27 қаң, 2020 сағат 11:55

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-ге сапарының басты мақсатын атады

Біздің мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықтың арқасында біз үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Абу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл менің Араб әлеміне Президент ретінде жасаған алғашқы сапарым. Яғни, бұл дегеніңіз Қазақстан сіздің мемлекетіңізбен ынтымақтастыққа баса маңыз беретінін айғақтайды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен қатар екі ел арасындағы табысты ынтымақтастықты ерекше атап өтті.

«Шынына келгенде, біздің мемлекеттердің арасындағы ынтымақтастықтың арқасында үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Біздің елдеріміздің арасында шынайы достық, сенім мен өзара түсіністік бар. Сол себепті, біздің қарым-қатынасымыздың келешегі зор деген ойдамын. Менің бұл сапарымның басты мақсаты – біздің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беру. Уақыт бір орында тұрған жоқ. Сол үшін қосымша жігер мен әрекет керек. Сол себепті, мен бұл сапар ерекше маңызға ие деп білемін», - деді Қазақстан Президенті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапармен келгені хабарланған болатын.