24 қаң, 2019 сағат 15:38

«Қасым хан» тарихи фильміне кастинг жарияланды

«Қазақфильм» ауқымды тарихи киножобаға кастинг жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" киностудияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған кинотуындыны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсіреді.

Киножоба қазақтың ұлы хандарының бірі - Қасым ханның өмірі туралы баяндайды.

«Фильмнің көркемдік жетекшісі - «Ертұғырыл» сериалын түсіріп жатқан түрік режиссері Метин Гюнай. Басты рөлдерге, қосалқы және эпизодтық рөлдерге 3 және 80 жас аралығындағы барлық қазақстандықтар (балалар, ер адамдар мен әйелдер) қатыса алады (ер азаматтардың бойы 180 см. кем болмауы тиіс).Басты талап - қазақ тілінде еркін сөйлеуі керек. Кастинг Қазақстан бойынша өтеді», - делінген хабарламада.

Алматы қаласында кастинг жұмыстары 25 қаңтардан басталады.

Кастингке қатысу үшін kazakhfilmcast@gmail.com электронды поштасына келесі ақпараттарды: жақыннан бет бояусыз, көзілдіріксіз және линзасыз,  бас киімсіз, өңделмеген фотосуреттерді (селфи емес), сондай-ақ тұла бойы көрінетін бір сурет,  және өзі туралы қысқаша ақпаратты (аты-жөні, жасы, бойы мен салмағы, білімі және кинодағы тәжірибие туралы) жолдау керек.

«Құрметті әйелдер қауымы! Кастингке бет бояусыз және жасанды кірпіксіз келулеріңізді сұраймыз. Татуажы бар қыз-келіншектерді қабылдамаймыз», - деп ескертеді киностудиядан.

Еске сала кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Қасым хан туралы фильмнің сценарийі жазылып жатқанын былтыр хабарлаған болатын.

«Қасым хан туралы фильмнің жобасы бойынша біз картинаның сценарийіне тапсырыс бердік. Әлбетте, ол сценарийдің қалай жазылғанына ден қоярымыз анық. Егер онда Қасым ханның барлық ерлігі мен өмірі қамтылмаса, ары қарай жұмысты жалғастыратын боламыз. Режиссер - «Ертұғырыл» сериалын түсірген түрік режиссері болады. Ол қазақстандық мамандармен бірге сценарийді жазып шықты. Қазіргі таңда қазақстандық режиссерлер ірі жобалармен жүр. Ақан Сатаев «Тұмар патшайымды» түсіріп жатса, Рүстем Әбдіраш «Алмас Қылышты» жалғасына кірісіп кетті. Әлемдік деңгейге жету үшін біз мойындалған режиссерлер мен авторларды шақыруымыз керек», - деген еді Арыстанбек Мұхамедиұлы.