10 жел, 2019 сағат 09:00

Қарағанды полицейлері 7 жасар қызды зорламақ болған күдіктіні ізін суытпай ұстады

Қарағандыда патруль полиция полкінің қызметкерлері 7 жасар қыз баланы зорламақ болған қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Instagram әлеуметтік желісінде қала тұрғыны Қарағанды қаласы ІІБ патруль полиция полкінің қызметкерлеріне алғыс айтты.

«Қарағанды қаласы ІІБ патруль полиция қызметкерлеріне, атап айтқанда Мырзабеков Дархан Сәрсенханұлы мен Арғын Ақниет Болатұлына жедел әрекет еткені үшін алғыс айтқымыз келеді. Сенбі, 7 желтоқсан күні белгісіз ер адам үйдің кіреберісінде 7 жасар қыз балаға тиісіп, сол туралы шағым айтып полицияға хабарластық. Жігіттер қоңырау шалған соң 2 минут ішінде келіп жетті. Содан кейін олар бала және оның ата-анасының біреуімен жақын маңды аралауға кірісті. Тәртіп сақшылары кәсіби және жедел әрекет етті. Осының арқасында бала ер адамды топ арасынан танып, анықтады. Тағы бірер минут кешіксе, қылмыскер ізін жасырып кетер еді. Қылмыс жасамақ болған ер адам қамауға алынды. Оның ниеті бұзық болғаны айдан анық»,- дейді қала тұрғыны.

7 желтоқсан күні сағат 10:30 шамасында 102 телефонына қала тұрғынынан белгісіз ер адамның 7 жасар қызды зорламақ болғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу полиция жасағы жіберілді, олар күдіктіні табу үшін жақын аудандарды тінте бастады. Жедел-іздестіру барысында патруль полицейлері 43 жастағы ер адамды ұстады.

Айта кету керек, бұл - оның алғашқы қылмысы емес. 2006 жылы ол осыған ұқсас 12 қылмыс жасағаны үшін 15 жылға сотталған. 2019 жылдың наурызында ол мерзімінен бұрын шартты түрде босап шыққан.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 24-120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азамат қамауға алынды.