24 мау, 2019 сағат 06:43

Қаржы саласына төртінші өндірістік революция жетістіктерін енгізетін кез келді

Төртінші өндірістік революция көптеген салаға орасан зор ықпал етті. Денсаулық сақтау мен бөлшек саудадан бастап ауыл шаруашылығына дейінгі бірқатар сала деректерді сақтау мен оларды талдау әдістерін күрт өзгертті. Нәтижесінде, қай кезде егін егуді немесе қанша киім шығару керектігін жете түсінетін болды.

Автоматтандыру мен ақылды құрылғылардың арқасында бұл салалар қарқынды дамып келеді. Ал қаржылық қызмет көрсететін мекемелер өз инфрақұрылымын жаңғырту үшін жаңа технологияларды қолданғанымен, төртінші өндірістік революция мүмкіндіктерін толық пайдалана алар емес.

Расында, қаржы саласының өз кәсібін жаңғырту мен оңтайландыруға экономикалық мүмкіндігі зор боласа да, технологиялық жағынан артта қалғаны таңқалдырады. Бұл неліктен маңызды? Өйткені қоғамның қантамыры іспеттес қаржы жүйесі, төртінші өндірістік революция жетістіктерін толық игермей, алға басуымыз екіталай.

Технологияларды енгізу кей жағдайда тұтынушылар үшін ыңғайлы әрі жоғары технологиялық қаржылық қызметтерді құруға кедергі келтіреді. Financial Times басылымының есебінше, акциялар саудасының 70%-ы алгоритмдердің көмегімен анықталады. Ал, J.P.Morgan агенттігі «жеке тұлғалардың осы саудадағы үлесі 10%-ға да жетпейді, қалғанын компьютерлік бағдарламалар жүргізеді» деген қорытындыға келді. Нәтижесінде қаржы нарығында кәсіп жүргізетін адамдардың саны тек АҚШ-та ғана емес, бүкіл әлем бойынша күрт азайған.

Қаржы жүйесі жақсы дамыған елдердің бірі – АҚШ. Федералдық қор жүйесінің жыл сайынғы зерттеуі америкалықтардың 60%-ы нақты неге инвестиция салып жүргенін білмейтінін көрсеткен. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы нарықта жұмыс жасап жүрген америкалықтардың саны жыл сайын азайып келеді екен. 1989 жылы АҚШ отбасыларының 5%-дан астамы бағалы қағаздар ұстаса, бүгінде бұл көрсеткіш 1% төңірегінде.

Бүгінде технологияларға байланысты қаржылық жүйелер мен онда қолданатылатын құралдар тым күрделеніп кетті деген ұғым қалыптасқан. Жұрттың көпшілігі бұл саланы «ұғуға қиын әрі айқын емес» деп есептейді. Яғни, қарапайым адамдардың қаржылық сауатын көтеруі тиіс технологиялар іс жүзінде кері нәтиже бергенін байқауға болады.

Ал енді жаңа технологиялар жылжымайтын мүлік пен туризм саласын қалай өзгертті деген сауалға жауап іздеп көрсек. Көп жылдар бойы жылжымайтын мүлік саласының мамандары «қарапайым тұтынушылардың осы саладағы деректер мен ақпаратқа қолжетімділігі артса, қажетсіздік туындайды» деп қауіптенетін. Риэлторлар өздерінің басты қазынасы санайтын жылжымайтын мүлік тізіміне бөтен адамдардың жолағанын қаламайтын. Бұл турагенттерге де қатысты. Олар ұшақтарға арзан билет пен қонақ үйлердегі жайлы орындар алудың сырын ешкімге ашпайтын. Алайда интернетте мәлімет іздеу мүмкіндігі пайда болғаннан кейін, бұл екі сала түбегейлі өзгеріп кетті. Екеуінің де ауқымы кеңейіп, автоматтандыру мен инновациялық жүйелердің арқасында жұмыс өнімділігі артты.

Әуебилеттер сататын кей сайттар бүкіл рейстерді көрсетіп, қолайлы баға мен ыңғайлы уақытқа билеттерді оңай сататын болды. Жылжымайтын мүлік саласы да осыған ұқсас жолмен дамыды.

Бірақ қаржылық қызметтер нарығында мұндай өзгеріс болған жоқ. Бұрынғыдай қаржы кеңесшілерінің қатысуынсыз инвестиция жасай алмайсыз, яғни, барлық тетіктерді әлі де өз қолында ұстап отыр деген сөз. Мәселен, тек адал жолмен шығарылған алмастармен жұмыс істейтін қорға ақша салмақ болдыңыз делік. Бірақ сондай қорды қарапайым адамның табуы қиын. Тұтынушылар қаржылық құралдарға ақша салудан түсетін табыстар, төленетін комиссиялық алымдары мен осыған байланысты туындайтын тәуекелдерді оңай түрде қалай салыстыра алады?

Көп ұзамай қаржы саласында да оң өзгерістер басталады деген үміттеміз. Төртінші өндірістік революция өнеркәсіп салаларында қалай өтіп жатқанын бағамдап көрсек. Біз мұны үш кезеңге бөліп қарастырамыз: алдымен озық технологиялармен танысу, содан кейін бұл технологияларды арзандатып, оларды кеңінен қолдануға мүмкіндік жасау.

Ақырында мамандар оларды өз саласына бейімдеп, үздік тәжірибе қалыптастыра бастайды. Бұл ретте, қаржы саласы әлі де «танысу кезеңінде» тұр. Әлем елдерінің көп бөлігі банк операцияларын орындау үшін тасымал құрылғыларын қолданады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді. Ең қуантатыны, бұл үрдіс дамушы елдерде де өсіп келеді. Көп мемлекеттер жаңа банк жүйелерін құру үшін негізінен коммуникациялық технологияларға сүйенеді. Бұл компаниялар мен кәсіпкерлерді қаржы саласында жаңа тәсілдер жасауға ынталандырады. Осы тәсілдерді қолданушылардың саны артқан сайын, олардың осы нарықтағы тиімділігі де өсе түседі.

Мұның маңыздылығы неде? Өйткені, бұл – дамушы елдердің батыс мемлекеттері деңгейіне жетуінің бір амалы. Мәселен, қазір Танзания мен Ауғанстанда банк қызметтері ұялы телефондар арқылы өткізіледі. Ал Нобель сыйлығының иегері, аты аңызға айналған Мұхаммед Жүніс Азияның дамушы елдерінде технологиялық платформалардың көмегімен шағын несиелер ұсынып жүр. Өткен жылы дамушы елдер жаңа технологиялардың арқасында бүкіл әлемдегі тікелей шетелдік инвестициялардың 37%-ын алды. Олардың арасында ең қөп қаражат Азия елдеріне құйылды. Технологиялық платформалар қаржылық жүйе құруға көмектеседі, ал бұл өз кезегінде экономиканың қарқынды дамуына және халық әл-ауқатының өсуіне септігін тигізеді. Қаржы нарығы барша тұрғындарға қолжетімді болып, қалың бұқара оларды жетік меңгерсе, бұл дүниежүзі бойынша күшті экономикалық өсімді қамтамасыз ететін басты қозғаушы күшке айналуы мүмкін.

Тағы да бір маңызды тұсы, технология қаржылық құралдардың қолданылуын оңтайландырып, осы сала бойынша сауатымызды арттырады. Сондай-ақ, бұл нарықтың ашықтығын қамтамасыз етеді. Қаржы нарығы күрделеніп, тұрақсызданған кезде жаңа технологиялар мен деректер оларды оң өзгерістерге бастай алады. Сол кезде бұл саланың тиімділігі арта түсері анық.

Мақаланың түрнұсқасы: weforum.org