08 там, 2019 сағат 14:52

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары өз кінәсін мойындады

Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Жандос Әбішев және оның ағасы Елдар Әбішевке қатысты қозғалған қылмыстық істің алдын ала тыңдауы 9 тамызға тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотының өндірісіне облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Жандос Әбішев пен оның ағасына қатысты қылмыстық іс келіп түсті. Айыпталушылар кінәсін мойындау туралы іс жүргізу келісімін жасаған.

Сот материалдарына сәйкес, Қарағанды облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі бұрынғы орынбасары Жандос Әбішевке ҚР ҚК-нің 364-бабының 3-бөлігі бойынша «Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын тұлғаның кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысуы» деген айып тағылды. Бұрынғы шенеунік қазіргі таңда қамауда.

«Процессуалдық келісіммен кінәні мойындау туралы мәміле түрінде келіп түскен қылмыстық іс өндіріске қабылданды. Алдын ала тыңдау 9 тамызға белгіленді», - деп хабарлады Қазыбек би аудандық сотында.

Еске сала кетейік, биыл ақпан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық бюро Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросы Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде. Ол облыстың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының лауазымды тұлғаларымен алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобында облыстың мүмкіндігі шектеулі адамдарын арнайы қатынас көліктерімен қамтамасыз етуге бөлінген 36 млн теңгеден астам сомадағы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр», - деді агенттікте өткен баспасөз мәслихатында Арман Бердалин.

Оның айтуынша, атап айтқанда, техникалық сипаттамаға сәйкес келмейтін және көтеріңкі бағада мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған кресло-арбаларын жеткізу бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Еске сала кетсек, Жандос Әбішев 2014 жылдың қыркүйегінен 2019 жылдың 16 қаңтарына дейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ол өңірдің әлеуметтік саласы мәселелеріне жетекшілік етті.