды. Қазақстан Ресейге стратегиялық серіктес ретінде сенім артады. «Лукойл» компаниясы да біздің елде табысты жұмыс істеуде. Бұдан бөлек, Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан ресейлік бизнеске қолдау көрсетеміз. Осындай өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде өндірісті Қытай мен Орталық Азия нарықтарына шығарамыз деп үміттенеміз», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің сөзіне қарағанда, биылғы күзде Қазақстан-Ресей форумын өткізу жоспарланған, онда аймақтық экономикалық ынтымақтастық бойынша шешімдер қабылданады.

«Биылғы күзде Қазақстан-Ресей форумын өткізу жоспарланған. Онда аймақтық экономикалық ынтымақтастық жөнінде бірқатар шешім қабылданады. Осы мәселеге және екіжақты ынтымақтастықтың тұтас кешеніне ұдайы назар аударып отырғаны үшін Президент Владимир Путинге ризашылық білдіремін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат барысында.