14 ақп, 2017 сағат 11:36

Қаржысын Бишімбаев қалтасына басқан зауытқа қосымша ақша бөлінбейді

Қаржысын Бишімбаев қалтасына басқан зауытқа қосымша ақша бөлінбейді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат

Айта кетерлігі, Қызылорда қаласында табақ шыны шығаратын зауыт құрылысы осы жылдың қазан айында аяқталуы тиіс болатын.

«Бұл алдын ала жоспар еді және біз Қызылорда облысы әкімдігімен оны барынша орындауға тырысамыз. Бірақ, мәселе «Шымкентхиммонтаж» жұмысы қорытындысын қарауға және біз қабылдайтын шараларға байланысты. Жұмаға дейін біздің тарабымыздан барлық қажетті шешімдер қабылданатын болады. Яғни, «Шымкентхиммонтажға» өздерінің міндеттемелерін орындамағандығы жайында наразылық беріледі», - деді Досаев.

Осы ретте Досаев БАҚ өкілдерінің зауыт құрылысына қосымша қаржы бөліне ме деген сауалына да жауап берді.

«Жоқ, қосымша шараларға сәйкес бас мердігер тарабынан бізде сәйкесінше кепіл бар және осы процедуралық шаралар қолданылады», - деді ол.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Бәйтерек ҰБХ» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық бюросы хабарлағандай, ол бір топ адаммен алдын ала келісіп, бірнеше рет ірі көлемде пара алды деп айыпталуда. Бишімбаев Қызылорда қаласында табақ шыны шығаратын және өңдейтін зауытын салу кезінде  «Orda Glass» ЖШС-ның ведомстволық бағыныстағы компаниясы мен  оның мердігерлік ұйымы «Шымкентхиммонтаж» ЖШС арқылы  1 млрд теңге жымқыру қылмыстық схемасын ұйымдастырған деген күдікке ілінді. Осы орайда ол аталған соманың 2 млн АҚШ долларын өзіне алғандығы тексерілуде.