04 мау, 2020 сағат 12:27

Карантиндегі кәсіпорындарды тексеру уақытша тоқтатылады

Елімізде төтенше жағдайдың аяқталуына байланыста салық және кеден тексерулері жаңартылды. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектілерінің жұмыс жасау режимі ескерілетін болады, деп хабарлайды ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

«Егер де тексерілетін кәсіпорынның қызметкері карантинге кеткен болса, онда кәсіпорынның жұмысы қайта жанданған уақытқа дейін тексеру уақытша тоқтатылады. Бұл ретте кәсіпкерлік субъектісіне құжаттарды ұсыну туралы талапнама табыс етіледі», делінген хабарламада.

Комитеттің мәліметінше, бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер органдарында 1 403 салық және 382 кедендік тексеруі өндіріске алынған.

«Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тікелей байланысты азайту үшін, жергілікті жерлерде кеден тексеруінің басым бөлігі кәсіпорынға бармай-ақ, қашықтан жүргізіледі. Ондай тексеру саны 60-тан асады», делінген хабарламада.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жылдың екінші жартыжылдығына салық тексеруінің кестесін жасаудан бас тартқан.

«Яғни 700-ге жуық тексеру жасалмайды. Нақты бұзушылық бойынша ғана жоспардан тыс тексеру жүргізіледі», делінген хабарламада.