02 ақп, 2017 сағат 23:59

«Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Аманов өмірден озды

Желтоқсан көтерілісіне арналған «Қара бауыр қасқалдақ» әнінің авторы Ілесбек Аманов өмірден озды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Суық хабар! Жаңа ғана Шымкенттегі желтоқсаншы досым Исабеков Сәбит хабарласты! Желтоқсан көтерілісіне арналған "Қара бауыр қасқалдақ" әнінің авторы, сазгер Ілесбек Аманов ағамыз дүниеден өтті... Ілесбек ағамыздың иманы саламат болсын!», - деп жазды Фейсбуктегі парақшасында Ерлан Декелбаев есімді желі қолданушысы.

Желтоқсан оқиғасынан тұп-тура бiр жылдан кейiн дүниеге келген «Қара бауыр қасқалдақ» әнінiң тарихы туралы, әннiң авторы, белгiлi сазгер Ілесбек Аманов көзі тірісінде «Жас алаш» газетіне берген сұхбатында былай депті: «Әннiң мәтiнiн жазған белгiлi ақын - Есенғали Раушанов. Жұлдыз журналын қарап отырып осы өлең жолдары көзiме оттай басылды.

Қара бауыр қасқалдақ

Қайда ұштың пыр-пырлап?

Сазың қалды сәбидiң

Еңбегiндей былқылдап. ...

Ұя қалса иесiз,

Айдын үшiн сол қайғы.

Қаңғып келген шүрегей,

Көлге пана болмайды, - деп ойын астарлап жеткiзген өлеңде автор қасқалдақ деп - Қонаевты, ал Колбиндi қаңғып келген шүрегей деп отырған астарын бiрден түсiндiм.

Өлеңдi оқып отырып ән өзiнен-өзi шыға келдi. Бұл - 1987 жылдың 18 желтоқсаны болатын».