15 қыр, 2018 сағат 19:31

Қасіретті жылдар жаңғырығы

ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ қоғамы үшін оңай болмады. Қолдан ұйымдастырылған алапат аштық пен саяси репрессияның салдарынан түрлі деректер бойынша қазақ халқының жартысына жуығы қырылып қалды. Оның ішінде 20 мыңға жуығы жазықсыз түрмеге қамалып, енді бірі ату жазасына кесілген-ді. Халықты бір үзім нанға зар қылып, елдегі зиялы қауым өкілдерін жазықсыз жапа шектірген бұл оқиға әрбір қазақтың есінде. Алайда сондай зұлмат заманда елі, жері үшін күрескен азаматтарымыз әлі күнге ақталмай келеді. Содан болу керек, оларды әліге дейін халық жауы деп қабылдайтын ақсақалдарымыз да бар арамызда.

Мұның бәрі – асыл азаматтарымыздың уақытылы ақталмауынан. Мысалы, әлемде барлық дерлік мемлекеттер тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін бірінші кезекте мемлекеттік шара ретінде өз халқының азаттығы, өз жерінің біртұтастығы мен бүтіндігі, тәуелсіздігі жолында күрескен ұл-қыздарының (қаза тапқан және көзі тірі) тағдыры, көрсеткен ерлігі жөнінде шешім қабылдайды. Олар Отанын, жерін қорғаушыларды ұлттық батыр дәрежесіне көтеріп, ұлықтайды. Дәлел ретінде айтсақ, Литва Республикасы кеңестік отарлауға қарсы небары 50 жыл күрескен тұлғаларды ақтап алу, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша 29 жоғары мемлекеттік акт қабылдапты. Оның 10-ы – заң, 19-ы – Үкімет қаулысы. Грузин Республикасы болса, ел тәуелсіздігі жолында күрескен және ұлт-азаттық күреске қатысқаны үшін қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғалардың ерліктеріне қатысты әділеттілікті қалпына келтіру туралы мемлекеттік декрет жариялаған. Тіпті, жаңа демократиялық Ресейдің өзінде «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы», «Қаза тапқан отан қорғаушылары туралы», «Қуғын-сүргінге ұшыратылған халықтарды ақтау туралы» заңдар мен «Негізсіз қуғын-сүргін құрбаны болған діни қызметшілер мен діндарларды ақтау туралы» Президент актісі және басқа да заңнамалық актілер қабылданған. Қазақстанда да бірқатар маңызды мемлекеттік шешімдер жүзеге асты. Атап айтқанда, тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіруге, қазақ тілін, сәулет құрылыстарын қайта түлетуге бағытталған бағдарламалар, ғылыми-практикалық конференциялар болды. Алайда мұның бәрі көбіне мерейтойлық даталарға арналып, салтанатты іс-шаралар тойлар форматында өткізіліп жүр. Сондай-ақ, тұтас бір халықтың жартысын бір тістем нанға зар қылып, азапты ажал құштырған, қолдан жасалған зұлматаштықтың құрбаны болған байырғы халық қазақтардың өкілдеріне қатысты бірде-бір арнайы мемлекеттік акт қабылдамаған. Осығанорай, Қазақстанныңбостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресте зардап шеккен тұлғаларды ақтау мен олардың есімдерін мәңгі есте сақтау жөніндегі «Қаһармандар» республикалық Қоғамдық Қорының Президенті Сабыр Қасымов Қызылорда облысына арнайы келіп, Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

– «Қаһармандар» қорының негізгі мақсаты – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бұрынғы ел үшін, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі үшін күресіп, зардап шеккен ақталмаған азаматтарды ақтап, өшіп қалған аттарды елге қайтару, солардың ерлігінің арқасында жастарды тәрбиелеу. Бізде көп дүние жасалды. Елбасы бұл бағытты қолдап, үлкен танымал батыр, хан, жазушыларды ақтау жұмыстары жүргізілді. Әлде де атқарылатын жұмыстар бар. Қызылорда облысына арналған сапардың мақсаты – Сыр өңірі зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, ғылыми ортаны қалыптастыру. Қордың өңірдегі филиалын құрып, оның алға қойған міндеттерін орындау үшін бірігіп жұмыс жасауға шақыру,-деді қор Президенті Сабыр Ахметжанұлы.

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында өткен дөңгелек үстелге аталмыш оқу орнының профессор-оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты. Олар Сыр бойы өңірінде де көтерілістердің болғанын, алайда қаза тапқандар мен қатысқандар туралы деректердің толық еместігін айтып, алдағы қабылданғалы жатқан құжатқа жаңа тізімдерді де енгізу туралы қор Президентіне ұсыныс жасады. Сондай-ақ, университет магистранты Бақытжан Ахметбек Қарақұм, Қызылқұм жерлерінде болған бес көтеріліс басшыларының еленбей келе жатқанын айтып, аталған көтерілістерді насихаттап, ғылыми конференциялар ұйымдастырып, ескерткіштер орнату керектігі жөніндегі пікірін бөлісті.