04 қаз, 2019 сағат 07:45

Қарағандыда «Союз МС-12» экипажын қарсы алды

«Союз МС-12» кемесінің экипажы Жезқазғаннан 145 шақырым жерге қонды. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ресей, АҚШ, БАӘ аэроғарыш ведомстволарының өкілдері Қарағанды қаласының әуежайында ғарышкерлерді қарсы алды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Ресейлік ғарышкер Алексей Овчинин, американдық астронавт Ник Хейг және БАӘ-нен Халықаралық ғарыш станциясына ғарыштық ұшудың бірінші қатысушысы Хаззаа Аль Мансури «Союз МС-12» кемесінен Жерге оралды. - Қымбатты ғарышкерлер, Қазақстанның қонақжай жеріне қош келдіңіздер. Қалыптасқан дәстүр бойынша қарағандылықтар ғарышкерлерді бірінші болып қарсы алады. Біз сіздерді ХҒС 60-шы мерейтойлық миссиясының сәтті аяқталуымен құттықтаймыз, - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ғарышкерлерді қарсы алу кезінде. Дәстүр бойынша барлық қазақстандықтардың атынан экипаж мүшелеріне шапандар сыйға тартылды, ал Росавиация өкілдері ғарышкерлер бейнеленген матрешкаларды табыс етті. Жалпы экипаж ғарышта алты айдан астам уақыт өткізді. Алексей Овчинин және американдық Ник Хейг ХҒС-қа 2019 жылдың 15 наурызында қонды. 25 қыркүйекте «СОЮЗ МС-12» кемесінің интернационалдық экипажы құрамында Байқоңыр ғарыш айлағынан орбитаға шыққан Хаззаа Әл Мансури ХҒС-қа келген Біріккен Араб Әмірліктерінің бірінші өкілі болып табылады. Осы оқиғаның құрметіне оның фотосуреті әлемнің ең биік ғимаратында — Бурдж-Халифа ғимаратының шыңында орналастырылған. - Мен өз елімнің алғашқы астронавты болғанымды мақтан тұтамын. Осы алған тәжірибемді ғарышқа ұшатын басқа да араб астронавтарымен бөлісуді жоспарлап отырмын. Халықаралық ғарыш станциясынан жерді көргендегі өз сезімімді сипаттау өте қиын. Ол ерекше бір керемект көрініс. ХҒС-да ұзағырақ қалғым келді, - деп бөлісті БАӘ астронавты Хаззаа Әл Мансури. «Союз МС-12» кемесі ХҒС құрамында болған уақыт аралығында ғарышкерлер «Прогресс МС-11», «Прогресс МС-12», Cygnus NG-11 және Konotouri-8 жүк кемелерін қабылдады, «Союз МС-13» және «Союз МС-15» кемелерінің экипаждарын қарсы алды. Сондай-ақ 22 тамызда жақындастыру және түйістіру жүйесінің ақауларынан кейін станцияға 27 тамызда айлаққа жеткізілген «Союз МС-14» ғарыш кемесімен жеткізілген «Федор» антропоморфты роботымен жұмыс істеді.