05 мам, 2020 сағат 17:51

Қарағандылық еріктілер Мақтааралға 2 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді

Қарағанды облысының еріктілері Түркістан облысындағы су басып қалған ауылдардың тұрғындарына гуманитарлық көмектің алғашқы партиясын жіберді, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Елді мекендерді Өзбекстанның су қоймасындағы бөгет жарылғаннан кейін су басты. 30 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді.

«Зардап шеккендерге көмектесу – біздің парызымыз. Сондай-ақ, Saryarqa Jastary облыстық штабының еріктілері 2 мамырдан бастап су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинауды бастады. Бүгін біз оларға 2 тоннадан астам жүк жібереміз», - дейді Saryarqa Jastary еріктілер облыстық штабының өкілі Әлішер Самарбаев.

Оның айтуынша, бірінші кезекте қажетті өнімдер мен гигиена құралдарынан гуманитарлық жүк жинауға «Лингва» шет тілдері колледжіні өкілдері мен кәсіпкерлер көмектесті. Бұл тек бірінші партия. Су апатынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек жинау жалғасып жатыр.

«Бұл көмекті біз үш күн ішінде жинай алдық. Біздің демеушілерімізге, сондай-ақ қарапайым адамдарға алғыс айтамыз. Қазіргі күрделі уақытта бір - бірімізге көмек көрсету, адамгершілікті сақтау және жақсылықты арттырудың маңызы өте зор», - деп атап өтті волонтер Сымбат Әубакірова.