13 қаз, 2016 сағат 13:15

«Қара пима» спектаклі сахналанады

Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театрында Ұлықбек Есдәулеттің «Қара пима» поэмасының желісімен жазылған Айбек Сапышевтің драмалық туындысының премьерасы өтеді.   

Қоюшы режиссері театрдың көркемдік жетекшісі, режиссері - Ербол Жуасбек. Ең негізгі айтылатын ой - әке мен шеше және бала арасындағы мәңгілік махаббат. Шешеден ерте айырылған жас баланың тағдыр тауқыметі, әкенің кешірілмес қателігі мен перзент алдындағы парызының өтелмеуі шығарманың арқауына айналған.  

Драманың шарықтау шегі қоғамның әлсіз тұсын әкенің қателігімен суреттеп, махаббат ұғымын ана бейнесі арқылы жеткізген. Адамдар арасындағы әлеуметтік төмендік, тұтас бір ортаның өмірге көзқарасын білдірген.

Шығарманың халыққа ой салатын элементтері өте көп. Жақсылық пен жамандық, махаббат пен ғадауат, қарама-қайшылықтың бәрі көрініс арқылы суреттелген. Дер кезінде қол ұшын созу, уақыт қадірі, адам құндылығы спектакльді әсерлі етіп, қуатын молайта түскен.    

Театр маусымы ашылғаннан бері қызыу дайындықта жүрген, бабы келіскен актерлер қауымы спектакльге тыңғылықты дайындалуда. Әсіресе, бүгінгі қоғамның тыныс-тіршілігін тамырдан басқан шығарманың шиленісі, әртістерге шабыт беріп, спектальдің көркем қойылуына, шынайы шығуына, молынан әсер етуде.

Сіз өмір сүріп жатқан қоғамның кейбір әлсіз тұстарын, сабақ алатын жағымды, жағымсыз жақтарын суреттейтін спектакльді көргіңіз келсе премьераға келіңіздер! 20-30-қазан күндері Абай театрында.

                      Мерей Қартов, әдеби бөлім меңгерушісі