23 там, 2019 сағат 21:07

«Қарапайым заттар экономикасына» 600 млрд теңге бөлінді

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 600 млрд теңге бөлінген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қарағанды облысына жасаған жұмыс сапары аясында өткен «Индустриялық-инновациялық даму туралы» кеңесте ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр «Қарапайым заттар экономикасы қалай дамып  жатқанын баяндады.

«Екі жылға арналған бағдарламаны іске асыру шеңберінде банктер тарапынан 62 млрд теңгеге 150 жоба мақұлданды. Екінші деңгейдегі банктер мен Аграрлық несие корпорациясы 275 млрд теңгенің 210 жобасын қолға алмақшы. Бағдарламаға барлық қажетті өзгерістер енгізілді. Соңғы мөлшерлеме төмендетіліп, басым жобалардың тізбесі кеңейтілді. Аграрлық несие корпорациясы қаржыландыруға кірісті. Бөлінген 600 млрд теңгенің жыл соңына дейін игереміз. Ал қалғаны келесі жылы толық игеріледі», - деді Роман Скляр.

Аталған қаражаттың 100 млрд теңгесі ауылшуаршылық өнімдері қайта өңдеуге, 100 млрд теңге өндірістегі «қарапайым заттар» үлесін арттыруға, қалған 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі мен көрсетілетін қызметтерге бағытталған.

Еске салсақ, бүгін Президент Қарағандыда еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы жөнінде кеңес өткізді.