30 қар, 2017 сағат 08:57

Кәсіпкерлер мемлекеттік тілде сөйлейді

Павлодар қаласындағы Достық үйінде қазақ тілі білгірлерінің «Парасатты кәсіпкер» байқауы өткізілді. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде және мемлекеттік тіл саясатын іске асыру мақсатында кәсіпкерлер арасында мемлекеттік тілге арналған конкурс ұйымдастырды. 

Байқауға Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының түрлі дең­гей­дегі тұрғындарға қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлерден құралған 5 команда қатысты. Сайыс үш кезеңде өтті. Бірінші кезеңде командалар өз­дерін таныстырып, үй тапсырмасын орындаса, екінші кезеңде түрлі қызмет көрсету салаларында кездесетін ситуациялық тапсырмаларды орында­ды. Қорытынды кезеңде термин сөздерді аударып, оқиға желісі бойынша мәтін құрастырды.

Барлық қатысушылар мемлекеттік тілдегі білімдерін ортаға салып, жаңа термин сөздерді сауатты пайдаланып, ситуациялық тапсырмаларды шебер­лікпен шешті. Барлық командалар өздерінің ерекшеліктерімен және белсенділіктерімен танылды. Әділқазылар алқасының шешімімен І орынға «Ұлттық мұра» командасы (Павлодар қаласы), екінші орынға «Белсенді көмір» командасы (Екібастұз қаласы) және үшінші орынға «Самға» командасы (Ақсу қаласы) лайықты деп танылды. Сайысқа қатысушыларды құттық­таған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы С.Османова: «Мұндай іс-шаралар келешекте дәс­түрге айналатынын, бұл конкурс алғаш рет өткізіліп жатқанын алға тартып, барлық қатысушылар мемлекеттік тілдегі білімдерін ғана емес, сонымен қатар облыс тұрғындарына қызмет көрсетуге қажетті өздерінің жан-жақты, шапшаң қасиеттерін де көрсете білді» деп атап өтті.

Иә, облыс көлемінде мемлекеттік тілге ерекше назар аударылып келеді. Соның бір дәлеліндей, жуырда «Рухани жаңғыру» аясында Павлодар облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Успен ауданының іс жүргізушілеріне, аудармашыларына және қазақ тілі мамандарына арналған «Аударма мәдениеті, ресми құжат сауаттылығы мен мемлекеттік тілді сапалы оқыту жолдары» тақырыбында кезекті об­лыстық көшпелі семинарды ай­туымызға болады. Жалпы ағым­дағы жыл­дың басынан бастап өткізілген семи­нарға Ақтоғай, Лебяжі, Шар­бақты және Успен аудандарынан 200-ге жуық іс жүргізушілер, аудармашылар мен қазақ тілі маманда­ры қатысты. Аталған шараның пленар­лық бөлімінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға байланысты мәселелер көтеріліп, қазақ тілін оқыту жөніндегі стандарт пен типтік бағдарламаны іске асырудағы оқытушылар жұмы­сының негізгі бағыттары қарас­тырылды. Мұндағы басты мақсат – қала, аудандардағы қазақ тілі оқы­ту­шыларының біліктілігін арттыру. Осындай бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

Айтуған Дәулет