25 нау, 2019 сағат 14:52

Қасым-Жомарт Кемелұлына ашық хат

Қазақстан Президенті Қ.К.ТОҚАЕВ мырзаның назарына!

...Зәуде запыран дендеп, зар қысқан күңіренген күңгірт кездерімде «рухымызды – рушылдыққа жығып беріп, намысымызды – надандықтың табанына тастаған; қу тамақ, қарақан бастың қам-қарекетіне малтыққан өзімізге де обал жоқ-ау» деп қатты ызғар-ыза буып, тар көйлегімді «тар-тар» айырып тастағым келеді...

Кеудесіне нан пісіп, мекіренген әңгүдік әкім-қараның түгелі – қазақтар; өзегі талып, өңеші жұқарған өңшең қарасирақ кедейлер де – қазақтар. Пәрмені зор билік те – қазақ, дәрмені жоқ қукедей де – қазақ.

«Азаттықтың алтын күрек желі есіп» (Қабдеш ЖҰМАДІЛ), елім ес жиып, етегін жинаған тәуелсіздік табалдырығында мен де әр шаһзада қазақтың – әрбір бекзада арабтан ақылы асып, байлығы тасып-төгілетіндігіне имандай иланып, селкеусіз сенген едім...

Оңбай қателесіп, орасан опық жедім: омақаса, опырыла құладым...

Жеті атасы топқа кірмеген тексіздің аяғы үзеңгіге іліксе, әкесін танымай, ат тұяғымен таптаудан тайынбайды екен. Құрсағы қанып ас ішпеген күстабан бейшара қапелімде астатөк ақмай асай қалса, көзіне шел, көкірегіне нан пісіп, зәр-зәһарын ат үстінен асыра шаптырады екен. Хакім Абайдың: «Пейілі кедей – байдан сақта» данышпан түйіні – «Сараңның асы піскенше, таудың тасы пісетіндігін» растап, ұлтымның үнжырғасы түсті, «Жіп – жіңішке жерінен үзіліп», жуан азып-тозып, жұқарды.

Арада арсын-күрсін отыз қыстың қары ерігенде, Қазақ елі жержүзіндегі кеуделі 71 мемлекеттің әупіріммен 69-ыншы тұғырына табан тіреді. Өмір сүру сапасы екі жұрттан ғана еңселі елдің кеуде соғып, мақтанатын дәнеңесі жоқ. Ат төбеліндей аз қазақтың жұмысқа жарақты 1 миллионнан астамы жұтаған жұмыссыздар мен көңірсіген кедейлерге айналды. Екі қолға – бір күрек тауып бере алмаған дымбілместердің: «Қол жайып, үкіметтен көмек сұрай бермей, жұмыс істеу керек» дейтін мәнсіз мәмілесі – жабайы шыбынның ызыңындай зәрезеп қауқардан аспады.

Тапқанымызды – ит, арқамызды – бит жеп жатыр. Қалың қазақтың жер қазбасы мен төл қазынасын, баласының бүгінгі нәпақасы мен немере-шөбересінің ертеңгі несібесін қаңғып келген көлденең көк атты келімсектер көртышқандай кеміріп-кертіп жеп, тауысып-түгесуде. «Жаз – жарлынікі, Қыс – әлдінікі» екені атамзаманнан аян. Қақаған қыс, қасат қар, қырау көзден қорықпайтын майы қалың, жалы жуандар өңшең өзегі өзге, болмысы бөлек біреулер. Қазақ елі миллиардерлерінің тоқсан пайызы жат ұлт болса да, бізді баяғы марғау бойкүйездік; «сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» жаныашымастық жалқау пиғыл албастыдай басып, құрсауына қысып тұр.

«Арпа ішінде – бір бидай» атышулы ерлі-зайыпты байбатша қандастарымыздың алдына биыл әкесінен алты тиын ауыспаған ұлты кәріс «қазақ олигархы» Владимир Ким (4,6 млрд доллармен 424 орын) ойқастап шықты. «Кимнің 2018 жылғы табысы жарты млрд долларға қалай өсті?» деп сұрап, жауапқа тарқан бір қазақ жоқ.

«Құзғын – ас таңдамайды», Бішкектен (бұрынғы Фрунзе қаласы) қашқан тарихшы, бүгінде Израиль азаматы Александр Машкевич (байлығы 2,4 млрд доллардан асады, жылдық табысы 100 млн доллар шамасында) те – қазақтың байлығын сорған олигарх. Ұлты – төбесіне титтей тәрелкі-тақия төңкере салған жөйт.

Қазақтың қазынасын қақшып, ата-бабасының түсіне де кірмеген байлыққа бөккен Алижан Ибрахимов (Табысы 2,3 млрд долларға тең) пен Паток Шодиев (Бельгия азаматы. Тапқаны 2,2 млрд доллар) те – олигархтар. Бұл ағайынды қоңыр қаздар – алатақиялы өзбектер.

Қазақ қазынасын мысықша тартқылап, таран-таражға салуға үндіс пен қытай, американ мен орыс, ағылшын мен жөйт жабыла кіріскелі ширек ғасырдан асты. Әзірге тоқтау да, оқтау да жоқ. Ескі де есті тәмсіл: «Кедей – «байға жетсем» дейді, бай – «құдайға жетсем» дейді». Қазақ қауымы келімсектердің кірістерін жыл сайын әлсін-әлсін «түгендеп» қоюдан аса алмады.

Бас айналған соншама мол байлықты келімсектер қазақтың жері мен елінен қалайша барымталады? Бұл сауалды Қазақ еліндегі құқтық-күштік құрылымдарының үш онжылда үні өшіп, аузын буған өгіздей біреуі де қоя алмай, өкіріп отыр.

Есесіне, «Етік жамағанды көрдік, Тақия жамағанды көрмедік» демекші, түйені түгімен жұтқан бәтшағарлардың құрбандыққа бес қазақ сәбиі «шалынып» дүр оянған аналарымызға бөлінген екі триллион теңгеге іші күйіп, талағы тарс айырылып: «Әлемде бірде-бір мемлекет көпбалалы отбасыларға біздегідей сыйлық жасаған жоқ» деп есіріп-ескенде, тілдерін қыжыл, беттерін қызыл шалмады.

Есесіне, еларалық келісімге қол қоймас бұрын маңызды мәселені не Үкімет (жоба ұсынған), не Парламент (жоба мақұлдаған) қоғамдық талқыға салып, жұртпен ақылдаспайды. Шекара құрылымдарын техникалық жабдықтауға Қытайдан жылдық 2 пайызбен алмақшы 112 млрд теңге (2 млрд юань) көлеміндегі қыруар қарыздың (қаржының 70 пайызы құрал-жабдықтар) қажеттілігі қаншалықты өзекті? «Жер бетіндегі 122 мемлекетке техника сататын қытайлық компания өнімдерінің сапасы Америка және Еуроодақ елдерінің техникасынан кем емес, бағасы 1,5 есе төмен» деп, қол-аяғын жерге тигізбей, мақтап-мадақтады.

Болашақ ұрпағымыздың мойынына ілініп жатқан қарыздарын Үкімет мүшелері мен Парламент депутаттары өз қалталарынан төлемейді, біз бен балаларымыздың қалталарына қол салады. Біздің қалтамызға қол салуға ешкім пұрсат берген жоқ. Халықтың қалтасына лұқсатсыз қол салып, аяусыз тонап-тандырлату – сұмырай советтен қалған қаңсық қадет. Орыс жазушысы Федор Достоевскийдің «Нақұрыс»-ындағы: «Вы не сердитесь на меня... Если сердитесь, то не сердитесь» дегенімен бірдей майлы-мазақ қазақы танымда: «Қолыңнан келсе, қонышыңнан бас» дегенге саяды. Қазіргі құзыретті қазақ шындықтың бетін ашып, батпан құйрықтан қағылғысы жоқ...

Қарақшының қармағына түсіп, қолды болған қазақ қазынасының жұқанасын жалап-жалдауға тәуір талпыныс – қайсыбір жылы қазақ жұртында ойға сиымды, миға қонымды бастамамен бас көтерді. Ел есалаң күйге түскен елең-алаңда қаперсіз қазынаға қол салып, «байқамай» басып қалған, шайқамай шашып алған қаржы-қаражаттарды елге қайтарып, әмісе заңдастырып алуға мұрсат-мархабат берілді.

Қайдам, жанын жалдап, иманын алдап тапқан ұрлықы дүниесін кім өз еркі, ықыласты ырқымен кері қайтара қойсын! Әлімсақтан «Аласыға алтау – аз, Бересіге бесеу – көп». Арсыз ындын «табан ақы, маңдай терім» деуді де арсынбаған. Сол сұмдық өтірік-өсегі мен жарымжан жалғандығына өзі еріксіз иіп, қалтқысыз сенген. Нәпсінің тәттілігі, есердің «ептілігі» дес бермеді. Ең құрыса, ілеуде бір шонжар – шортандық таныта алмады, өңшең майшабақ майға бөккен болып шықты. Қолынан іліп, аяғынан шалып қалған кемел куә, айқын айғақ жоқ: «Ұсталмаған – ұры емес». Іс бітті – қу кетті. Әйтеуір, көз алдау санатында, сөз арбау есебінде «пәленбай ақша ауылға қайтты» деген өтірік-шынды құрғақ қисап айтылып, соңы сиырқұйымшақ жабылды.

Басымыз бос, еркіміз бостан боздақты жылдарда Тәуелсіздік туын талапайға салғандай сайран салып, қарамыз көбейіп, қорамыз толмады. Қазақтың қатары кем, саны сирек. «Қырық жыл қырған болса да, ажалды ғана өлетінге» қанық қандасымыздың қарасы ширек ғасырда небәрі 6 миллион жеткіншекке жетіп-жығылды. Бұл деректің өзі – таза қазаққанды ұрпақ емес, елдегі келімсектерді қосқандағы қойыртпақ мәлімет. Қазақ елінде қазақ ұлты жылына, шамамен, 160 мың, айына 12 мыңнан сәл асатын сәбиді қатарға қосады. Демек, басты бағдар – қазақтың тез өсіп, жылдам көбеюі болуы керек. Бірақ, «Қазір әркім өз табысын өзі пайдаланатын кезде неше бала болатынын, оны қалай асырау керек екенін, оқуы бар соның бәрін ойлануы керек» деген мемлекеттің мылжың саясаты адамдардың өмірі үшін өзіне жауапкершілік алғысы келмейді.

Елдегі халық нақты санынан бастап, күнделікті зәру азық-түліктің бағасына дейін қадағалап, ақиқат мәлімет беруге тиіс құрылым Статистика агенттігінің жоғарыдан қысым арқылы жариялайтын деректерінен әділдік іздеп, әуре-сарсаңға түсудің өзі артық. Халықтың сенімі мен елдің емеурінін қайтару – жеңіл шаруа емес. Статистика агенттігі – министрлік деңгейге іріленіп, тек Парламентке есеп беруі керек. Ұлттық қордың, Зейнетақы қорының, мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің ай сайынғы кіріс-шығысы әр айдың соңында жалпы жұртқа дәстүрлі түрде жария етілуге тиіс.

Елдің әрбір азаматы мемлекетіміздің мұнайдан, астықтан, аса сирек бағалы металдардан және басқа да толып жатқан қымбат та қат экспорттық өнімдерден ай сайын түскен қаржы көлемін біліп, оның көлемінің көбеюі мен азайуының себеп-салдарынан құлағдар болса, біріншіден, биліктің ашықтығына сенімі артады; екіншіден, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатынан хабардар болады; үшіншіден, қай салалардың кемшін тартып, ақсап жатқандығына көзі жетіп, отаншылдық-елшілдік сана-сезімі артады.

Қазіргі қазақ билігі жерімізде жаңа мұнай-кен орындарының орасан қоры бар екендігін болжап, сүйінші сұрауда. Елдің төл қазынасын жеті қат жердің астында құлыпқа салып, құпия ұстау – адамзат тарихында әлі бірде-бір мемлекетті пұшпаққа жеткізген жоқ. «Жарлы – жомарт, Бай – нәмарт» танымнан қараша халық таймайды. Нәмарт – тексіздің, жетесіздің, нашардың қадеті. Қасиетсіз қадет, әдепсіз әдет – өтірік-өсектің кіндігі. Ақиқатты алты асуға жасырып, шындықты жамап-жасқаған ел көгермейді.

Көне күн, алыс заманда қаны таза, болмысы бекем бұрнағы қазақ: «Бай баласы – балпаң, Жарлы баласы – жалтаң»; «Ақша ашпайтын құлып жоқ»; «Тоқтығында жараспаған, Аштығында қараспайды»; «Аштың ақылы – тамағында, Жаяудың ақылы – табанында»; «Қысқа жіп күрмеуге келмес», «Барлық – жарастырады, жоқтық – таластырады» дейтұғын ата-бабаның мұраға байлаған баға жетпес қымбат кемеңгерлігінмен көкжиегін кеңейтіп келді.

Киелі Тұран топырағына орашолақ ойлы озбыр орыстың тексіз табаны тигелі: «Байлық – мұрат емес, Кедейлік – ұят емес»; «Малға жарлылық – жарлылық, Ақылға жарлылық – сорлылық»; «Қарны ашқанға – қара талқан майдай көрінеді»; «Мал – байдікі, Жан – құдайдікі»; «Бай болып, көргеніміз жоқ, Кедей болып, өлгеніміз жоқ» деген жоқшылықты дәріптеп, кедейшілікті мадақтайтын кертартпа дәргей-дәрмен тамырымызға терең сіңіп, сірестіріп бақтық. Тіпті:

«Он екі мүшең сау болса,

Сәулет емей, немене?!

Он саусағың сау болса,

Дәулет емей, немене?!» – деп, шапалақ шатырлаттық. Шалма салып, шідер тартуға Шал ақынның: «Кедейдің үш түрі бар ойлағанға, Байлық жоқ – қанағатсыз тоймағанға...» деген шалымды шумақтарын қақпан қылдық. Сіңірі шыққан кедейшілік түйсігі қанымызға қазықша қағылып, дертке шалдықтырды.

Қазақтың қазынасы ортайып, түгесілуге таянды. «Алтын шыққан жерді – белден қазған» ұры-қары мен баукеспе-барымташылар қазанды қаңсытып, қақпағын қақ-қақ жарды; сыбайластықпен қауышып, жемқорлық желкенін желбіретті. Бағыт-бағдары белгісіз, ақырғы аялдамасы алшақ.

Көнеден келген көсемсөз: «Өлімге «қайда барасың» десе: «Байдың – малын шашамын, кедейдiң – артын ашамын» депті. Асқан беліміз, жеткен жеріміздің сиқы. Ашылмаған, шашылмаған неміз қалды?..

Ұлтымды ұйытқан ұлықты марқасқалар «Еліктің мойнын – оқ кеседі, Ердің мойнын – жоқ кеседі» кеселімен көңілсіз күн кешті.

Кәріс Владимир Ким Мальдиви аралында қазақтың байлығына малтығып жатқанда, ұлтымның ұрантілді жорналшысы, орақауыз көсемсөзші Шерхан МҰРТАЗА жоқтық-жетіспеушілік жағдайында жарық күнін тауысты...

Қотара асаған қазақтың қаржысына жөйт жерінде Александр Машкевич жарқырата шіркеу тұрғызғанда, алаштың намысы алдаспандай, рухы оттай адуынды ақыны Мұхтар ШАХАНОВ оқтын-оқтын пәтерақыға қарызданып қалып жүр...

Алижан Ибрахимов пен Паток Шодиев қазақтың қазынасына белшесінен батқанда, тура айтып, төте шабудың «шатылуынан» сақтанған қабырғалы қаламгеріміз Мұхтар МАҒАУИН таяқ тиіп, табан тілінуден ықтап, жершарын шарлап, жатжұрт жағалап кетті...

Қазақ «Алпыс қарсақ ат болмас» ақиқатты түсінген күні – қу кедейліктен біржола құтылып, құлантаза айығады. Қалың қазақ қаспақ жалап, битін сығып, берексіз күй кеше берсе; ат төбеліндей аз бай-батшамен өркенді ел, желкенді жұрттың қатарына қосыла алмаймыз. Сары тарыдай сирек байлар мен қара ормандай қалың кедейдің бетпе-бет келіп, «ұрыста – тұрыс жоқ» деп, Бетпақдалаға айғыз ағызуын күтудің қажеті жоқ. Қоңсыңның қарны тоқ болса, қашарыңның қатығынан дәметпейді. Қазақтың байы мен кедейінің арасын жақындатудың жалғыз тәсілі – ел қазынасының ашық та әділ түрде бөліске түсуі.

«Күні біткен жалшы, Көнекті сырттан сұрап», әлемде берешексіз ел қалдырмадық, жаттан сұраншақтанып, бөтенге телміруді дәстүр-дағдыға айналдырдық, әкім мен министрге бір-бір алақан жаюшы орынбасар тағайындадық. «Құсы жоққа тұрымтай – сұңқармен тең, Аты жоққа қотыр тай – тұлпармен тең» тексіз тепеңдегеннен тиылып, итке сүйек қарыздар қалыптан қашуымыз керек. Дәруіштің күшаласына уланған дуанадай алақан жайып, ауылы алыстың дәргейін дәмететін сұраншақ сырқат, тіленшек дерт – қайымның құлашын қысып, елдің іргесін сөгеді. Ұры-сараңның аузы ары, сарықымыз сабаның аузы бері қараған күн туғанда ғана мың өліп, мың тірілген марқасқа жұрттың мейманасы тасып, мерейі аспандайды.

Байлық пен кедейлік туралы бір белгілі аңызда байлық пен кедейлік жолаушыдан «Біздің қайсымыз сұлумыз?» деп сұрайды. ««Кедейлікті сұлу» десем, Байлық ренжіп, менен кетіп қалар. «Байлық сұлу» десем, Кедейлік маған ызланып, бас сала төнуі мүмкін» деп қаймыққан жолаушы: «Сен, кедейлік, кетіп бара жатқанда, яғни артыңнан қарағанда сондай сұлу әрі тартымды көрінесің. Ал, сен, Байлық, керісінше, жүзіңмен бері қарап, адамға қарай жүргенде сұлулана түсесің» деп жауап беріпті...

Бүгінгі қазақ байлықтың барақатын БҮГІН көруі керек: байлыққа бөгіп, баршылықта, бақытты, баянды, бақуытты ғұмыр кешуге тиіс. «Таңның асы – Тәңірден!»

Әлеуметтік әділеттілік орнамаған ел шырпы тисе шатырлап өртенетін қурап-кепкен қамыстай әнтек де әлсіз болады. Тарих-қария жалған айтпайды: шаңырағы қирап, сағы сынған қай елдің де іргесінің жуан жібі сөгілетін түйіні – әлеуметтік әділетсіздік, йағни, бай мен кедейдің арасының тым алшақтап-алыстап кетуі. Қазіргі қазақтың байы мен кедейінің арасы алты күндік жол: көзі жетпейді, сөзі өтпейді. «Жетім бала – кекшіл» келеді, ең қауіпті кілтипан, аса апатты аймақ, осы.

*** *** ***

...Түнеукүні әкемнің жалғыз інісінің жамбасы топыраққа тиді. Елді көріп еңсем езілді, көзім кіреукеленіп, көңілім көмілді. Ауыл қазағы азып-тозған, әжімі терең, құлағы керең күйде...

Хал-ақуалын сұрасаң: «Қанағат – қарын тойдырар»-ын қамсыз қырық қайталап, «Жұтаған – шүкірге тоймас»-тың табымен тәубесін тастамай, түкірігіне шашалып әуре...

Шүкірдің – шекарасын, тәубенің – таразысын, қанағаттың – қақпасын көрген көз бар ма?..

«Кедейдің кербезінен сақта», құдай!

Мыңжан БАЙЖАНИН,

қоғам қайраткері.

Шамалған шатқалы.

2019 жылдың наурызы.