19 ақп, 2020 сағат 09:40

Қарағанды облысы: Мал іздеуге шығып, жоғалып кеткен екі адам табылмай жатыр

19 ақпанға қараған түні Қарағанды облысының Осакаров ауданына қарасты жолдарда құтқару жұмыстары жүргізілді. ТЖД қызметкерлерінің көмегімен 40 адам құтқарылды, оның ішінде 29 адам жылыту пунктіне орналастырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Осакаров ауданында апаттық-құтқару жұмыстары «Алматы-Екатеринбург», «Осакаровка-Молодежный» және «Осакаровка-Нұра» автожолдарында жүргізілді.

«Алматы-Екатеринбург» автожолынан Осакаровка кентіндегі жылыту пунктіне дейін жолаушылар автобусын алып жүру ұйымдастырылды. Халықаралық бағыттағы автобуста болған 29 адам жергілікті мәдениет үйінде орналастырылды. Олардың барлығы - Моңғолия азаматтары. Жолаушылардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады. Сонымен қатар қар құрсауынан 4 жеңіл автокөлік шығып, 11 адам құтқарылды.

Құтқару жұмыстары Қарағанды облысының ТЖД бөлімшелері мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен жүргізілді.

Сондай-ақ, Осакаров ауданының Сенокосное ауылында қарда жүретін көлікпен мал іздеуге шығып, үйіне оралмаған екі адам іздестірілуде. Іздестіру-құтқару жұмыстары ТЖД басшылығының бақылауында.

«Қазақавтожол» ЖШС мәліметтері бойынша ауа райының нашарлауына байланысты (боран, жолдың нашар көрінуі) республикалық маңызы бар автожолдардың 8 учаскесінде автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.

«Өткізу пункттерінде 261 техника (69-жүк, 175-жеңіл, 17-автобус) бар. Жолдарды тазалау үшін барлығы 184 техника мен 251 адам жұмылдырылды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Ауа райының нашарлауы және автожолдардың жабық болуы туралы ақпарат барлық БАҚ-та, әлеуметтік желілерде, ТЖД ведомстволық интернет-ресурсында және «Дармен» мобильдік қосымшасында жедел түрде орналастырылады.