20 мау, 2019 сағат 16:24

Қасым хан туралы 75 сериялы фильмді түсіру басталады - министр

Жақын арада 75 сериялы Қасым хан туралы фильмді түсіруді бастаймыз. Бүгін халықпен есептік кездесуінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова осылай айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Елдің барлық жетекші музей-қорықтарының аумағында визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» визит-орталықтары ашылатын болады. Жақын арада «Есік», «Ордабасы», «Шілікті», «Берел» және «Әзірет Сұлтанда» визит-орталықтардың құрылысы дайын болады», - деді министр.

Оның атап өтуінше, Түркістан қалашығын қалпына келтіру бойынша белсенді жұмыс жалғасуда.

«Әзірет-Сұлтан» ЮНЕСКО-ның ескерткіші екенін ескере отырып, ақпан айында қалашықты дамыту жоспары Париж қаласында ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ұсынылды. Сонымен қоса, әсерді бағалау үшін АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Канаданың, Германияның жетекші сарапшылары шақырылды. Осы жылы күзде Күлтөбе қалашығының алғашқы экспозициялық бөлігін ашу жоспарлануда. Елбасының тапсырмасы бойынша тағы бір ірі туристік жоба ретінде ортағасырлық «Отырар» қалашығын қалпына келтіру жұмыстары басталды», - деді А. Райымқұлова.

«Жақын арада біз 75 сериялы Қасым хан туралы фильмді түсіруді бастаймыз, Елбасының арнайы шақыруымен келген, фильмге сценарий жазған танымал түрік режиссері Гюнай Метин тарихи орындарды аралады. Осы картинаның арқасында біздің ежелгі Түркістан, Отырар, Сарайшық, Сауран және басқа да жерлеріміз орасан зор танымалдылыққа ие болып, миллиондаған туристер келетін орынға айналатынына сенімдімін», - деді министр.

Сондай-ақ, ол ЭКСПО халықаралық көрмесінің кешені аумағында «Астана фильм» атты жаңа жоғары технологиялы киностудияның құрылысы бойынша жұмыстар басталғанын да тілге тиек етті.

«ҚР Тұңғыш Президентінің  тапсырмасы бойынша өндірістік мүмкіндіктерді кеңейту мақсатында ЭКСПО халықаралық көрмесінің кешені аумағында «Астана фильм» атты жаңа жоғары технологиялы киностудияның құрылысы бойынша жұмыстар басталды. Бұл үшін қала әкімдігі 23,7 гектар жер бөлді. Бұл жаңа кино өндіруші орталық, сондай-ақ әлемге әйгілі Universal, Disneyland және басқа да үлгідегі ойын-сауық және демалыс саябағы болады», - деді министр.

Оның сөзіне қарағанда, жаңа картиналарды шығаруға арналған барлық өтінімдерді кино саласындағы беделді мамандардан арнайы құрылған Сарапшылық кеңесі қарайды.

Сонымен қатар, іріктеу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін кино жобаларды қаржыландыру бойынша ұсыныстарды Үкіметтің жанынан құрылған ведомствоаралық комиссия береді.

«Еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминмен кездесу барысында әлемге әйгілі режиссер, сценарист, продюсер Тимур Бекмамбетов екі кино жобасына продюсер болуға дайын екенін білдіргенін айта кеткім келеді», - деді А. Райымқұлова.