05 жел, 2019 сағат 16:08

Тоқаев пен Меркель кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель келіссөз жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Қазақстан Президентін ресми қарсы алу рәсімі Федералдық канцлердің ведомстволық ғимаратының алдында өтті. Қазақстанның, Германияның және Еуропалық Одақтың тулары көтеріліп, Бундесвердің бас оркестрі екі мемлекеттің әнұрандарын орындады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ангела Меркель Құрмет қарауылын аралап шықты. Содан кейін екі елдің ресми делегациясының құрамы таныстырылды. 

Салтанатты рәсімнің соңында Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.

Келіссөздер барысында екіжақты байланыстарды жандандыруға және стратегиялық экономикалық серіктестік орнату перспективаларына баса мән берілді.

Сондай ақ білім, ғылым және мәдениет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселесі сөз болды.

Айта кетерлігі, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев ФРГ Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен, Германияның экс-канцлері Герхард Шредермен және неміс бизнесінің жетекші өкілдерімен де кездеседі. Қазақстан Президентінің сапарының алғашқы күнінің ресми бағдарламасы Германияның іскер топтарымен бірлескен түскі аспен аяқталады.

Қазақстан - Германияның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі. Осы аймақта жасалған сауда операцияларының 85 пайызы - біздің елімізге тиесілі. Осы жылдың тоғыз айында ҚР мен Германия арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларды құрады.

Германиядан Қазақстанға 2005 жылдан бастап осы жылдың 2-ші тоқсанына дейінгі жалпы тікелей инвестициясы 5,2 млрд долларға жетіп отыр. Германия экономикасының Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының 90 пайыздан астамы шикізаттан тыс секторға тиесілі.