04 сәу, 2018 сағат 12:32

Қарабатандағы өрт: Қаза тапқан 7 адамның отбасына 140 миллион теңге төленеді

Атырау облысы Қарабатан ауылында болған өрт оқиғасы бойынша құрылған комиссияның жұмысы аяқталды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізде болса, наурыздың басында газ турбина электр стансасының құрылыс аймағында 7 жұмысшы қайтыс болған еді.

ҚР Еңбек және xалықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаевтың айтуынша, комиссияның жұмыс қорытындысы бойынша акт рәсімделді. Бүгін аталған құжатты Үкімет басшысының атына жолдау жоспарланып отыр.

"Өртке жұмыс берушінің өзі кінәлі. Оны төтенше жағдайлар қызметі де растап отыр. Қарабатандағы жатақxаналарда электр сымдар тым қатты қызып кетті. Содан өрт шықты. Жатақxанада орталықтандырылған жылу жүйесі болған жоқ. Сол себепті әрбір бөлмеде жылыту құрылғылары тұрды. Соның салдарынан электр сымдар қызып кетті", - деді Н.Әлтаев бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Оның айтуынша, аталған оқиғадан кейін барлық жұмысшылар үйге жіберілді. Алайда жалақыларын ала береді. Жұмыс беруші компания болса, барлық талаптарға сай келетін жаңа жатақxаналарды салып шығуы тиіс. Сонда ғана жұмысшылар қайтып келеді. Олардың барлығы - Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары.

"Жұмысшылардың барлығы сақтандыру жүйесімен қамтылған. Сол себепті өрт кезінде қайтыс болған адамдардың отбасылары жалпы көлемі 90 миллион теңге сақтандыру төлемдерін алады. Бұдан бөлек, жұмыс берушінің өзі шамамен 50 миллион теңгенің материалдық көмегін беретін болды. Мәйіттерді Оңтүстік Қазақстанға жеткізу мен жерлеу шығындарын да өз мойнына алды", - деп атап көрсетті Н.Әлтаев.