16 қаз, 2018 сағат 09:21

Қаржы министрі бюджет қаражатын игермей отырғандарға шара қабылдауды сұрады

ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов бюджет қаражатын игермей жатқан мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтерге, компанияларға қатысты тиісті шаралар қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Республикалық бюджеттің шығыстары 7 трлн 092 млрд теңгені құраған.

«1 қыркүйектегі жағдаймен салыстырғанда, бюджет қаражатын игеру көрсеткіші жақсарды. 6,5 млрд теңгелік үнемдеу сомасын есептемегенде, 47,1 млрд теңге игерілмеді. Бұл 8 айдағы көрсеткіштен 33 млрд теңгеге аз (80,1 млрд теңге-авт.)», - дейді Әлихан Смайылов.

Министр баяндамасында атап өткендей, нақтыланған республикалық бюджеттің жобасында жыл басынан бері игерілмей келген бюджеттік бағдарламалардың біраз қаражаты оңтайландырылған.

«Бюджет қаражатының тиімді пайдалануын сипаттайтын көрсеткіштердің бірі - квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шоттарындағы қалдықтардың көлемі. Олардың көлемі 59,2 млрд теңгені құрайды. Ол жыл басынан салыстырғанда 15 млрд теңгеге азайды. Бірақ айтып өту қажет, 41,5 млрд теңге өткен жылдардан бері игерілмей келе жатқан қалдықтар», - дейді ол.

Әлихан Смайылов өз сөзінде тиісті мемлекеттік органдар мен ұлттық холдингтерге, компанияларға қаражатты игеру бойынша шаралар қабылдауды ұсынды.

«Жергілікті бюджеттердің шығысы 3 трлн 496 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны - 32 млрд теңге. Бұл өткенг ұқсас кезеңмен салыстырғанда екі есеге кем (2017 жылғы 1 қазанда - 64 млрд теңге). Неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде қалыптасты: Астана қаласы (4,9 млрд теңге), Түркістан (2,1 млрд теңге), Қызылорда облыстары (1,9 млрд теңге), Алматы қаласы (1,4 млрд теңге), Маңғыстау облысы (1,1 млрд теңге).

Ең көп игерілмеу соммалары келесі әкімшіліктерде: мәдениет және спорт министрлігі, қорғаныс министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, ұлттық экономика министрлігі және жоғарғы сот», - дейді Қаржы министрі.

Еске сала кетсек, өткен айда ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бюджет қаражатын игере алмаған бірқатар әкімді сынаған еді.