25 ақп, 2021 сағат 19:25

Қарағанды облысының әкімі жастардың кәсіп ашуына 2 мың өтеусіз грант бөлмек

Қарағанда облысының әкімі жастардың кәсіп ашуына 2 мың өтеусіз грант бөлгелі отыр. Бұл туралы Қарағандыда облыстық мәслихат депутаттарының өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысына байланысты өткен жиын барысында мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жиында жастарға қатысты көтерілген мәселеге пікір білдірген Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бірқатар жағымды жаңалықтардан хабардар етті. 

«Біз «2022 жылға дейін «жетім балалар» және «ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санатындағы жастарға 618 пәтер бөлуді жоспарлап отырмыз. Төрт студенттік жатақхана пайдалануға беріледі. Екі жыл ішінде кемінде 300 жас маман қызметтік баспана алады»,-деді әкім. 

Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек өңірде облыстық және 18 аймақтық жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейтінін атап өтті. Мұнда мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес беріледі. Сонымен қатар психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі. Бұл бағытта жол картасы да әзірленеді.

«Көктемде облыстық IT-хаб ашуды жоспарлап отырмыз. Ол 10 мың жас IT-мамандардан тұратын өңірлік команданы біріктіріп, құрылады»,-деді.

Осы ретте облыс әкімі балалар мен жастар қауіпсіздігі тақырыбын да көтеріп, депутаттарды тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге қатысты мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды. 

«Жалпы жастар мәселесінде проблемалар да жоқ емес. Оқуға аса ынтасы жоқ, жұмысқа аса бейілді емес жастар бар. Осылай кете беретін болса, болашақта олар халықтың проблемалық топтарына айналады. Сондықтан білім беруге, жаңа өндірістер құруға, компанияларға қажетті мамандарды оқыту мен қайта оқытуға барынша көп көңіл бөлу керек», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.