01 қаз, 2019 сағат 10:21

Қарттар күні: Біржан Нұрымбетов елордалық жүз жастағы соғыс ардагерін құттықтады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қарттар күніне орай жасы жүзге келген елорда тұрғыны Александр Торкинді үйіне барып, құттықтап қайтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарттар күніне орай министр соғыс ардагерінің үйіне барып, жағдайын білді. 1919 жылы өмір есігін ашқан Александр Торкин соғыс жылдарында Берлинге дейін фашистерді шегіндірген майдангер. Майданнан оралғаннан кейін де ел қатарлы қызмет етіп, екі ғасырдың – екі дәуірдің куәгері болып, 100 жасқа келіп отыр.

«Қарты бар үйдің қазынасы бар. Өмірімен бізге үлгі, ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беретін де көнекөздер. Өсіп келе жатқан жас буынға патриотизмнің үлгісіндей ортамызда ұзақ жүре берсін дейміз. Мемлекет те, Елбасы мен Президент те әрдайым қарттардың алдында қарыздар әрі жауапты екенін сезінеді. Кәрілерді әлеуметтік тұрғыда қолдау шаралары біздің елімізде жолға қойылған. Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 млн 190 мың зейнеткер бар. Зейнетақы жыл сайын уақтылы беріліп, мөлшері өсіп те келеді. Зейнеткерлерге арнайы әлеуметтік көмек көрсететін республикада 700-ге тарта орталық бар», - деді Біржан Нұрымбетов ардагерді құттықтау кезінде.

Александр Торкинге министр бағалы сый – кәрзеңке толы жеміс-жидек, дәмді-тәтті сыйлап, біршама әңгіме өрбітті.

Осыдан кейін тілшілерге сұхбат берген министрдің айтуына қарағанда, елімізде Александар Торкин секілді қарттарға үйінде барып көмектесетін 488 орталық жұмыс істеп тұр.

«Бүгін біз Александр Петровтың үйінде болдық. Оның қасында біздің жауапты әлеуметтік қызметші таңнан кешке дейін көмектеседі. Жалпы, менің ойымша, Қазақстан халқының ең бір артықшылыққа ие қасиеттерінің бірі – аға буынға деген құрмет. Кез келген кісінің адами құндылығы, тәрбиесі – аға буынға деген қарым-қатынасымен өлшенеді. Сол себепті, дәл осы Қарттар күні аға буынға, ардагерлерге басымды иіп, алғысымды білдіре отырып, жастарды әрдайым қарттарға сый-құрмет көрсетуге шақырамын», - деді ол.