30 мам, 2020 сағат 13:59

Қаржаубай Сартқожа: Мемлекеттік комиссия құрамына кезең-кезеңнің тарихшыларын тарту керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай жасаған бүгінгі үндеуіне қатысты түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожа пікір білдірді, деп хабарлайды Baq.kz.

Президенттің бүгінгі үндеуі – саяси маңызы зор тарихи үндеу. Жалпы, бүгінгі күнге дейін қазақ халқының көрмегені жоқ. Ресейдің қол астындағы 270 жыл, оның алдында жоңғар шапқыншылығы заманы, кейінгі кеңестік кезеңдегі оқиғалар. Осылардың барлығында қазақ халқы небір қиындықты бастан өткерді. Құрып кетуге шақ қалдық. Тек қазақ халқының рухани мықтылығы, ұлттық кодтың мықтылығы, еліне деген махаббатының мықтылығы арқасында аман қалды. Мен осыған қуанамын. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына қатысты сақталған материалдар баршылық. Соларға аға буын ғалымдарды жетекшілікке қойып, жас ғалымдарды тарту керек. Мемлекеттік комиссия құрамына кезең-кезеңнің тарихшылары тартылғаны жөн, - дейді ол.

Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасаған үндеуінде жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысы есте сақталатыны туралы айтты.