25 нау, 2020 сағат 14:33

Карантиндегі Нұр-Сұлтан мен Алматыға кімдер кіріп-шыға алады?

Карантиндегі Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласына көліктер мен адамдар әкімдік тізімі бойынша кіріп-шығады. Бұл туралы «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сергек» жүйесін жасаушы компания полиция департаментінің планшеттеріне арнайы мобильді қосымша енгізді. Сол арқылы полиция қызметкерлері блок-бекеттер арқылы кіріп-шыққан көліктер мен адамдарды есепке алады», - деді министр. 

Сондай-ақ оның атап өтуінше, осы мобильді қосымша көліктің нөмірі мен жүргізушінің рұқсат етілген тізімде бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді. 

«Бұл тізімді әкімдік жасайды. Тізімде мысалы, қалаға азық-түлік, дәрі әкелетін адамдар мен көліктер кіргізіледі. Ал тізімде жоқ азаматтар блок-бекет арқылы өте алмайды», - деді Дәурен Абаев.