11 қаң, 2018 сағат 16:58

Қарағанды тас жолында 48 жолаушы мінген автобус аударылды

Қарағанды облысында «Егіндібұлақ-Қарағанды» бағытындағы жолаушылар автобусы аударылып, салдарынан 3 адам жараланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жол апаты Бұқаржырау ауданындағы «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолының 103-шақырымында, Шешенқара кентінен 15 шақырым қашықтықта болған.

«45 адам құтқарылды. Жолаушылар Шешенқарадағы мектеп ғимаратына орналастырылды. Үш адам ауруханаға жатқызылды», - деп хабарлады облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен.

Соңғы 8 сағаттың ішінде қарағандылық құтқарушылар қар құрсауында қалған 20 адамға көмек көрсеткен.


Сағат 10:32-де Абай ауданында құтқарушылар Вольный және Агрогородок кенттерінің арасында жолда қалып қойған үш көліктегі 10 адамға көмектесті.

12:34-те Алматы-Екатеринбург тас жолының 986-шақырымындағы Жұмабек ауылының маңында жүк көлігі мен жолаушылар автобусы  соқтығысып қалды. ТЖ қызметкерлері бір адамды құтқарып, тағы 15-ін Қарағандыға жеткізді. Оларға медициналық көмектің қажеті болған жоқ.  

Сондай-ақ Жаңаарқа ауданындағы Ақтүбек ауылына жақын жерде қар құрсауында қалған жеңіл көліктерден 11 адам құтқарылды.

Алматы-Екатеринбург тас жолының 1045-шақырымында сынып қалған   «Шымкент-Астана» автобусының жолаушыларын құтқаруға жергілікті 52859 әскери бөлімінің сарбаздары жұмылдырылды. 37 адам Теміртауға жеткізілді.